Дүниежүзілік банк Транскаспий халықаралық көлік бағытына арнаған баяндамасында Қазақстан, Әзербайжан, Грузия үшін осы мультимодальды теміржол-теңіз дәлізін маңызды да сенімді сауда бағытына айналдыруға жәрдемдесетін негіздемелер ұсынды. Банк болжамына қарағанда, үйлесімді іс-әрекет, тиімді инвестиция 2030 жылға қарай жүк тасымалы көлемін үш есе ұлғайтып, жол уақытын екі есе қысқартады.
Орта дәліз (ОД) ретінде танымал Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) біздің елімізді, Әзербайжанды, Грузияны Қытаймен және Еуропамен байланыстырады және Орталық Азия мен Кавказ нарықтарына шығарады. Кейінгі геосаяси жағдайлар аясында бұл дәліз 2022 жылы ерекше маңызға ие болды. Ең алдымен, сауда бағыттарын әртараптандырып, Ресей аумағы арқылы дәліздерге тәуелділікті азайтты. Дегенмен жүк жөнелтушілер бұл бағытты белсенді пайдаланып, үлкен көлемде жүк тасымалдай бастағанда, ТХКБ мүмкіндігінің шектеулі екені тез байқалды. Мысалы, Алтынкөл және Достық стансалары арқылы теміржол бағыты бойынша жүк ағынының мүмкіндіктері өз шыңына жетті. Оның жылдық өткізу қабілеті 28 млн тоннаны құраса, осы жылы тасымалдау көлемі 27 млн тоннаға жетеді деп күтіліп отыр. Соған қарамастан шекарадан өту, ауыстырып тиеу және үйлестіру мәселелері тасымалдаудың өте үлкен кідірістеріне әкеліп отыр. Мәселен, статистика 2022 жылы Орта дәліз бойынша контейнерлік тасымалдау көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 33%-ға өскенін, бірақ 2023 жылдың 8 айында ол 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37%-ға қысқарғанын көрсеткен.
Трансконтиненталды саудада ОД (орта дәліз) басымдығының төмен болуы шекараларды бірнеше рет кесіп өтуге, жүк көлігінің бір түрінен екіншісіне ауыстырып тиеуге және ұйымдастыру жұмыстарының тиімсіздігіне байланысты. ТХКБ қазірде үйлестіру мен басқарудың нашарлығы, Каспий және Қара теңіздердегі порттардың, сондай-ақ Каспий теңізі бойынша теңіз тасымалдарын пайдалану тиімділігінің төмендігі, өтпелі теміржол инфрақұрылымының болмауы, әртүрлі елдің теміржол көлігі операторлары өзара іс-қимыл жасайтын шекарадан өту пункттеріндегі кідірістер, ақпараттық технологиялар саласында тараптар қолданатын біркелкі, интеграцияланған заманауи шешімдердің жоқтығы секілді көптеген проблеманы еңсере алмай отыр.
Орта дәліздің маңыздылығы мен артықшылығы ‒ оның аймақішілік сауда дәлізі ретінде бере алатын пайдасында болса керек. Осы елдер мен Еуроодақ арасындағы еларалық сауданың 37%-ға және 28%-ға өсуін қоса алғанда, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Еуропа арасындағы сауданың кеңеюі ‒ сұраныстың негізгі факторы саналады. Алдағы 10 жылда дәліз көп жағдайда елдер анықтаған және келіскен инвестициялардың қомақты көлемін талап етеді (2022 жылғы қарашада жол картасына қол қойылған). Сонымен қатар қысқамерзімді перспективада жоғары сапалы үйлестіру, логистика және цифрлық технологияларды енгізу арқасында тиімділікті айтарлықтай арттыруға қол жеткізуге болады.
Орта дәліз ‒ тек транзит қана емес, сонымен қатар ТХКБ арқылы байланысқан Қазақстан, Грузия, Әзербайжан үшін сауда маршруттары мен қатынас мүмкіндіктерін әртараптандыруға арналған орын. Сондықтан сарапшылар 2030 жылға қарай бұл бағыт бойынша тасымалдау көлемін үш есеге арттыруға көмектесетін бес шартты ұсынып отыр. Біріншіден, оны экономикалық дәліз ретінде қарастыру зор маңызға ие. Контейнерлік тасымалдар кеңейген сайын дәлізде жаңа қызметтер, жергілікті кәсіпорындар үшін мүмкіндіктер пайда болады. Елдер осы үдерістерге дайын болуы үшін жергілікті және ұлттық деңгейде саясат қабылдануы заңды. Екіншіден, әртүрлі порт, теміржол мен әкімшілік тарапынан қызметтердің қазіргі бытыраңқылығын жою үшін бірыңғай тарифтерді, қызметтерді және қызмет көрсеткіштерін әзірлеуді қоса алғанда, бүкіл дәліз бойынша шоғырландырылған логистикалық шешімдерді қамтамасыз ететін бірыңғай ұйым құру қажет. Үшіншіден, рәсімдерді оңтайландыру және жеңілдету тұрғысынан реформалау қажеттілігі сезіледі. Төртіншіден, ашықтықты арттыратын және жүктерді жеткізу мерзімін қысқартатын цифрлық шешімдерді енгізу өзекті. Мысалы, нақты уақыт режімінде жүктерді бақылау мүмкіндігін қамтамасыз ету операциялық тиімділікті арттырады. Бесіншіден, инфрақұрылымды жетілдіруді жалғастырып, үш ел инфрақұрылымдық жобалар бойынша басымдықтарды белгілейтін келісімдер жасағаны жөн. Өйткені дәліздің бір бөлігі жұмыс істемесе, бүкіл дәліздің қозғалысы тоқтайды.
Дүниежүзілік банктің есептеуінше, стратегиялық шешімдерді жүзеге асыру жергілікті және аймақтық экономиканың дамуына әсер етіп, жұмыс орындарын құру, көмекші салаларға сұранысты ынталандыру және бизнесті тарту арқылы халықтың кең тобына пайда әкеледі.