«Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны», «Әлеуметтік жұмыс орындары» «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтар сабақтастығы» секілді бағдарламалар жұмысмен қамту жұмыстарына серпін беріп жатыр. Бұған қоса 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба да – жұмыссыздықты жоюға күш.
Осы бағытта Шахтинск шаһарында жыл басынан бері 59 мүмкіндігі шектеулі адам жұмысқа орналасқан. Олар үшін арнайы жұмыс орындары құрылса, жұмыс берушілер мемлекеттен субсидия алады. Шахтинск қалалық «Мансап» орталығының жетекшісі Рүстем Манапов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс орындарын құруға арналған шығындарды субсидиялауды енгізгенін және орталыққа жыл басынан бері 63 мүгедектігі бар адам жүгінгенін айтады.
«Олардың 59-ын жұмысқа орналастырдық. Жұмыс берушілерді мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыруға қызықтыру үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс орындарын құруға арналған шығындарды субсидиялауды енгізді. Яғни компания басшысы жұмыс кеңістігін ұйымдастырады, ал мемлекет 300 АЕК-ке дейінгі шығындарды өтейді. Бұған қоса осы жылдан бастап жұмыс берушілерге мүгедектігі бар адамдардың жалақысын субсидиялау басталды. Жұмыс істеген бірінші жылы мемлекет – 70%, екінші жылы – 65% және үшінші жылы жалақы мөлшерінің 60%-ын субсидиялайды», дейді.
Шахтинск қаласында өз кәсібін дөңгелетіп отырған «Айзере» әмбебап тігін кәсіпорны 2017 жылы ашылған. Сол кезде бес адаммен жұмыс бастапты. Тігін цехының бүгінде жұмысы жетіліп, бес жыл ішінде 20 шақты шеберді жұмыспен қамтып отыр.
Цех полиция қызметкерлеріне, дәрігерлерге және басқа да тапсырыс бойынша киім тігеді. «Мансап» орталығының ұсынысымен тағы төрт адамды жұмысқа қабылдаған. Біреуі – «Әлеуметтік жұмыс орнына», үшеуі «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналастырған. Жұмыскерлердің жалақысы мемлекет есебінен субсидияланады. «Бізде тұрақты өндіріс бар, тапсырыс жеткілікті. Мен тағы 10 адамды қабылдауға дайынмын», дейді цех басшысы Қ.Сауханова.
Светлана Рябцева – «Мансап» орталығына жүгінгендердің бірі. Екі айдан бері осы цехта жұмыс істейді.
«Жасым 52-де, тігіншімін. Құлағымның мүкісі бар. Бұрын біз Алматыда тұрдық, сол жерде менің кішкентай ательем болды. Бірнеше жыл бұрын отбасыммен Долинкаға көшіп келдік, бір жылдан аса уақыт жұмыс таба алмадым. Маған «Мансап» орталығына жүгінуге кеңес берді, сол жерден маған жұмыс табылды. Цехта маған бәрі ұнайды, ұжым өте жақсы», дейді С.Рябцева.
Цех басшысы Қ.Сауханова болса, Светлананың жұмысқа деген ынтасының жоғары екеніне риза.
«Светлананы жұмысқа алуды маған «Мансап» орталығы ұсынды. Ол бізде екінші ай жұмыс істейді, өзін жақсы маман ретінде көрсетті. Тігіншілік қабілеті зор», дейді Қ.Сауханова.
Цех иесі мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау үшін екі инфрақызыл бөліктен және Брайль шрифтіндегі ақпараттық көрсеткіштен тұратын арнайы жарық шамшырағын сатып алыпты. Бұл ерекше қызметкерлер үшін нұсқаулық ретінде қызмет етеді. Мемлекет жарық шамдарын сатып алу шығындарын өтеп берді. Бұл да болса кәсіпорын үшін үлкен қолдау.
Қарағанды облысы,
Шахтинск қаласы