Қызметтік этикаға жүрдім-бардым қарайтын, ел үлкендерінің сөзін тыңдауға құлқы жоқ мемлекеттік қызметшілердің бары өкінішті. Бұған дәлел ретінде көп жайтты мысал етуге болар. Бірақ Павлодар ауданы әкімдігі мен мектеп мұғалімінің арасында туындаған мына бір келеңсіз оқиға ауыл жұртшылығы арасында айрықша алаңдаушылық тудырып отыр.
Әлқисса, әуелі негізгі мәселені шолып өтсек. Осы жылдың маусым айында Павлодар ауданына қарасты Жертұмсық ауылында «Елім-ай» деп аталатын оқушылардың экологиялық жасағы мәдениет үйінің жанындағы шағын саябақта егілген тал-теректер мен гүлдерді суарып жүргенде Заря ауылдық округінің әкімі Рустам Қапанов келіп, клуб қызметкерлеріне соқтыққан. Заря орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Рысжан Дәулетбаеваның айтуынша, әкім ол жерде оқушылардың тұрғанын елең қылмастан клуб меңгерушісі мен маманға тұрпайы сөздер айтқан. Әрі онысын педагог естісін дегендей ащы айғаймен жеткізіпті. Лауазымды тұлғаның мұндай мәдениетсіздігіне, әрі оқушылардың көзінше боғауыз сөз айтқанына шыдамаған ұстаз аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, билер кеңесінің мүшесі Бақытбек Баткеевке шағымданады. Ол өз кезегінде аудандық этика жөніндегі кеңеске шағым түсіруге кеңес берген.
Мұғалімнің шағымынан соң аудан әкімінің орынбасары мен аппарат басшысы өз беттерімен қызметтік тексеріс жүргізген екен, алайда соңы созылып, сиырқұйымшақтанып кетеді.
Ал тамыз айының соңғы күндерінің бірінде аудан аппаратындағы мемлекеттік-құқықтық бөлімнің басшысы Руслан Нұрбеков бірнеше қызметкерді, ауылдағы учаскелік полицейді жанына алып, екі көлікпен ауылға жетіп келеді. Полиция көліктері сиреналарын қосып, небәрі 60 үйден тұратын шағын елді мекеннің ойран-топырын шығарып жібереді. Көшеде кездескен балаларды тоқтатып: «Ауыл әкімі мен клуб қызметкерлері арасында не жағдай болды, нендей куәлік айтасың?» деп тергейді. Өздерін комиссия деп атаған топ мүшелері Қылмыстық-процестік кодекстің 215-бабын қаперге де алмаса керек. Әлгі бапта: «Он төрт жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алуға қатысу үшін, ал сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қалауы бойынша он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбірленушіден жауап алуға қатысу үшін педагог және (немесе) психолог шақырылады. Кәмелетке толмаған куәдан немесе жәбірленушіден жауап алу кезінде оның заңды өкiлдерi қатысуға құқылы» деп жазылған. Яғни учаскелік полицей, мемлекеттік-құқықтық бөлімнің басшысы Руслан Нұрбеков, сондай-ақ сол уақытта аудандық персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы болған Гуля Ибраева балаларды ата-аналарының немесе олардың өзге де заңды өкілдерінің қатысуынсыз тергеген. Бұл оқиғадан әбден қорқып қалған балалар кейін саябақтағы өсімдіктерді суаруға келмей қояды. Бір қызығы, әлгілер шағым жазған мұғалімнен сұрауды мүлде естерінен шығарғандай. Р.Дәулетбаева қоғамдық кеңес төрағасына болған жайтты айтады да, кейін прокуратураға шағым түсіреді.
– Рысжан Дәулетбаева – 37 жылдық еңбек өтілі бар құрметті педагог. Жаз бойы 8 шақырым жердегі Заря ауылынан жаяу-жалпылап Жертұмсыққа келіп, оқушыларды терек пен қарағай талдарын суаруға жұмылдырды. Бұл – ауылымыздың болашағы, экологиясын жайлы ете түсуге жасалып отырған игі қадам. Сол кісінің ұйымдастыруымен «Елім-ай» жасағы 2 жылдан бері нәтижелі жұмыс істеп тұр. Оның үстіне ұстазға әлгі еңбегі үшін әкімдік те, мектеп те бір тиын еңбекақы төлеген жоқ. Өз ісінің нағыз энтузиасы. Екінші рет келіп шағымданғанда шыдай алмадым. Менің қызметтік бөлмем аудан әкімдігінің ғимаратында орналасқан. Ибраеваның кабинетіне бардым да: «Қарақтарым, бұларың жарамайды. Анау ауыл басшысы педагог пен балалардың көзінше дауыс көтерген, ал сендер оларды ата-аналарының қатысуынсыз тергеп-тексеріпсіңдер. Ертең шу шығып кетсе, кінәлі боласыңдар. Барып кешірім сұраңдар. Шеттеріңнен жас маман екенсіңдер, сендерге өсу керек, халықпен дұрыс жұмыс істеңдер», деп ағалық ақылымды айттым. Бұл жерде ең әуелі балаларды қорғап қалу мақсатым еді. Себебі оқиғаны одан әрі зерделейтін болсақ, буллинг әрекеттері орын алып отырғанын аңғарамыз. Бірақ ар-намыстарына тиетіндей ауыр сөз айтқан емеспін. Өзім де өмір бойы педагог болған жанмын, 3 мәрте аудандық мәслихаттың депутаты болдым. Өмірлік тәжірибем бір басыма жетіп артылады. Әлгі жерде ауылға комиссияны бастап барған Р.Нұрбеков те болды, – дейді Б.Баткеев ақсақал.
Бұл оқиғаның өршіп бара жатқанына алаңдаған аудан әкімі Николай Дычко ауыл әкімі мен Р.Нұрбековты шақырып алады да, мектеп мұғалімінен кешірім сұратқызған. Ал персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы өз еркімен қызметінен кеткен. Бірақ Г.Ибраева көп ұзамай полицияға арыз түсіріп, Б.Баткеев біздің ар-намысымызға тиетіндей сөздер айтты деп шағымданған. Сот алғашқыда бұл істі қарай келіп, ешбір заң бұзушылық таппады. Алайда Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты апелляциядан кейін қоғамдық кеңестің төрағасын кінәлі деп танып, бұзақылық жасағаны үшін оған 12 075 теңге көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарады.
Анықтағанымыздай, Р.Нұрбеков пен Р.Қапанов кезінде ішкі істер органдарында әріптес әрі дос болған. Б.Баткеевтің пікірінше, Р.Нұрбеков әкімді ақтап алғысы келіп отырған сыңай танытады. «Бұлардың ойы – балаларды қорқытып, ауыл әкімі ешбір сөкет қылық жасаған жоқ деп Қапановты сүттен ақ, судан таза етіп алып шығару. Балаларды тергейтіндей олар қылмыскер емес қой. Ата-аналары шағым түсірсе, әкімге де, бөлім басшылары мен учаскелік инспекторға қиын болатыны анық. Яғни аталған лауазымды тұлғалардың әрекеті ешбір шеңберге сыймайды. Ауыл адамдарын бұлай басынуға болмайды. Ақсақал басыммен мені сыйламай, сотқа берді. Ал сот татуласуды сұрағанда «артық кетсем кешірім етіңдер» деп үлкен басымды кішірейттім. Бірақ арыз иелері менің кешірімімді қабылдамады. Мемлекеттік қызметтегі білдей қызметкерлер «шыбық тимей жатып, шыңқ етерін» кім білген... Маған ол маңызды емес, ең бастысы, балалардың құқығы қорғалуы керек», дейді Б.Баткеев. Оның сөзінше, жергілікті ата-аналардың бірнешеуі өз балаларының заңсыз тергелгенін жақсы біледі.
Ал аудан әкімдігі бұл мәселені одан әрі зерттеп, зерделемеген. Оқиға сол себептен де көпшілік арасында түсініспеушілік тудырып отыр. Аудан басшысы Н.Дычконың үнсіздігі де аппараттағы қызметкерлердің жөнсіз әрекеттерін қолдағандай әсер қалдырады. Павлодар ауданы басшылығы мемлекеттік органдарда істейтіндердің білім-білігіне, мемлекеттік тілді білу деңгейіне жүрдім-бардым қарайтындай. Әйтпесе, Г.Ибраева қазақ тілінде бір ауыз сөз де білмейтін болып шықты. Оған сөйлесу барысында көз жеткіздік. Гуля ханым: «Мен мемлекеттік тілдегі сұрақтарыңызды түсінбеймін, орыс тілінде қойыңыз. Айтарым, мемлекеттік қызметте 15 жыл қызмет еттім. Алайда Б.Баткеев сияқты дөрекі адамды өмірімде бірінші рет кездестіріп отырмын. Бас-көз жоқ, кабинетіме кіріп, айғайға басты. «Өтірікшілер, өз мансаптарыңды ойлаңдар», деп бізді орынсыз сөкті. Біз сотта өз шағымымыздың негізді екенін дәлелдей алдық. Ол тиісті жазасын арқалады. Жуықта қалалық сотқа Б.Баткеевтен 500 мың теңге моральдық шығын өндіріп алу туралы талап арыз жаздым. Бірақ ойлана келе онымды қайтарып алдым. Маған мәселенің осы жерден тоқтағаны керек», деді ол.
Бір қызығы, бұл мәселеден облыс әкімі мен оның аппаратындағылар да хабардар. Алайда олар «Біз қызметтік тексеріс жүргіздік, ауыл әкімі де, Нұрбеков те кінәлі емес», деп міз бақпайды. Білдей педагогтің келтіріп отырған дәлелін назарға алғысы келмейді. Жертұмсықтағы балалардың мемлекеттік қызметшілер мен полицей тарапынан заңсыз тергеп-тексерілгені, ол түптеп келгенде бопсалау сипатындағы қылмыспен пара-пар екені ешкімді ойландырмайтындай.
Ұстаз Рысжан Дәулетбаева келеңсіз оқиғаға балаларды араластырып, заңсыз тергеген лауазымды тұлғалардың үстінен тиісті органдарға шағым түсіргенімен, қадағалаушы мекемелерден мардымды жауап ести алмапты. Сот отырысында Нұрбеков: «Педагогтен ешбір кешірім сұраған жоқпыз. Себебі ауылда ешқандай өрескел оқиға болған жоқ, ойдан шығарылған жағдай», деп тайқып шыққан. Олар өз қарамағындағы қызметкерлерді куә ретінде тартып отыр. Ауылдық клубтың меңгерушісі мен қатардағы маман, аудан әкімдігіндегі бөлім қызметкерлері жұмыс орнымыздан айырылып қаламыз деп қорықты ма екен, ондай келеңсіз жағдайды естіп, көргеніміз жоқ деп ант-су ішкен. Екі ортада мектеп мұғалімі жала жапқан жан ретінде шырылдап қалды.
Айтпақшы, жаздың соңында ауылдағы саябаққа күтпеген жерден бір топ ешкі кіріп кетіп, 45 түп терек талдарын тып-типыл етіп жеп кетіпті. Осылайша, балалардың ала жаздай еңбегі зая болып, қазіргі күні саябақтың да сиқы қашқан...
Павлодар облысы,
Павлодар ауданы