Петропавл мен қала маңындағы Пестрое көлінде Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қыс-2023» республикалық команда-штабтық жаттығулары өтті. Жаттығулар азаматтық қорғаныстың қыс айларында болуы мүмкін түрлі төтенше жағдайды жоюға дайындығын пысықтауға арналған.
Екі кезеңде жүргізілген жаттығуда алдымен мұздың үстінде көлігімен бара жатқан адамды құтқару жұмыстары қалай жүргізілетіні көрсетілді. Төтенше оқиға ауызша емес, Пестрое көлінің үстінде іс жүзінде жүзеге асырылды. Келесі кезеңде құтқарушыларға шартты түрде жолда соғысқан «ГАЗель» мен жеңіл көліктің апатында болуы мүмкін қиын жағдайды еңсеру жүктелді. Сыртқа шыға алмай қалған жеңіл көлік жүргізушісін құтқару оңай болған жоқ. Жағдай көліктің отқа орануымен күрделене түсті. Апат орнына жедел жеткен ТЖ құтқарушылары, өрт сөндірушілердің кезекші қарауылы өртті жылдам сөндірді. Қамалып қалған адам салонның артқы есігінен шығарылып, оған дәрігерлік көмек көрсетілді.
Сондай-ақ Пестрое көліне жақын орналасқан орманда жедел-құтқару жасағының мамандары жергілікті полиция қызметі және Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, жоғары өтімді ТРЭКОЛ техникасының 3-еуін пайдалана отырып, адасқан адамды іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Кинологтің жәрдемімен адасқан адам тез табылып, оған медициналық көмек көрсетілді. Жаттығу кезінде төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерді көл жағасындағы шатырлы лагерьге орналастыру бойынша іс-шаралар да пысықталды. Оларды тіркеуден және алғашқы медициналық көмек көрсетуден бастап, тамақтану мен түнеуді ұйымдастыруға дейінгі іс-шаралардың толық кешені қамтамасыз етілді. Осындай маңызды істе Қызыл Крестің облыстық филиалы мен сауда және тамақтану қызметінің қызметкерлері үлкен рөл атқарады. Жергілікті жерде коммуникацияларды ұйымдастыру үшін облыс әкімдігінің, «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлерінің көмегімен 3 телефон нөмірі ұйымдастырылып, байланыс пункті ашылды. Тәжірибелік іс-шаралар облыстың ауылдық аудандарында да өткізілді, бұл ретте автожолдардағы шартты ТЖ және коммуналдық және энергетикалық желілердегі апаттарды жоюға, зардап шеккендерге көмек көрсетуге баса назар аударылды. Құрылысы толық аяқталмаған 9 қабатты үйдің аумағында өрт кезінде тұрғындарды құтқару сценарийі де жүзеге асырылды.
Оқу-жаттығуларда бірнеше оқиға қамтылып, олардың бәріне құтқарушылар бірнеше күн дайындалды. ТЖД баспасөз қызметінің өкілі Евгений Журавлевтің мәлімдеуінше, мұндай жаттығулар еліміздің өзге де аймақтарында өткізілген. Бүгінгі таңда құтқарушылардың жалпы саны 34 мыңдай адам күшінен және 12 мың түрлі техникадан тұрады.
Солтүстік Қазақстан облысы