• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Баға 29 Қараша, 2023

Меморандум керемет, жағдай басқа...

205 рет
көрсетілді

Атырауда күнделікті тұтынатын азық-түлік те, толғауы тоқсан тіршілікке қа­жетті өзге бұйымдар да арзан емес. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-тү­лік­тің бағасы 2,2 пайызға өскені анық­та­лып отыр. Тіпті Үкіметтің ұдайы ба­қы­лауындағы бұл тауарларды дүкен сө­ресіне жеткізетін делдалдар үстеме баға­ны 15 пайыздан асырып жіберген.

Бұл мәселе облыс әкімі Серік Шәпкенов өткізген жиында арнайы қаралды. Мақсат – әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарла­ры­ның бағасын тұрақтандыру.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бас­қармасының басшысы Полымбет Хаса­новтың айтуынша, жыл басынан бері шаруа қожалықтарының жетекшілерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тұтынушыға тиімді бағамен әрі жеткілікті мөлшерде қам­та­масыз ету мақсатында 284 меморандумға қол қойылыпты. Бірақ тұрғындардың басым бө­лігі сатып алатын бұл азық-түліктің баға­сын өсіріп отырған тиімсіз делдалдар бар. Мау­сымаралық кезеңде импорттық тауар­лар­дың бағасының көтерілуінен 8 азық-түліктің қымбаттағаны байқалады. Азық-түлік бағасына 15 пайыздан үстеме қосып, дүкенге дейін тасымалдаған 19 кәсіпкерлік субъектісіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылған.

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Данияр Тахановтың айтуына қарағанда, тұрақтандыру қорын толықтыру үшін 2020-2022 жылдары 3,1 млрд теңге бөлінген. Ал әлеуметтік ма­ңызы бар азық-түлік тауарларының баға­сы­н тұрақтандыру үшін жергілікті сауда нүктелерімен 10 келісімшарт жасалған.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 18 түрін сатуға екі сауда желісімен үш келісімшарт жасалды. Келісімшарттың сомасы – 968 млн теңге. Азық-түліктің сату бағасы нарықтық құнынан 10 пайызға төмен. Мұндай азық-түліктер 38 сауда нүктесінде сатылады. Мәсе­лен, Атырау қаласында – 32, Жылыой мен Қызылқоға ауданында – 2, Мақат пен Индер ауданында 1 сауда нүктесі бар. Тауарлардың бағасына апта сайын тексеру жүргіземіз», дейді Д.Таханов.

Алайда облыс әкімі аппаратының испектор­ла­ры жүргізген талдау нәтижесіне сүйен­сек, тұрғын үйлер жанындағы дүкендерде әлеу­меттік маңызы бар азық-түліктің бағасы қым­бат екені анықталған. Демек облыс әкімі С.Шәпкеновтің пікірінше, сала басшылары әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тұрақтандыра алмай отыр. Азық-түлік тауарларына баға белгілеу тізбегіне қатысты делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комис­сияның жұмысы тиісті деңгейде ұйым­дастырылмаған.

«Біздің басты міндетіміз – азық-түлік ба­ға­сын тұрақтандыру. Мемлекет басшысы 2023 жылдың соңында инфляция деңгейін 10%-дан аспайтын дәлізде ұстап тұру туралы тапсырма берді. Бағаны өсірмеу туралы жасалған меморандумдарда бәрі керемет. Ал оның талабы қаншалықты орындалып отыр? Осы кезге дейін жасалған әр меморандумның орындалысын тексерген жөн. Үстеме бағаны 15 пайыздан артық қосатын делдалдарды жауапкершілікке тарту керек. Атырау қаласындағы, аудандардағы негізгі сауда нүктелерінде баға бірдей болуға тиіс. Ірі супермаркеттерде азық-түлік төмен бағамен сатылып жатыр. Бірақ тұрғындар арзан азық-түлікті іздеп жүрмейді ғой. Үй маңындағы дүкендерден сатып алады. Мұнда тауар бағасына екі есе қосылып отыр», деді С.Шәпкенов.

 

Атырау облысы