• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 30 Қараша, 2023

Баянның шынайы әлемі

223 рет
көрсетілді

Екібастұздық мүсінші, мұғалім, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі Баян Қайнышева Г.Потанин атындағы өңірлік тарихи өлкетану музейінде тұңғыш рет жеке көрмесін өткізді. «Өнеріммен ұштасқан өмірім» атты көрмеге шебердің 60-тан аса туындысы қойылды.

Баян Құрманқызы – он саусағынан өнер тамған шебер. Ол тек мүсіндеу ғана емес, тоқыма, тігіншілік, киіз басу, сәндік қолданбалы өнер түр­леріне ден қойған. Екібастұздағы Абай мен Мұхтардың, Естай мен Сұлтанмахмұт ақындардың, Баян­ауылда Жүсіп­бектің, Ерейментауда Үмбетей жы­раудың мүсіндерін жасаған. Бесаспап жанның алғашқы туындысы – әкесінің шағын мүсіні.

– Туындыларымның ішінде ең ұнай­тыны – анамның мүсіні. Анам мен ұлымның мү­сінін бірге жа­сап едім, Аста­на­дағы көрмеге қатысқанда ке­лу­ші­лердің бірі аттай қалап алып кетті. Ал бүгінгі көрмеге әйгілі жер­лестеріміз Мәшһүр Жү­сіптің, Қаныш Сәтбаев пен Естайдың мү­­сіндерін, түр­лі жанрдағы кес­кіндер мен сәндік қол­данбалы өнер туын­дыларын, жүннен, киізден басылған композицияларды әкеліп отырмын. Бюст-ескерткіштерді негізінен гипстен, күй­­дірілген саздан жасай­­мын. Бай­қа­ған­дары­ңыз­дай, көбіне қазақ қария­ларының, ұлттық дәстүрімізге, бол­мысымызға сай кескін-келбеттерді сомдауға тырысамын, – дейді шебер.

Бір қызығы, Баян Құрман­қы­зының өнер саласы бойынша арнайы мамандығы жоқ. Кезінде тек тігін­шілік кәсіпті меңгеріпті. Кейін педагогикалық училище мен жер­гілікті университетте білім алған. Бү­гінде кеншілер қаласындағы №22 гимназия мектебінде көр­кем еңбек­тен шәкірт тәр­бие­леп жүргенін жет­кізді.

Қазақстан Су­ретшілер ода­ғы өңірлік фи­лиалының төрағасы Өсер­­бай Шұранов атап өткендей, Баян Құрманқызының туындылары шынайы өмірді бейнелейді. Адамның бет-пішінін, мінезін жоғары деңгейде беру, сыртқы хариз­масын сақтап қалу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін шеберлік. Жүзден аса туындының авторы соңғы уақытта киіз басу, жүннен бұйымдар жасауға әбден машықтанып алғанын байқатып отыр. Ал тұ­тастай алғанда, шебердің туындыларынан адал махаб­баттың, сыйластық пен сүйіспеншіліктің лебі еседі.

 

ПАВЛОДАР