Футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының элиталық кезеңі басталды. Алматының «Қайраты» тұсаукесер кездесуін Косовоның «Приштина» клубына қарсы өткізді.
Приштинадағы ойында алғашқы голды алаң иелері соқты. 4-минутта қақпаның дәл түбінде Игита, Алекс Виана және Альберт Акбаликов бір-біріне пас береміз деп ақыры өрескел қателік жіберді. Оның ақыры автоголмен аяқталды. Одан кейін «Қайрат» ойын тізгінін толығымен қолға алып, үзіліске дейін қатарынан жеті мәрте нысананы дәл көздеді. Бұл голдардың авторлары – Педро Сантос (7, 17-минуттар), Алиссон (7-минут), Диего Фаверо (8, 17-минуттар), Родриго Денер (12-минут) және Эдсон (17-минут). Екінші тайм басталған бетте де косоволықтар мергендік танытты. Десек те, матчтың соңына дейін Родиго Денер (27-минут), Дуглас (29-минут), Алекс Виана (29-минут) және Кайо Руиз (30-минут) мергендік көрсетті.
Осылайша, тұсаукесер кездесуде «Қайрат» «Приштинаны» 11:2 есебімен ойсырата ұтты. Кеше алматылықтар Португалияның «Бенфикасымен» күш сынасты.