• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Байқау 30 Қараша, 2023

Балдырғандар – сахнада

195 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында «Бала тілі – бал» атты фестиваль өтті. Екі турдан тұратын сайысқа аудан­ның әр ауылынан 33 балдырған қатысып, мақал, жаңылт­паш айтудан жарысып, өнерлерін ортаға салды.

Аудандық мәдениет бөлімінің бас маманы Хамидолла Ис­ламқұловтың жобасы ретінде жыл сайын өтетін бұл іс-шара биыл аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің қолдауымен ерекше сипат тапты. Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінің би залында ойын түрінде, викториналық сұрақтармен өрілген сайысты аудандық кі­тап­хана қызметкерлері ұйым­­дастырды. Балалар-жас­өс­пі­рімдер спорт мектебінің ди­рек­торы Манарбек Бектияров фес­тивальға қатысқан өнерлі бал­­дырғандарға демеушілік көр­сетіп, тәттілер мен сыйлықтар алып берді. Ауданның жеке кәсіпкерлері Сәния Нәмиева, Еділ Тұрмағамбетов, Ақмарал Исанова, Зухра Хайруллина, Әлібек Исламбековтер де барынша қолдау көрсетті.

– Байқаудың бірінші бөлімі онлайн түрінде өтті. «Мақал – сөздің мәйегі» атты сайысқа балалар төрт мақал мен жаңылтпашты айтып, бейнетүсірілім жолдады. Ал екінші бөлімде аудандағы әр балабақша мен бөбекжай тәрбиеленушілері ән айтып, би билеп, өнерін көр­сетті. Біз балдырғандарды кіш­кен­тайынан шығар­машылыққа баулып, сахнаға алып шығуды мақ­сат еттік, – дейді аудандық мә­дениет, тілдерді дамыту, дене шы­нық­тыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтімов.

Шынында да, бұл фестиваль аудан көлемінде ерекше оқиға болды. Өнерлі өрендер де, олардың ата-аналары да тақымын қысып, сахна сиқырының «дә­мін татты». Фестивальға қа­тыс­қан балдырғандар алғысхат­пен, естелік сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, бүгінде Шың­ғырлау ауданында 8 балабақша жұмыс істейді. Ол жерде 800-ге тарта бала тәлім-тәрбие алып жатыр.

 

Батыс Қазақстан облысы