Бозала таңнан Бозанбайға ағылған елде есеп жоқ. Жүйрік ат десе делебесі қозып тұратын қазақ елі қыран ұшып, тазы жүгірген күні жатсын ба? Бекзат өнерді насихаттауға бағытталған дәстүрлі фестивальда биыл Ресей, Моңғолия, Қытай, Қырғызстанның қыран баптаған құсбегілері де бақ сынасты. Осылайша, Ұлан ауданында үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бүркітшілер байқауы халықаралық деңгейдегі іс-шараға ұласты.
Бозанбайдың кіреберісіндегі Бүркіттөбенің бөктеріне қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілді. Аңқылдаған қазақтар түлкі тымақ, қасқыр ішік, саптама етік киіп, саңқылдаған құстарын көтеріп, алшаң басып келе жатты. Күн райының боран-шашынына, аңызақ желіне қарап тұрған жұрт жоқ, еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін сайысқа түскен бүркітшілерге қолдау көрсетіп, қиқу қосып жүрді. Еңбектеген бала демекші, бүркіт көтерген бес жасар баланы көріп, тіл-көзіміз тасқа дедік. Кәдімгідей жеті-сегіз келі тартатын қыран құсты қолына қондырып, ел ішінде жүр. Ат арытып жеткен туристер асықтай ұлмен суретке түсіп мәз.
– Ұлым Әбдірашидті бүркітші болуға баулып жүрмін. Қыр-сырын үйренсін. Бес жаста болса да саятшылыққа қызығады. Жалпы, құсбегілік дәстүр ұлға атадан мирас болып қала берген ғой. Сондықтан баламды ұлттық өнердің исі шыққан іс-шараларға алып барып жүремін, – дейді кішкентай бүркітшінің әкесі Мамырхан Манайұлы.
Биылғы шараның ерекшелігі, «Шығыс салбурын-2023» фестивалінде құсбегілер ғана бақ сынаспады. Сонымен қатар тазы жүгірткен саятшылар, асау құрықтаған атбегілер, құралайды көзге атқан садақшылар да бабы мен бағын байқап көрген. Бір күн бұрын іріктеуден өткен қыран құстың нағыз сынға түсер сәті басталмас бұрын облыс әкімі Ермек Көшербаев пен іс-шараны ұйымдастырушылар жарыс жолына шыққандарға сәттілік тіледі.
– Бұл – көне заманнан келе жатқан қазақтың өнері, дәстүрі. Ата-бабамыз құс салып, тазы жүгіртіп, аңға шыққан. Сол замандағы дәстүрді ұмытпауымыз керек. Алыс-жақын аймақтардан, шетелдерден бүркітшілер келіп жатыр. Бәріне сәттілік тілеймін! Осындай үлкен іс-шараға қолдау білдіріп, ұлт руханиятын түгендеп жүрген Мұхтар Тойбазаровқа алғыс айтамын, – деді облыс басшысы Ермек Беделбайұлы.
Иә, рухани мәні бар шараның халықаралық деңгейге көтерілуіне үлкен үлес қосқандардың басында белгілі кәсіпкер Мұхтар Тойбазаровтың тұрғаны даусыз. Ал Бозанбайдың төңірегінде бүркітшілер байқауын дәстүрлі түрде өткізіп тұру идеясы әуелде Нұрхат Тоқтарханов пен Нұртай Тілеужан ұсынған. Ұсынып қана қоймай білек сыбана кіріскен. Бозанбайға тоқталған себебі, бұл ауылдың құс ұшыруға географиялық жағы қолайлы. Оның үстіне, облыс орталығынан қашық емес. Екіншіден, мұнда этнотуризмді дамыту жобасы қолға алынған. Ауылға Моңғолиядан қоныс аударған құсбегі Маркс Нажитбанның отбасы ұмыт бола бастаған ата дәстүрді жаңғыртып отыр. Ең бастысы, Бозанбай ауылында Өзбек Манапов деген бүркітші әккі бүркітші болған. Ол туралы сонау Жапониядан келіп, деректі фильм де түсірілген екен. Қалай алсақ та, Бозанбай ауылы бүркітпен байланысты. 2021 жылы тұңғыш өткен «Шығыс салбурын» фестиваліне Ұлан мен Үржар аудандарының құсбегілері ғана қатысса, биыл алыс-жақын шетелдерден келді. Бар-жоғы үш жыл ішінде халықаралық деңгейге жетті.
Бөктерге домалана қалған ақшаңқан киіз үйлердің ішінде ақ дастарқан жайылып, ұлттық тағамдар ұсынылды, әр ауданның шеберлері қолөнер бұйымдарынан көрме жасады. Далада жарыс қызығында жүрген жұрт ара-тұра киіз үйлерге кіріп, ыстық шай, тәтті бауырсақтан дәм татып, бойын жылытты. Ал құстарды қоянға салған сәтте елдің бәрі жел мен қарды елемеді де. Сонау иықтан жіберген қыран қалықтап келіп, қашқан қоянды ілгенде мұқым халық қол соғады, қиқу қосады, бүркітшіге мақтау айтады. Шабуыл сәтсіз аяқталса және шуласады. Қаршыға, ителгі құстарының аңға түскені тіпті қызық. Ұшқан оқтай көктегі көгершінге атылғанда бұрқ еткен мамығын ғана көресің. Секунд. Бүркітке қарағанда қаршыға, ителгі көздеген аңын мүлт етпей қағып түсіреді. Ал бүркіт ірі аңдарға түсетінімен ерекше.
– Қолымдағы бүркіт елік алған. Өзім ауылдан қалаға келген соң құсбегілікке қызығып, бүркіт ұстап жүрмін. Жарысқа жүлдеден гөрі ата-баба дәстүрін насихаттау үшін қатысамын, – дейді Алматы облысынан келген бүркітші Аружан Амангелдіқызы.
Сонымен екі күнге созылған «Шығыс Салбұрыны-2023» халықаралық турнирінің қорытындысына қарасақ, бүркіт құсы бойынша бірінші орынды Алматы облысынан келген Алмас Сейітжан қанжығасына басты. Екінші және үшінші орынның жүлдесін Жамбыл облысынан келген құсбегілер әкетті. Ал жүлделі төртінші орынды Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының құсбегісі еншіледі. Құрыш құйған қалада қыран өсіріп отырған Жұмағұл Ерсұлтанның ұлт руханиятына үлес қосып отырғаны көпшілікті тәнті етті. Қаршыға ұшырғандардың ішінде бірінші, екінші орынды Шығыстың құсбегілері Ғалым Самғат пен Ермұхан Бәйетбай алды. Ал жүлделі үшінші орын Алматыдан келген Аян Сейітжанға бұйырды. Ителгі ұшырудың жүлдесін де қазақстандық құсбегілер тақымға басып қалды.
Бұдан соң қалың турист тазы жүгірткен саятшылар мен асауды ауыздықтаған атбегілердің өнерін тамашалады. Құрық түспеген шу асауды құлақтан басып, тақымға қысқан жігіттердің жауынгерлік рухын сезінді, білемін. Жер тарпып тұрған тарпаңдардың белі қайқаң етіп, лақтырып келіп жіберсе де ұшып тұрып, жалға жармасқан жігіттерге қарап, бас шайқасты. Ауылда асауға ауыздық салып жүрген қазақтың қайсар жігіттері, әсіресе асфальтта өскен туристерге ерекше әсер етті.
– Кинодан көріп жүрген ковбойлар бұл жігіттердің қасында түк емес екен ғой. Шын таңғалдым. Мұндай эмоция аламын деп ойлаған жоқпын. Қыран құс көтеріп көрдік, атқа міндік, садақ аттық. Асау үйретіп, тазы жүгірткендерді көрдік. Қазақ ұлтының баба дәстүрін сақтап келе жатқанына көзіміз жетті. Нағыз рухты, нағыз мықты халық, – дейді саяхатшы Олег Мартынов.
Садақ атудан жарысты «Өскемен садақ ату» орталығының жетекшісі Ажар Рахметқызы ұйымдастырып, туристік агенттіктер демеуші болды. Шығыстың садақ ату спортына қолдау көрсету үшін Алматы облысының «Mergender ordasy» дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті, халықаралық дәрежедегі төреші Мұхтархан Абаған, Алматы қалалық «Deshti Qipshaq» дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Жүкейхан Дүйіскенұлы арнайы келді. Жалпы, жүзден аса адам адырна тартып көріп, оның сексен мергені сайысқа қатысты.
Екі күнге созылған іс-шара соңында Қазақстанның «Құсбегілік» федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекқызы облыс басшылығына, турнирді ұйымдастырушыларға үлкен алғысын білдірді. Дәстүрге айналған турнир алдағы жылы бұдан да жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы,
Бозанбай ауылы