М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Нобель сыйлығының лауреаты, БҰҰ Бас хатшысының климаттың өзгеруі жөніндегі кеңесшісі Рае Квонг Чунгпен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, «Қазфосфат» ЖШС-ның қызметкерлері, факультет декандары, ғылыми қызметкерлер және журналистер қатысты.
Белгілі ғалыммен кездесуде университет ректоры Мұхтар Байжұманов Рае Квон Чунгтің ғылымда жеткен жетістігі мен оның ғылыми бағыты туралы жан-жақты ой қозғады.
Басқосу барысында сөз алған әйгілі ғалым жаһандық климаттың өзгеруі, аймақтағы су және экологиялық проблемалар жөніндегі пікірін ортаға салды. Ғалым келтірген дерекке сенсек, соңғы уақыттағы климаттық өзгеріс адамзат үшін зор қауіп төндіреді. Соңғы 4-5 жылда ғаламдық температура 1,5 есеге жоғарылаған. 2050 жылға қарай температура 3 есеге дейін артуы мүмкін көрінеді. Оның пайымынша, климаттық өзгерістің зардабы болашақ ұрпақ үшін ауыр соғуы ықтимал. Профессор осы бір өзекті мәселемен күресу үшін оның шығу себебін, түп тамырының қайда жатқанын білу керек екенін тілге тиек етті.
– Мен климаттық өзгеріс туралы 1991 жылдан бері зерттеп келемін. Осы уақытқа дейінгі сараптамаларға сүйене отырып, проблеманың көзі еркін нарықтық экономиканың салдары деген қорытындыға келдім. Яғни өнеркәсіптен бөлінетін көмірқышқыл газы климаттың өзгеруіне әсер етеді. Қаншама жылдар бойы көмірқышқыл газының мөлшерін азайту керек деп айтқанымызбен ешбір шара қолданылмай тұр, – деген ғалым ендігі шешім адамзаттың өз қолында екенін сөз етті.
Ғалым келтірген дерекке сенсек, жасыл экономиканы өрістетуге кез келген адам қабілетті.
– Жасыл экономиканы қолдайтын компания қосымша шығын шығаруға дайын болуы керек. Сондай-ақ тұтынушы да бұрынғыдай арзан өнім емес, сәл қымбат өнім алуға дайын болғаны жөн. Себебі қоршаған ортаға еш зиян келтірмей, көмірқышқыл газының мөлшерін барынша аз етіп өнім шығару қосымша технологияны, қаражатты қажет етеді. Нәтижесінде, өнім де қымбаттау болады. Ал бүгінгі таңда нарық сапаға емес санға, яғни қоршаған ортаның қауіпсіздігін ойламай жұмыс істеп жатыр.
Бір сөзбен айтқанда, барынша көп, арзан өнім алуға тырысады. Оның салдары ластанған ауа, экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеп соқтырып жатыр. Жасыл экономика жағдайында нарықта екі түрлі баға жүреді. Қоршаған орта қауіпсіздігін қолдайтын тұтынушы сәл қымбат өнімді, табиғатқа зиян тигізбей жасалған тауарды таңдайды. Яғни таңдау адамдардың өз еркінде, – дейді ол.
Іс-шара барысында толғамға толы ойын ортаға салған ғалым «Мен бірінші боламын» деп аталатын бастамасын жиналған көпшіліктің назарына ұсынды. Экологияға еш зиян тигізбей өнім шығарып, өзге компанияларға, өндіріс орындарына үлгі болудың маңызын айтты.
Жиында Рае Квон Чунг Жамбыл өңіріндегі қоқыс, қоршаған ортаның ластануы проблемаларына да тоқталып өтті. Халық саны аз бола тұра қоршаған орта ластануының көрсеткіші жоғары болғанына таңданысын білдірді. Бұл қоқысты қайта өндіретін зауыттардың болмауынан және қоқыс үшін қосымша ақы төленбеуінен деп түсіндірді.
Оның айтуынша, Оңтүстік Кореяда өнеркәсіп орындарынан ешқандай қоқыс қалмайды екен. Яғни Оңтүстік Корея елінде өндірістік қалдықтар толықтай қайта өңделеді. Өндіріс орындарынан қалдық қалған жағдайда өнеркәсіп иелері үлкен көлемде айыппұл арқалайды. Тұрмыстық қалдықтарды 2024 жылы толықтай қайта өңдеуді көздеп отыр. Ол елде энергияның 20 пайызы қоқыстан алынады.
Профессор жасыл экономиканы қолдау елдің өркендеу жолының кепілі екеніне бек сенімді. Бұл қадам өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылып, экономикаға жаңаша серпін беретінін жеткізді. «Мен бірінші боламын» мәртебесі өнеркәсіп иелері үшін жақсы мүмкіндік екенін тілге тиек етті. Яғни «қоршаған ортаға зиян тигізбей жасалған» деген кішкене ғана белгі халықтың қолдауына ие болары сөзсіз деп сендірді ғалым.
Іс-шара барысында М.Х.Дулати университетінің ректоры Мұхтар Қазбекұлы профессор Рае Квон Чунгқа пайдалы деректермен бөліскені үшін алғыс білдірді. Жиналған көпшілікке алдағы уақытта Кореяның технологиялық университетімен IT мамандарын даярлау бойынша келісімшарт жасау жөнінде уағдаласқанын айтты.
Кездесу соңында университеттің ғалымдары қонаққа көкейкесті сауалдарын қойды. Кореядағы өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, жасыл экономиканы жүзеге асыру бойынша қойылған сұрақтарға Рае Квон Чунг кеңінен көсіліп жауап берді.
Тараз