Италияның Коллальбо қаласында конькиден өткен Әлем кубогінің екінші кезеңдік сайысында еліміздің жастар құрамасы табысты өнер көрсетті.
1 000 метрлік сайыста Инесса Шумекова шашасына шаң жұқтырмады. Оның уақыты – 1:22.34 секунд. Күміс медальды Арина Ильяшенко (1:22.61) иеленсе, польшалық Магдалена Смедзик (1:23.20) қолаға қол созды. Ал шорт-трек шеберлері Нидерландтың Леуварденінде бас қосты. Бұл жарыста да жерлестеріміз жанкүйерлерін қуантты. Құрамында Алина Әжіғалиева, Зейнеп Құмархан, Анастасия Астраханцева, Гүлдана Жалмұхан және Полина Омельчук сынды спортшылары бар қыздар командасы 3 000 метрлік эстафетада мәре сызығын үшінші болып қиып өтті. Әлем кубогін Оңтүстік Корея олжаласа, Қызғалдақтар елінің өкілдері күміс медальды еншіледі.