Футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының элиталық кезеңінің тұсаукесер кездесуінде Косовоның «Приштинасын» 11:2 есебімен тас-талқанын шығарған «Қайрат» келесі кездесуін «Бенфикаға» қарсы өткізді.
«Бенфиканың» азулы қарсылас екені даусыз. Олар Португалия чемпионаты, ел кубогі және ел суперкубогінің әрқайсысының бас жүлдесін 8 реттен олжалады. 2010 жылы УЕФА Чемпиондар лигасында топ жарды. Кезінде алты рет төрткүл дүниенің теңдессіз ойыншысы деп танылған Рикардиньоның дәл осы лиссабондық клубтың сапында жасындай жарқылдағанын жанкүйерлер жақсы біледі. Десек те «Қайрат» та осал емес. Жерлестеріміз 2013 және 2015 жылдары Чемпиондар лигасын екі рет ұтып, сол кездері Құрлықаралық кубокті иеледі. Одан басқа да толып жатқан атақтарымыз тағы бар.
Приштинадағы бәсеке «Бенфиканың» басымдығымен өтті. 4 және 5-минуттарда көзді ашып-жұмғанша Афонсу Жесуз пен Диего Нуньес қатарынан екі гол соқса, 8-минутта Дәурен Тұрсағұлов есеп айырмашылығын қысқартты. Сол кезде кеудемізде үміт оты жылт етті. Бірақ 11-минутта Лусиу Роша мергендік танытты. Осы орайда екінші және үшінші голдың Игитаның өрескел қателігі салдарынан қақпамызға енгенін айта кетуіміз керек. Бес рет әлемнің ең үздік голкипері болып танылған ол алғашында өз айып алаңында қарсы жақтың ойыншысын алдап өтемін деп опық жеді. Екінші рет қақпадан тым ұзап кетті. Бұл мүмкіндікті «Бенфиканың» серкелері қалт жібермеді. Кездесудің аяқталуына төрт минут қалғанда Денер нысананы дәл көздеді. Одан әріге алматылықтардың шамасы жетпеді. Есеп – 2:3.
«Бенфикаға» қарсы ойындағы сәтсіздіктен кейін-ақ «Қайраттың» «Төрттік финалынан» шет қалғаны белгілі болды. Себебі әр топта бірінші орын алған команда ғана келесі жылдың көктемінде шымылдығы түрілетін маусымның басты додасында күш сынасу құрметіне ие болады. Ал Марлон Веласко баптаған ұжымға ондай бақ бұйырмады. Қазақстанның футзалшылары өнер көрсеткен G тобында португалиялық клуб озды.