Жапонияның бас шаһары Токиода дзюдодан Grand Slam турнирі өтіп жатыр. Жыл сайын желтоқсан айында жалауы желбірейтін дәстүрлі жарыста Қазақстанның санаулы ғана балуандары жеңіс тұғырына көтерілген. Атап айтсақ, 2010 мен 2012 жылы Максим Раков, 2012 жылы Ислам Бозбаев, 2014 жылы Руслан Ыбыраев және 2022 жылы Ғалымжан Қырықбайдың қанжығасы майланды. Оның барлығына да қола медаль бұйырды. Ал осы күнге дейін финалға бірде-бір жерлесіміз шыға алған жоқ.
Бұл жолы Күншығыс еліндегі жарыста Қазақстанның 20 спортшысы бақ сынады. Алғашқы күні алты салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынды. Өкінішке қарай, бірде-бір балуанымыз жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Ерлер арасында 73 кг салмақта белдескен Данияр Шамшаев тұсаукесер кездесуінде польшалық Адам Стодольскиге сан соқтырғанымен, келесі кезеңде әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы, италиялық Мануэль Ломбардодан айласын асыра алмады. Асқар Нарқұлов жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, грузиялық Георгий Терашвилиге есе жіберді. 81 кг салмақтағы Абылайхан Жұбаназар мен Руслан Мұсаевтың да жолы болмады. Абылайхан қырғызстандық Асад Масабировтан ұтылса, Руслан Панамерика ойындарының жеңімпазы, канадалық Франсуа Готье-Драподан жеңілді. 90 кг салмақта күрескен Айдар Арапов пен Ермахан Әнуарбеков жарыс басталған бетте көрермендер қатарына қосылды. Олар швециялық Маркус Ниман мен марокколық Ашраф Моутидің осал тұсын таба алмады.
Әйелдер бәсекесінде 77 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Олимпия ойындары, әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегері, ресейлік Мәдина Таймазова біздің Екатерина Токареваны оңбай сүріндірді. Аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Назгүл Маратова франциялық Корали Хаймеге жарытып қарсылық көрсете алған жоқ. Ал Кәмила Берліқаш венесуэлалық Урданета Амаратадан айласын асырғанымен, келесі кезеңде әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы, франциялық Леа Фонтеннен жеңілді. Жұбаныш белдесуде ол жапониялық Кодама Хикаруге жол берді.
Алдағы күндері Нұрқанат Серікбаев пен Елдос Сметов (60 кг), Нұрзат Сәлімбаев пен Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Нұрлыхан Шархан мен Бекарыс Сәдуақас (100 кг), Ғалымжан Қырықбай пен Ерасыл Қажыбаев (+100 кг), Ғалия Тыңбаева мен Әбиба Әбужақынова (48 кг) және Есмигүл Куюлова (70 кг) сынды балуандарымыз татамиге шығады.
Естеріңізге сала кетейік, Токиодағы Grand Slam турнирінде 84 мемлекеттен келген 506 дзюдошы күш сынасып жатыр. Бұл жарыстың жүлде қоры 154 мың долларды құрайды. Тарқатып айтсақ, бас жүлдені олжалағандар 4 мың (+1 000 бапкеріне), күміс алғандар 2 400 (+600 бапкеріне) және қола медальді иеленгендер 1 200 (+300 бапкеріне) долларды қалтаға басады.