Индонезияда футболдан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі (U-17) өз мәресіне жетті. 23 күнге созылған жарыста жер-жаһанның әр қиырынан жиналған 24 команда бақ сынады.
Дүбірлі доп додасы Германия құрамасының жарқын жеңісімен аяқталды. Топтық турнирде Мексика (3:1), Венесуэла (3:0) және Жаңа Зеландияны (3:1) ұтқан олар 1/8 финалда АҚШ-ты (3:2), ¼ финалда Испанияны (1:0) және жартылай финалда Аргентинаны (3:3, пенальтиден 4:2) жеңді. Шешуші тұста Франциямен 2:2 есебімен тең ойнады. Бұл матчта алғашқы екі допты немістер соққан еді. Сол голдардың авторлары – Парис Бруннер мен Ноа Дарвих. 53-минутта Саймон Буабр есеп айырмашылығын қысқартты. 69-минутта Виннерс Осаве қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Бұл мүмкіндікті француздар қалт жібермей, арада біраз уақыт өткеннен кейін Матис Амугу таразы басын теңестірді – 2:2. Ал пенальти соғу барысында Штеффен Фройнд баптаған команданың бағы жанды – 4:3. Сөйтіп, Германияның жас өрендері өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының бас жүлдесін олжалады.
Үшінші орын үшін тартыс Аргентина мен Мали құрамалары арасында өрбіді. Пабло Аймардың шәкірттері осы кездесудің фавориттері саналғанымен, қара құрлықтың өкілдері оларға дес бермеді. Малиліктер бәсекенің басынан тізгінді қолға алып, Ибраим Диарра мен Мамаду Думбия бірінші таймда нысананы дәл көздесе, үзілістен кейін Амиду Макалу кездесудің соңғы нүктесін қойды – 0:3. Сөйтіп, Мали футболшылары қола медальді мойнында жарқыратты.
Осы жарыста Өзбекстан құрамасы да сәтті өнер көрсеткенін айта кетуге тиіспіз. Топтық турнирден іркілмей өткен «ала тақиялылар» 1/8 финалда азулы Англиядан 2:1 есебімен айласын асырды. Ширек финалда олар Франциядан бір ғана доп айырмашылығымен ұтылды – 0:1. Десек те жер-жаһанның жалынды жастары жиналған жарыста үздік сегіз команданың қатарынан көріну өзбектер үшін зор мәртебе екені анық.