Дубайда климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылға арналған кезекті саммит басталды. Екі аптаға жуық уақытқа созылатын іргелі жиында көптеген мәселе талқыланбақ. Биыл шартараптың түкпір-түкпірінен келген ел басшылары 28-мәрте бас қосып отыр.
Іс-шара 30 қараша күні басталды. Оның түпкі мақсаты – жаһандық жылынуды бәсеңдету һәм тоқтату мәселелерін талқылау. Саммиттің COP, яғни «Conference of the Parties» деп аталуы 1992 жылы БҰҰ аясында қабылданған Климат келісіміне байланысты.
COP28 жиыны жаһандық температураның жылынуын 1,5 градустан асырмауды көздейді. Естеріңізде болса, 2015 жылы Парижде 200-ге жуық мемлекет осындай уағдаластық жасасқан-тұғын. БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық панель (IPCC) ұйымына сүйенсек, жаһандық жылынуды 1,5 градустан асырмау жер шары үшін де, адамзат үшін де өте маңызды.
Қазіргі таңда әлемнің жылынуы 1,1 не 1,2 Цельсий градус деңгейінде тұр. Бұл өнеркәсіптік революцияға дейінгі, яғни адамзат қазба отындарын жаппай қолданған кезеңнен жоғары. Соңғы болжамдарға сүйенсек, 2100 жылға қарай жер жары 2,4-2,7 градусқа дейін ысынып кетуі ықтимал.
Саммит аясында Париж келісіміне қол жеткізудегі атқарылып жатқан шаралар ортаға салынады. Сондай-ақ COP28 жиыны таза энергия көздеріне көшудің барысын талқыламақ. 2030 жылға дейін парникті газдар шығарылымын азайтуды да мақсат етеді. Бұдан бөлек, бақуатты мемлекеттер бөлген қаражатты кедей елдерге беру бойынша жұмысты жан-жақты қарастырады. Табиғат пен адамзатқа көңіл бөле отырып, денсаулық сақтау, қаржы, азық-түлік және табиғат мәселелері де назарға алынады.
Салтанатты жиынның ашылу салтанатында ресми түрде COP28 саммитінің төрағалығын қабылдаған «Adnoc» компаниясының басшысы Сұлтан әл-Жәбер, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі. Жаһандық ұйымның басшысы биыл адамзат тарихындағы ең ыстық жыл екеніне тоқталды. Оның айтуынша, жер-жаһан нақты климаттың құлдырауын бастан кешіріп жатыр.
БҰҰ Бас хатшысы халықаралық қоғамдастықты климат бойынша міндеттемелерін орындауға шақырды. Сондай-ақ биылғы ауа райы әлем көшбасшыларын мазалауға тиіс екенін атап өтті. А.Гутерриштің сөзінің жаны бар. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым келтірген деректерге сүйенсек, 2023 жылы жаһандық температура рекордтық деңгейге дейін ысынады. Ал Эль-Ниньо ағыны ауа райы жүйесіне байланысты 2024 жылы қалпында қалуы мүмкін деген қауіп бар.
А.Гутерриш теңіз деңгейінің жоғарылауы мен ондағы температура рекордтық деңгейге жеткенін атап өтті. Сонымен қатар Антарктидадағы мұз жабындары күрт азайып кеткеніне екпін берді.
«Биыл дүниежүзі өрттен, су тасқынынан және қатты температурадан зардап шекті. Рекордтық жаһандық жылыну әлем көшбасшыларын мазалауға тиіс. Сөйтіп, әрекет етуге құлшына кірісуі қажет», деді Антониу Гутерриш.
Сарапшылар COP28 төрағасы Сұлтан әл-Жабердің жігерлі сөз сөйлегеніне назар аударып отыр. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, ол – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ірі мемлекеттік мұнай компаниясының басшысы. Сондай-ақ аталған ел шартараптағы «қара алтынды» көп өндіретін санаулы елдің қатарына кіреді.
Өз сөзінде әл-Жабер ғылымға иек артатынын, 1,5 градус мақсаты адамзаттың темірқазығына айналуға тиіс екенін жеткізді. Оның айтуынша, әлем елдері парникті газдар шығарылымын күрт азайтуы керек. Жаңартылатын энергия қуатын үш есеге, оның тиімділігін екі есеге арттыруға бірлесіп жұмыс істеуге уәде беруі қажет.
Мұнымен қоса, кейбір ірі мұнай-газ компаниясы 2030 жылға қарай метан шығарылымын нөлге дейін төмендетуге уәде бермек. Бұл – өте маңызды мәселе. Өйткені метан көмірқышқыл газына қарағанда ауаны 28 есе жоғары деңгейде ысытады.
Тағы бір назар аударарлық мәселе мынау. Әл-Жабер дамушы елдерге қолма-қол ақша беруге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, БАӘ жаһандық оңтүстіктің дамуына қаржы бөліп, жаһандық жылынуға ықпал ететін өндірісті тежеуге күш салады. Бұл мақсатта жүздеген миллиард доллар қарастырылмақ. Осылайша, жиынның алғашқы күнінде әлем көшбасшылары дамушы мемлекеттерге климаттың өзгеруінен келетін зардаптармен күресуге қаржы бөлуге келісті.
COP28-дің екінші күні әлем көшбасшылары тұңғыш рет климаттың өзгеруіне байланысты азық-түлік пен ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерді шешуге уағдаласты. Сөйтіп, 130-дан аса ел азық-түлік туралы декларацияға қол қойды. Бұл – өте маңызды келісім. Өйткені азық-түлік өндіруден шығатын парникті газдар жаһандық температураға әсер ететін зиянды шығарылымның үштен бір бөлігін құрайды.
Жиында сөйлеген сөздерінде көшбасшылар жер шары үлкен қатердің алдында тұрғанын, енді жаһандық жылынуға бейжай қарауға болмайтынына назар аударды. Біріккен Араб Әмірліктері тарапынан әзірленген «Тұрақты ауыл шаруашылығы, икемді азық-түлік жүйесі және климаттық іс-қимыл туралы» декларацияны сарапшылар мен қайырымдылық ұйымдары жоғары бағалап отыр. Дегенмен мұндай келісімге ертерек қол жеткізу керек екенін алға тартады.
Мәмілеге келген мемлекеттерде шартараптың 5,7 миллиард тұрғыны мекендейді. Ал зиянды газдар шығарылымы 75 пайызды құрайды. Ендігі жерде декларацияға қол қойған елдер парникті газдар шығарылымын азайту жөніндегі жұмыс жоспары аясында азық-түлік мәселесіне де назар аударуға тиіс. Құжатқа АҚШ, Қытай, Еуропалық одақ және Ұлыбритания секілді жан басына шаққанда азық-түліктен бөлінетін парниктік газдар шығарылымы ең көп елдер қол қойды.
«Декларация әлем елдеріне сауын айтып отыр. Жаһандық азық-түлік жүйесін тұрақтылық пен икемділік бағытына ауыстыру жолында жылдам әрекет еткенде ғана 1,5 градустық мақсатты сақтай аламыз», дейді Ұлыбританиядағы «World Resources Institute» зерттеу тобының басшысы Эдвард Дэви.
Жалпы, қазіргі таңда адамзат жаһандық жылынумен күрес жолында ет пен сүт өнімдерін аз тұтыну қажет пе деген сауал күн тәртібінде тұр. Зерттеулер көрсеткендей, етке құмар бір адамды қамтамасыз ету үшін күніне 10,24 кг парникті газдар бөлінеді. Сарапшылар әзірге декларацияның нақты қалай жұмыс істеуі мүмкін екенін дөп басып айта алмай отыр. Геосаяси жағдайлардың тұрақсыздығы, коронавирус пандемиясының салдарына байланысты дүниежүзінде азық-түлік бағасы көтерілген. Ендеше, мұндай жағдайда дүкен сөресіндегі тауардың құны қалай өзгереді? Бұл жағы түсініксіз. Алайда сарапшылар, ең бастысы, сең қозғалғанына назар аударып отыр.
Саммиттегі тағы бір маңызды мәселе – дамыған елдер мен мұнай компаниялары энергетика саласына қатысты үлкен уәде беріп отыр. Соған сәйкес 100-ге жуық мемлекет 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия пайдалануды үш есеге арттырады. «Қара алтын» өндіруден көшбасшы саналатын Сауд Арабиясының «Aramco» корпорациясы бастаған 50 компания 2050 жылға қарай зиянды газдар шығарылымын мүлдем тоқтатуға міндеттеме алды.
Дегенмен бұл келісімге күмәнмен қарайтындар бар. Өйткені мұнай өндіруші компаниялар өндіріс кезіндегі шығарылымды ғана азайтады. Қазба отындарды тұтыну кезінде бөлінетін зиянды газдарға қатысты емес. Сол себепті сарапшылар жаһандық жылынуға аса ықпал етпейтінін алға тартады. Мәселені түбегейлі шешу үшін парникті газды көп бөлетін өндірістің бәрін тоқтату қажет деп санайды.
Іргелі іс-шараның екінші күнінде де әлем көшбасшылары сөз сөйледі. Біріккен Араб Әмірліктері президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян қатысушыларға үндеу жариялап, жаһандық жылынумен күресу жолында өз елі 30 миллиард доллар қаражат бөлетінін мәлімдеді.
Ұлыбритания королі Чарльз III те саммиттің құрметті қонақтары қатарынан табылды. Монарх өз сөзінде жер адамзатқа емес, адамзат жерге тиесілі екеніне екпін берді. Сондай-ақ климаттың өзгеруі шалғайдағы қауіп емес, жар астында тұрғанына тоқталды. Оның айтуынша, табиғи апаттар көптеген аралға зиянын тигізіп, Үндістанда, Бангладеш пен Пәкістанда бұрын-соңды болмаған су тасқыны жүріп жатыр.
Сонымен қатар жиында Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди, Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Лейен және Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған секілді көптеген саяси қайраткер сөз сөйледі.