Ереванда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің финалына еліміздің төрт боксшысы жолдама алғаны жайында біз бұған дейін де жазғанбыз. Кеше солардың үшеуі шаршы алаңға шығып, өздерінің өрелі өнерлерімен барша жанкүйерді қуантты.
Жерлестеріміздің жеңісті жолын Аяжан Сыдық бастады. 54 кг салмақта сайысқа түскен ол ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Шешуші тұста үндістандық Амиша Керкеттаны қапы қалдырған Аяжан алтыннан алқа тақты. Барлық бес төреші де оның мықтылығын бірауыздан мойындады. Көп кешікпей 60 кг салмақ дәрежесіндегі Толғанай Қасымханның өнерін тамашаладық. Ол ресейлік Кира Леоновамен күш сынасты. Екеуі аянбай айқасып, бір-бірін әбден соққылады. Десек те Толғанай алымды әрі қарымды көрінді. Оның соққылары қарсыласына көбірек тиді. Бұл жағдай қазылардың назарынан тыс қалған жоқ. Есеп – 3:2. Үшінші алтын медальді команда қоржынына 66 кг салмақтағы Айсұлу Мұхит салды. Аса шиеленісті бәсекеде ол румыниялық Амалия Тугуйды тізе бүктірді – 3:2.
Осы күнге дейін еліміздің қыздар құрамасы Арменияның астанасында бес қола медальға қол жеткізген еді. Ол жүлделердің иегерлері – Сила Биболсынқызы (48 кг), Гауһар Зарден (50 кг), Айша Сәриева (52 кг), Алина Құдайбергенова (63 кг) және Құралай Егімбайқызы (80 кг). Сөйтіп, біздің боксшы қыздар биылғы әлем чемпионатын 3 алтын және 5 қоламен қорытындылады. Барлығы – 8 жүлде. Әрине, бұл – өте тамаша көрсеткіш!