Қылмыстың өтеуі – жаза. Әсіресе мал ұрлағандарға қарсы қолданылатын жаза қатаңдатылғанымен, төрт түлікті қорадан да, өрістен де қолды ететіндер азаяр емес. Мәселен, Атырау облысында жыл басынан бері 24 мал ұрлығы тіркелген.
Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім басшысы, полиция подполковнигі Абай Жұмабаевтың мәліметінше, мал ұрлығына байланысты 9 күдікті ұсталған. Күдіктілердің дені – тепсе темір үзеді дейтіндей жас жігіттер.
«Мал ұрлығы әсіресе ауыл тұрғындарын мазалап отыр. Сол себептен «Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар» жоспары жасақталды. Аталған жоспарға сәйкес жергілікті атқарушы органдармен бірге мал ұрлығының алдын алу, қылмысты ашуға бағытталған бірқатар іс-шара қабылданды. Ветеринария өкілдерімен арада қол қойылған меморандумға сай арнайы жұмыс тобы құрылды», дейді А.Жұмабаев.
Полиция өкілінің дерегіне сүйенсек, өңірде малды уақытша ұстауға арналған 9 арнайы орын ашылған. Малды құжатсыз тасымалдаған 41 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ал қараусыз жүрген 651 мал арнайы орынға қамалған.
«Бұрын мал ұрлаған күдіктілер мен жәбірленушінің татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылатын еді. Ішкі істер министрлігінің ұсынымен Қылмыстық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енді мал ұрлығының жеке нормасына сәйкес кінәлілер 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылады. Бұл өзгеріс 2020 жылдың 11 қаңтарында заңды күшіне енді», деп мәлім етті А.Жұмабаев.
Өткен аптада Индер аудандық сотында мал ұрлаған үш сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Екі тұрғынға Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармақтарымен, ал үшіншісіне 188-1-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен айып тағылған. «Сотталушылар алдын ала сөз байласып, бөтеннің ауласына кіріп, бірнеше рет мал ұрлаған. Үштіктің біреуі алдын ала сөз байласу арқылы бөтеннің малын өрістен жасырын жымқырған. Сотталушылардың кінәсі іс материалдарымен толықтай дәлелін тапты», деп хабардар етті аудандық соттан.
Мал иелеріне 1 млн 700 мың теңге көлемінде залал келтірілген. Сот үкімімен сотталушылардың екеуі Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы 3-бөлігінің 1,2-тармақтарымен кінәлі деп танылды. Оларға мүлкін тәркілемей, 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал үшінші сотталушы Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, оған мүлкін тәркілемей, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Атырау облысы