• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Желтоқсан, 2023

Шыршықтағы шамшырақ

225 рет
көрсетілді

Ташкентке келіп тұрып, әлемнің әйгілі баскетболшысы мен білекті боксшыларына бесік болған Табақсайға соқпай кету орынсыз, әрине. Ал астана мен ауылдың арасындағы қазақтар көп шоғырланған Шыршық шаһарын бір шарлап шықпасақ тіпті әбестік емес пе? Осындай ізгі ниетпен Шыршық өзенінің бойында орналасқан еңселі ғимараттың алдына келіп тоқтадық. Бұл – Шыршық мемлекеттік педагогикалық университеті. Жоғары оқу орнындағы қазақ бөлімінде болашақ ұстаздар білім алып жүр. Біздің іздеп келгеніміз де – осы.

Ташкент төңірегіндегі оқуға құштар қазақ жастарының басын біріктіріп отырған білім ордасына кіреберісте іздеген адамымызбен де бетпе-бет ұшырастық. Ол университеттегі қазақ бөлімін басқаратын Өсербай Байқабылов еді. Ағамыз амандық-саулықтан соң түкпірдегі кабинетке қарай бастай жөнелді. Бөлме іші ұлттық нақышта безендірілген. Қабырғаларына Абай, Ыбырай бастаған айтулы қазақтардың суреттері ілінген. Аса бір көп болмаса да, қазақша кітаптар қойылған сөрелер ұқыптылықпен жиналған. Әйтеуір кабинет ішінен қазақылықтың исі аңқып тұр. «2019 жылы университет ректоры Ғафуржан Мұхамедовтің және гуманитарлық пәндер фа­куль­тетінің деканы Равшан Ик­рамовтың ұйғаруымен Достық орталығы ашылған-ды. Соған орай қазақ, тәжік және орыс ұлт­тары­­на арнайы кабинет берілді. Мұнда оқудан тыс уақытта ұлт­тық құндылықтарды насихаттап, салт-дәстүрді дәріптейміз. Көбіне прак­тикалық және семинар сабақ­тарын осында өткіземіз. Мұнда келіп қазақша газет-кітап оқитын­дар да жетерлік», деді Өсербай аға.

Сөйтсек, Шыршық мемле­кет­тік пе­да­гогикалық универ­ситетінің құрыл­ға­­нына да көп бола қоймапты. 2017 жы­­лы педа­гогикалық институт ретінде ір­ге­сін көтерген білім ордасы осыдан екі жыл бұрын университет мәртебесін ие­леніпті. 2019 жылы қазақ бөлімі ашылған.

– 2018 жылы институтта бас­тауыш және мектепке дейінгі білімнің қазақша сыртқы бөлімі ашылды. Бір жылдан кейін қа­зақ тілі және әдебиеті, баста­уыш білім және спорт, мектеп­ке дейінгі бі­лім­нің күндізгі бөлім­дері жұмысын бастады. Қазақ тілі мен әдебиеті тек күн­дізгі бөлімде оқытылады әрі магис­тратурасы бар. Ал қалғандарында сыртқы және күндізгі бөлімдерде оқуға мүм­кіндік қарастырылған. Таш­кент төңі­регіндегі қазақтардың көптігін еске­ре отырып универ­ситет басшысы Ға­фуржан Мұха­медовтің бастамасы­мен ашылған қазақ бөлімі биыл алғашқы түлектерін түлетіп шығарды. 19 студент төрт жыл білім алып, өмір­дің ке­зек­ті бір сатысына қа­дам басты. Олар­дың дені тұрақ­ты жұмысқа орналас­ты. Биыл бірінші курсқа 30 студент қабыл­данғанын да айта кетейік. Екінші курс­та – 30, үшінші курста – 40, төртінші курс­та 29 студент білім алады. Бұған қоса Мем­лекет бас­­шысының шешімімен биыл Қара­қалпақстандағы қазақ жас­тары­на арнайы квота бөлінді. Соның аясында қатарымызға 7 сту­дент келіп қосылды. Жалпы, қа­зақ бөліміне жыл сайын 5 грант бөлінеді. Қалғаны ақылы не­гіз­­де оқиды. Осы жылы грант саны 10-ға жетті, – деді Өсербай Байқабылов.

Қазақ жастарының білім алуы­на мұндай тамаша мүмкіндіктің берілгені жақсы-ақ, әрине. Бірақ жергілікті мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәндері қысқартуға ұшыраған. Яғни сағат саны тым аз. Бір мектепке екі мұғалім же­­тіп артылады. Сондықтан уни­­вер­ситеттің қазақ бөлімін тә­мам­дағандардың біразы қосым­ша екінші мамандықты игеру­дің қамына кірісіп кеткен. Әуелде алған ма­мандығына қоса өзбек тілі, орыс тілі, тарих, география секілді пәндерді мең­геруге ден қойған. Бұл бір ғана Шыр­шықтағы жағдай емес. Жалпы, ел­дегі ахуал осындай. Республикада қа­зақ ті­лі мен әдебиеті пәнінің маманда­рын даярлайтын алты жоғары оқу ор­­ны бар. Олар – Низами атындағы Таш­­кент мемлекеттік педагогикалық уни­вер­ситеті, Шыршық мемлекеттік педа­гогикалық университеті, Гүлістан мем­лекеттік университеті, Науаи мем­лекеттік педагогикалық инс­­титуты, Бер­дақ атындағы Нөкіс мемлекеттік уни­верситеті, Әжінияз атындағы Нө­кіс мемле­кет­тік педагогикалық инс­ти­туты. Бұларды тәмамдаған сту­дент­тердің бәріне бірдей жұмыс табыла қоймайды. Мектептердегі сағат са­ны жыл өткен сайын қысқарып барады. Ал жоғары оқу орындарын бітіру­шілердің үлесі жоғары. Өкінішке қарай, техникалық мамандықтар қазақ тілінде оқытылмайды. Тек гуманитарлық ма­ман­дықтарды ғана қазақша оқуға мүм­кіндік жасалған.

Мектептерде қазақша оқулық жетіс­пейтінін де атап өткен жөн. Сол себепті университеттегі оқы­тушылар негізгі жұ­мыстарымен қоса оқушыларға әрі сту­денттерге арнап оқулықтар жазуға мәж­бүр. Бұл іске жергілікті зиялы қауым өкілдері де жұмылдырылған. Мә­­селен, бізбен дидарласқан Өсербай Бай­­қабылов Өзбекстан­ның білім стандарты негізінде өзге де авторлармен бірге 5 және 6-сыныптарға арнап қазақ тілі оқулығын жазған. «Қазақстан осыдан бірер жыл бұрын оқу­лықтарға қа­тысты ұлттық бағдар­лама қабылдады. Сол бағдарлама бізге енді келіп жатыр. Сондық­тан бұған дейін жазған оқулық­тар жарамсыз болып қалды. Ен­­ді ұлттық бағдарламаға сәй­кес­­тендіріп жаңасын жазып шығу керек. Бұйыртса, санау­лы күндерден кейін осы іске кірі­­семіз. Бұл жолы оқулықта тео­рия­ға емес, мәтінмен жұмыс істеу­ге ба­сымдық беріледі», деп нақ­тылады ол.

Қазақ бөлімі М.Әуезов атын­­­­дағы Оңтүстік Қазақстан мем­лекеттік уни­вер­ситетімен, Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педа­гогикалық университетімен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен, басқа да оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Айталық, былтыр Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болып, тәжірибе жинап қайтыпты. Биыл Шыршықта М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан мем­лекеттік университетінің фи­лиалы ашылғанын да атап өткен жөн. Мұн­да техникалық мамандықтар қазақ, өз­бек, орыс тілдерінде оқытылады. Жал­пы, бұл қадам жергілікті қазақ жас­та­рына үлкен мүмкіндік сыйлады. Өйт­кені жастардың бәрі гуманитарлық бағыт­ты таңдай бермейді. Техникалық маман­дықтарға жақын қыз-жігіттер де көп. Мәселен, биыл Өсербай Байқабылов та перзенті Әуезов университетінің филиалына оқуға түскенін айтты.

Бүгінде Шыршық мемле­кет­тік пе­да­гогикалық универси­тетінің қазақ бөлімінде Өсербай ағамен қатар PhD Жандос Бай­зақов, оқытушы Нұркелді Жарас­баев, магистратураны былтыр тәмамдаған Гүлжан Анарбекова дәріс береді. Өкінішке қарай, студенттерге де қазақша оқулық­тар жетіспейді. Бірақ мұндағы оқы­тушылар оқулық жетіс­пей­ді екен деп қарап отырған жоқ. Қал-қадірінше қам-қаре­кет жасап жатыр. Айталық, біз­бен сұх­баттасқан Өсербай Бай­қа­быловтың «Мәнерлеп оқу және тіл мәдениеті», «Қазіргі қазақ әдеби тілі», «Қазақ тілі мен әде­биетін оқытудың заманауи технологиялары мен тәсіл­дері», «Тіл білімі негіздері», «Қа­зір­гі қазақ тілінің жаттығулар жинағы» секілді оқулықтарын студенттер күнделікті сабақта пайдаланады. Бұған қоса жақында «Стилистика» деген оқулық та студенттердің қолына тимек. «Несін жасырамыз, оқулық жоқ. Сондықтан өзіміз жазуға тырысамыз. Қазақстаннан оқу­лық­тардың электронды нұс­қа­лар­ын алдырамыз. Екі ел ара­­­сы­на қатынаған студенттер қа­­жетті еңбектерді өздері де ала келеді. Бірақ бұл қымбатқа түседі. Сол себепті көбінесе элек­трон­ды оқулықтарды қағазға шы­­ғарып алып пайдаланамыз», дейді қандасымыз.

– Әлбетте, Қазақстан – біздің ата­мекеніміз. Бір бүйіріміз үнемі бұрып тұрады. Өзбекстанда туып, өмір сүріп, ана тілімізде сөйлеп, білім алып жатырмыз. Салт-дәстүрді, қазақы құндылықтарды ұмытқанымыз жоқ. Мұның бар­­лығы – екі ел арасындағы ынты­­мақтың жемісі. Тараптар ара­­сын­д­ағы дипломатиялық бай­ланыстардың одан әрі ны­ғайып жатқанына куәміз әрі қуа­ныштымыз. Дегенмен белгілі бір деңгейде Қазақ­стан Үкіметінің қол­дауына да зәру еке­німізді айта кеткеніміз жөн. Мәселен, жас­­тардың көкірек көзін ашып, ақыл-ойын дамытуға, бі­лі­мін әрі қарай жетіл­діруге қа­зақ­ша газет-журналдар қа­жет. Өзбекстанда қазақша бір ғана басылым – «Нұрлы жол» газеті шығады. Атажұрттағы «Egemen Qazaqstan», «Ana tili», «Қазақ әде­биеті» секілді газеттер де үз­діксіз келіп тұрса дейміз. Ондағы рухани дүниелерді студенттердің бо­йына сіңірсек деген ниетіміз бар. Әзірше аталған басылымдарды Қазақстанға бар­ғанда жинап-теріп ала келеміз. Одан бөлек, Ташкенттегі Қазақ мәде­ни орта­лығынан аламыз. Газет­терді студенттер прак­тикалық са­бақта жиі пайдаланады, көме­гі көп, – деді Өсербай аға.

Сондай-ақ ол Қазақстан Үкі­меті қа­зақ тілі мен әдебиеті маман­дығына ар­налған оқулықтармен қамтуға жәр­демдессе деген тілегін жеткізді. «Оқу­лықтарды өзіміз жазуға мәжбүрміз. Бірақ біздің дүниелерді атажұрттағы белгілі ғалымдардың еңбектерімен са­лыстыруға келмейді. Біздікі жоқтан бар жа­саудың амалы ғана. Оқулықтарды Өз­бек­стан білім стандартына лайықтап жазамыз ғой, бірақ негіз ретінде Қазақ­стан авторларының еңбектерін пайдала­намыз. Кейде студенттер қажетті кітап­тарды атажұрттан алып келейік деген тілек айтады. Бірақ оны шекарадан алып өту де оңай емес, мұның өзіндік заңдылықтары, талаптары бар. Әрбір екі студентке бір оқулықтан тисе де жаман болмас еді. Ал қазір 30 студент екі оқулықпен оқып жүр. Бұл дұрыс емес, әрине. Осы тұр­ғыдан да көмек көрсетілсе, нұр үсті­не нұр болар еді. Сондай-ақ қазақтың бір­кел­кі ұлттық киімдерін де сыйға тартса, зор ризашылықпен қабылдар едік», деді ол.

Қазақ бөлімінде жұмыс істей­тін оқытушылардың бәрі Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетін тәмамдаған. Өсербай Байқабылов бұл оқу орнын 1995 жылы бітір­ген. 20 жыл өзі оқыған универ­си­тетте, екі жыл Халыққа білім бе­ру ми­нистрлігіне қарас­ты рес­пуб­ликалық білім орталы­ғында жұмыс істеген. Шыр­шық­тағы университет ашылған соң арнайы шақырумен осында ауысқан.

Университетке сабақ аяқта­лар шақта келсек те, қазақ бөлі­мінің бірнеше сту­дентімен ди­дар­ласудың сәті түсті. Бізбен тілдескен ұл-қыздардың көзде­рінде от, сөздерінде жалын бар. Мәселен, қа­зақ бөлімінің төр­т­ін­ші курсында оқи­тын Диана Әбдімомынова Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы достық қа­рым-қатынастың нәтижесінде қазақ тілінде білім алуға жағдай жасалғанына қуанышты екенін айтты.

– Орта мектепті Жоғары Шыр­­шықта қазақша тәмамда­дым. Университетті де ана тілім­де оқып жатырмын. Алла қала­са, білімімді осы жерде ма­гис­тратурада жалғастырғым келеді. «Отандастар» қоры арқы­лы Қазақстанда өтетін түрлі байқауларға қатысып тұрамын. Бізді қатардан қалдырмай, білім нәрімен сусындатып жатқан университеттегі ұстаздарымызға ризамыз, – дейді Диана.

Нұркелді Манабаев та бел­сенді сту­денттердің бірі. Уни­верситеттің төртінші курсында оқитын ол – Бостандық ауданы Шақшам ауылының тумасы. Көкпар ойнап, ұлттық ойынды насихаттауға атсалысып жүр. «Электронды кітаптарды оқу денсаулыққа зиян. Сондықтан қазақша әдеби кітаптар керек-ақ. Мұндағы сту­денттердің барлығы дерлік кітап оқу­ға құштар. Кейде өз ішімізде кітап оқу байқауларын да ұйымдастырып тұра­мыз», дейді ол.

Ал университеттің екінші кур­сында оқитын Дастан Меде­т­бекұлы – ақынжанды азамат. Ол бізге тіл туралы толғауын тебірене оқып берді. Бірінші курс­тың студенті Сұлтан Сәкенұлы Бостандық ауданы Абай ауылында дүниеге келіпті. Ол Өз­бекстанда ана тілімізде білім алуға жағдай жасалғаны қазақ жастарына берілген зор мүмкіндік екенін алға тартты. Шыршықтық Нұрсұлтан Нұридинов университетке дейін колледжде білім алған, түрлі зауыттарда жұмыс істеген. Кейін оқу жолына түсіпті. «Заман білімдінікі. Сондықтан қай кезде болсын оқуға ұмтылу қажет. Бізге осындай мүмкіндік берілгеніне қуаныштымыз», дейді ол.

– Біздің қоғамда «қазақ тілі жойы­лады», «қазақ мектептері жабылады» де­ген түсінік қалып­тасып қалған. Сон­дық­тан шығар қазақ тілі мен әдебиеті бө­лі­­міне түскенде таныстарымның бі­ра­зы қын­жылыс білдірді. Егер шынымен де дәл осындай түсі­нік­ті ұстанып, қа­зақ тілі мен әдебиетінен іргемізді аулақ сал­сақ, тіл жойылып, мектеп жа­был­­ма­ған­­да қайтеді. Ал мен бұ­лай бол­ға­­нын қаламаймын. Сол себепті дәл осы мамандықты таңда­дым, – дейді бірін­ші курстың студенті, Бостандық ауда­нының Қараманас ауылында туған Серік Досжанұлы.

Табақсайға барар жолда бір сағат аялдап, Шыршық шам­шырағында бар көргеніміз осы. Ал көкейге түйгеніміз  көл-көсір, әлбетте. Шамшырақ дедік қой, қазақ ұғымында бұл – сөнбейтін жарық. Ендеше Шыршықтағы шамшырақ сөнбесін деп тілейік.

 

АСТАНА – ТАШКЕНТ – ШЫРШЫҚ –

ТАШКЕНТ – АСТАНА