• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Сенат 05 Желтоқсан, 2023

Күн тәртібі бекітілді

130 рет
көрсетілді

Сенат бюросының жиынында депутаттар 7 желтоқсан күні өтетін Палата отырысының күн тәртібін бекітті. Соған сәйкес Сенат отырысында «Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факуль­тативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң қаралады.

Хаттамада Бала құқықтары туралы конвенцияда бекітілген құқықтар бұзылған кезде балалардың немесе олардың ата-аналарының (заңды өкілдерінің) шағымдарын қарау тетіктері белгіленеді. Оның қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдар мемлекетке тиісті шаралар қабылдау үшін беріледі.

Сондай-ақ сенаторлар алдағы бейсенбіде «2010 жылғы 9 желтоқ­сандағы Қазақстан Республика­сының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Рес­пуб­ли­касына мұнай және мұнай өнім­дерін жеткізу саласын­дағы сау­да-экономикалық ынтымақ­тас­тық туралы келісімге өзгеріс енгізу ту­ралы хаттаманы ратификациялау ту­ралы» заңды қарайды. Бұл заң тиі­сті салада сауда-экономикалық ынты­мақ­тастықты дамытуға арналған.

Бюро отырысында азаматтық қорға­ныс жүйесін жетілдіру мәселе­лері­не арналған парламенттік тыңдауға дайындық барысы да талқыланды. Осы іс-шара аясында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің сенаторлары Астанада өтетін биік ғимараттардағы өрттерді сөндіру жаттығуларына қатысады.

Сенат төрағасы Мәулен Әшім­баев мемлекет тарапынан бұл бағыт­та тиісті шаралар қабылданып жат­қанын, соған қарамастан әлі де болса шешімін таппаған маңызды мәселе­лер бар екенін атап өтті.

«Кейінгі жылдары мемлекет аза­маттық қорғаныс жүйесін жетілдіру мәселесіне басымдық беріп келеді. Се­наттың салалық комитеті де айтар­лықтай жұмыс атқарып келеді. Деген­мен, әлі де шешімін таппай келе жат­қан мәселелер бар. Өткен аптада Алматы қаласында болған өрт салдарынан 13 адам қаза тапты. Осы ретте қаза тапқандардың жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетулерін тілейміз. Алдағы уақытта осындай қайғылы оқиғалар қайталанбасы үшін бұл бағытта белсенді жұмыс істеуіміз керек», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Бюро отырысында Парламент Мәжілісінен келіп түскен заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.