Орал қаласындағы «Атамекен» өнер орталығында белгілі суретші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Суретшілер одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Қайыр Оразғалиевтің «Сылдырап өңкей келісім…» атты жеке көрмесі ашылды.
Биылғы қыстың алғашқы күні «Атамекен» сарайының кең галереясына көркемөнер жанкүйерлері сыймай кетті. Ақжайық жұртына ғана емес, елімізге танымал өнер иесінің тұңғыш жеке көрмесіне алуан жанрдағы 172 туындысы қойылған екен. Бір ай бойы көрермен көзайымына айналатын бұл жұмыстар суретші шығармашылығындағы түрлі кезеңді, шеберлік сырын, ізденіс парақтарын әйгілеп тұр.
Қайыр 1988 жылы Орал педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген. Түрлі халықаралық көрмелер мен симпозиумдарға, республикалық көрмелерге үнемі қатысып жүрсе де, туған жерден табан аударған емес. 1989-2007 жылдар аралығында Махамбет университетінде живопись, композиция, сурет пәндерінен сабақ берді. 2007 жылдан бері Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында бас суретші болып қызмет атқарады. Өткен жылы 60 жасқа толған өнер иесі осы кезге дейін мұндай көлемде жеке көрмесін өткізіп көрмепті. «Атамекен» өнер орталығының басшысы Бауыржан Халиолланың бастамасымен ұйымдастырылған бұл көрме қылқалам шеберінің шығармашылық есеп беру кешіне айналды.
Ақжайық өлкесінің өнер әлеміндегі айтулы оқиғаға Алматы қаласынан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өмірбек Жұбаниязов, Суретшілер одағының шығармашылық жөніндегі хатшысы, өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «AICA» ЮНЕСКО жанындағы халықаралық көркемсурет сыншылар қауымдастығының мүшесі Кәмилла Ли, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, КСРО суретшілер одағының мүшесі, Көркемсурет академиясының академигі Қайырбай Қонысбайұлы Зәкіров, Көркемсурет академиясының вице-президенті Ермұхан Жүнісхан арнайы келген екен.
Өмірбек Орынбасарұлы Қайыр Оразғалиевтің өнерде ғана емес, қоғамдық жұмыста да белсенді қызмет етіп жүргеніне алғыс айтып, «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
«Қайырдың шығармашылық ізденістері таңғажайып, өзіндік стилі айқын көрінеді. Табиғат көріністерін, түрлі пейжазды салуда онымен тең келетін замандастары аз. Бұл жөнінде Репиннің таңдаулы шәкірті дер едім. Ал Қайырдың мысықтар топтамасы өз алдына бір әлем. Менің ойымша, «мысықтардың мамыражай әлеміне» адам баласының назарын аударып, Қайыр сияқты ерекше бейнелеген шебер жоқ. Дәл осындай көрме Алматы, Астана қалаларында да ашылуы керек деп есептеймін», дейді Кәмилла Виталиқызы.
Қайырбай Қонысбайұлы да Ақжайық топырағына табаны тигенде ерекше энергетикалық қуатты сезінгенін айтады: «Мен мұнда Махамбеттің мінезін, Құрманғазы күйлерінің қуатын сезіндім. Дәл осындай мінез бен қуат Қайыр шығармашылығында да бар. Бейнелеу өнеріндегі бұл әріптесімді көптен білемін. Бірақ осы жолы Оралға келіп, жақын сырласып, жаңа нәрсені байқадым. Ерекше риза болғаным – Оралда шығармашылық орта бар екен, суретшілер, ақындар, актерлер, журналистер жақын араласып, бірін-бірі қолдап жүреді екен. Бұл – өте жақсы үрдіс. Қызылордадағы менің шеберханам да түрлі саладағы шығармашылық өкілдерінің бас қосатын жері болатын. Мұндай әріптестік өнер адамына ауадай керек», дейді Қайырбай аға.
Көрменің ашылу салтанатында Көркемсурет академиясының вице-президенті Ермұхан Жүнісхан Қайыр Оразғалиевке Көркемсурет академиясының академигі атағы берілгенін хабарлады.
«Қайыр халықаралық, республикалық симпозиумдарға жиі қатысады. Ол – табиғат пейзаждарын салатын қылқалам шеберлерінің алғашқы бестігіне кіретін, маэстро дәрежесіндегі өнер иесі. Қайыр – Жайық өңірінен шығып отырған тұңғыш академик. Бұл атақ биыл тек жалғыз адамға берілді», дейді Ермұхан Жүнісхан.
Шынында да, Қайыр Оразғалиев Қазақстанның шалғай түкпірінде жүрсе де, шынайы өнері арқылы ерте танылды. 1989 жылы-ақ КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі атанды. Көптеген халықаралық көрме мен симпозиумға, республикалық көрмелерге қатысты.
2003 жылы Берлин қаласында халықтар достығы тақырыбында өткен халықаралық «Buddy Bears» («Биші аю») симпозиумына Қазақстанның атынан қатысты. Қайырдың ерекше өнері туралы шетелдік, республикалық басылымдар жарыса жазды.
Әрдайым тың ізденіс, тосын идея ұсынып жүретін Қайыр Оразғалиев 2003 жылғы шілдеде Орал қаласында өткен скульптор-тас шеберлерінің тұңғыш республикалық симпозиумын ұйымдастырды. Әрі осы бастаманың жетекшісі болды. Күні бүгінге дейін қала көшелеріне көрік беріп тұрған аппақ ұлутас мүсіндер Қайыр бас болған бастаманың айғағы іспетті.
Қайыр 2004 жылы Гонконгта өткен «Buddy Bears» халықаралық көрмесіне, 2004/2005 жылдары Ыстамбұл, Токио, Сеулде, 2006 жылы Сидней, Берлин, Венада өткен халықаралық көрмелерге қатысты. 2008 жылы «Жыл суретшісі» аталымы бойынша «Қыран» жүлдесімен, 2013 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен және Суретшілер одағының «Үздік шығармашылығы үшін» алтын медалімен марапатталды.
Қайырдың көптеген жұмысы еліміздегі түрлі музейлер мен заманауи галереяларда, көрме дирекциясында (Алматы), Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясында сақтаулы тұр. Швеция, Швейцария, Чехия мен Словакия, АҚШ, Германиядағы жеке коллекцияларға тарап кеткені де аз емес. Соның өзінде Оралдағы көрмеге 170-тен аса жұмысын қойып, көрермен назарына ұсынып отыр. Өмірбек Орынбасарұлының айтуынша, мұның өзі – үлкен жетістік. Өнер адамы үшін үлкен бақыт та. Әйтпесе, атақты Салихитдин Айтбаевтың көзі тірісінде жеке көрмесін өткізе алмай кеткен екен.
Көрмеде түрлі жанрдағы шығармалар – портреттер, натюрморттар, пейжаз, күрделі композициялық жұмыстар қойылған. Олардың қай-қайсысы да көрерменді тылсым тереңіне тартып, ерекше сезімге бөлейді.
Қайыр Оразғалиев бүгінде нағыз шығармашылығы толысқан шағында. Оны қазір бүкіл Қазақстан бойынша өнер мамандары біліп, мойындайды десек, артық айтпаймыз. Әр жұмысымен өнерге деген адалдықты, шынайылықты көрсетіп келе жатқан қылқалам шебері. Оралдың өзінде Қайырды ұстаз тұтатын бір қауым жас суретшілер өсіп келеді.
Қайыр Оразғалиевтің жаңа көрмесі Орал қаласының мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. Бұл күні жергілікті мүсінші, Суретшілер одағының мүшесі Ерғали Бекешев «Қазақстан Көркемсурет академиясының мүше корреспонденті» атағына ие болды.
P.S. Көрмені Қайыр Оразғалиевтің туған күні – 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін тамашалауға болады.
Батыс Қазақстан облысы