Евгений Евтушенконың: «Поэт в России - больше чем поэт» деген ақынға қойылған талаптың жүгі ауыр дегенді білдіретін ұранды сөзі бар. Сол сияқты солтүстікте де бір кезде домбырашы болу – ұлттық аспабымызды шебер тарта білуді ғана емес, жүрегінде өжеттік пен өткірлік, намыс пен рухы бар жандар ғана алып жүре алатын өнер еді. Өйткені қазағының үлесі барынша азайып, басқа этнос өкілдері көбейген аймақта домбырашылықты өнер деп білгісі келмейтін қызмет құлағын ұстағандар мұнда өте көп-ті. Ұзақ жылдар бойы құлақтарына жатжұрттық әуендер сіңіп қалған барлық шенеунікке, халықтың негізгі бөлігіне домбыра үні жат болып естілетін. Тек махаббатпен сүйіп, оған жан-тәнімен берілген, сонымен бірге жүрегінің оты, жілігінде намысы барлар ғана домбыраның үнін өшіруге жол бермей, айтысып-тартысып жүріп, оны кешегі қызыл империяның қыспағынан алып шығып, бүгінгі заманға жеткізді. Ұрпақ алдында сондай ұлағатты іс атқарған жандардың бірі – домбырашы Тойкен Күдерова.
Өнерге ұмтылған қадамдар
Тойкен балалық шағы өткен «Преснов» кеңшарының орталығы Мирное селосында онжылдық мектепті бітірген. Жүргізуші болып істейтін әкесі Қаби домбыраны жақсы тартса да, қызы одан үйрене алмаған, тек сүйсініп тыңдауды білген. Ал мектепте, ауыл клубының көркемөнерпаздар үйірмелерінде домбыраны үйретпек түгіл, аты да аталмайды. Өнерге талпынған қыз ауылдағы баян үйрету үйірмесіне қатысып, қызығушылықпен үйрене бастайды. Алайда үйірме бір-ақ жыл жұмыс істеп, жабылып қалады. Мектепті бітірген соң Тойкен Петропавлдағы музыкалық училищенің баян класына оқуға түседі. Бір жылдан кейін Көкшетаудың музыкалық училищесінде домбыра класының ашылғанын естіп, сонда ауысып кетеді. Оны 1980 жылы үздік бітіріп, Алматының Құрманғазы атындағы консерваториясына түсіп, композитор, профессор Мәлгаждар Әубәкіровтің класында оқиды. Екі жыл оқыған соң тұрмыс құруына байланысты сырттан оқуға ауысып, 1986 жылы консерваторияның дипломын алады.
Ал 1983 жылдан ол Петропавл қаласындағы музыкалық училищеге ұстаздыққа орналасып, барлық баянды ғұмырын осы іске арнаған. Ол жылдары бұл оқу орнын жақсылығы қара басынан аспайтын В.Кардашов деген бір қиқар шал басқаратын. Ол директорлыққа тағайындалған соң «мұғалім жоқ» деген сылтаумен домбыра класын мүлде қараң қалдырған еді. Енді оның қайта ашылуына аза бойы қаза болып қарсы болады. Міне, осы кезде Тойкеннің өжеттігі мен қайсарлығы қасқайып қарсы тұрады. Ол өзінің болашағына балта шабылуы мүмкін екендігіне қарамай, училищеде домбыра класы болуы керек деген талабынан таймай, табандылықпен күресе білген. Ішкі-сыртқы жанашыр жандарды да қосып, мәселені аяқсыз қалдыруға жол бермейді. Қанша дегенмен Қазақстанда тұратынын, қазақ өнерін қолдайтын басшылар да барын ескерген қырсық шал ақыры босаңсып, домбыра класын ашуға рұқсат береді. Алайда Тойкеннің жеке басына байланысты мәселелерде үнемі аяқтан шалып отырады. Отбасымен бірге жас маман ретінде пәтер алуға тиісті жанға қаланың бір шетіндегі, бұрын жатақхана болған Почтовая көшесіндегі ескі үйден «уақытша» деп бір бөлме бергізіп, сол жерде 12 жыл тұруға мәжбүр етеді... Осы жаман бөлменің өзі пәтер деп саналатындығының кесірінен Қарағандының мединститутын бітіріп келген жолдасы Ағыбай да жас маман ретінде пәтер алуға тиісті құқынан айырылып қалады... Әрине, адамның бәрі бірдей емес, училищеде директордың орынбасары Л.Демиденко Тойкеннің бастамасын біршама қолдап жүреді. Қолында жас баласының барына да қарамай, Тойкен бес шақырымдай жердегі үйінен кейде жаяу да келіп, шәкірттерінің өнерін шыңдай береді... Күндіз сабақ беріп, кешке орындау шеберлігін арттыру күнделікті іс еді. Бірнеше жылдан кейін ащы тер, жұқарған жүйкемен төгілген еңбектің нәтижесі көріне бастайды...
Тойкен Күдерованың еңбегі еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бастап жана бастайды. Осы жылдардан оның шәкірттері облыстық, республикалық, тіпті халықаралық концерттер мен конкурстардың сахнасынан түскен емес. Еліміздің егемендік алуымен шабыттанған өнер иесі 1994 жылы «Күдер» ансамблін құруға қол жеткізеді. «Күдер» деген сөздің өзі үміт сөзінің ескі баламасы, қазір де «күдеріңді үзбе» деген тіркес қолданылып жүреді.
Бұл жылдарда қалалық, облыстық өнер саласы қызметкерлерінің де қазақ өнеріне деген пиғылы өзгеріп, оны қолдауға әзір болатын. Әсіресе қалалық әкімдіктің өнер бөлімінің басшысы Валерий Копытин «Күдер» ансамблін қолдауда үнемі жанашырлық білдіреді. Ансамбль мүшелеріне киім, құрал-жабдық әперуде, көлікпен қамтамасыз етуде осы кісінің қолдауы көп болған.
«Күдер» ансамблінің белді мүшесі Тойкен Қабиқызының ұлы Думан еді. Бес жасынан домбыра тартып, одан музыкалық училищеде тәлім алған Думан анасын негізінен ұстазы деп қабылдап, еркелеу, босаңсу дегенді білмейтін. 2003 жылдан бері Тойкеннің шәкірттері халықаралық конкурстарға қатысып, үнемі жүлделі орындар алып келе жатты. Соның ішінде Ресей еліндегі Қалмақ автономиялық республикасында, Солтүстік Осетияның астанасы Владикавказда болған конкурстардан олжамен оралған.
Ал 2007 жылы Болгарияда болған «Фольклорда шекара жоқ» халықаралық конкурсына Тойкен Күдерова өзінің үздік шәкірті, сүйікті ұлы Думанды алып барады. Еуропаның ортасындағы Болгарияға бұл жолы 42 мемлекеттен өнерпаздар келген екен. Өзінің кезегінде күмбірлеген домбырасымен Еуропа аспанын бір сәт тылсым тыныштыққа бөлеген бала орнынан тұрғанда тым-тырыс тынып қалған көрермендер өре түрегеліп қол соққан. Өзгелерге соғылған қошеметтен гөрі өздеріне көрсетілген құрмет артықтау болғанын көрсе де, Тойкен бас жүлде алудан дәмелі емес еді. Алдымен төменгі орындар аталып, сый-құрметтер көрсетіліп жатқанда ана мен бала үлкен толқу үстінде болатын. «Бір кезде осы елде эстрадалық әндерден болатын атақты «Алтын Орфей» фестивалінде бас жүлде алып, Қазақстанның атын әлемге танытқан Роза Рымбаева сияқты бас жүлдеге келгенде «Думан Кудерофф, Казагистан, Гран при!» дегенде көзіме толып кеткен қуаныш жасынан бәрі бұлдырап кетіп, ештеңе көре алмай қалдым», деп еске алады Тойкен Күдерова. Өкінішке қарай, Думанның өмір жасы қысқа болды, ол 27 жасында Астанада қызмет істеп жүргенінде бір ақымақтың автомашинаны мас болып қатты айдауынан болған апаттан анасының жүрегіне мәңгі өшпес жара салып, көз жұмды...
Алайда... өнер өлмейді. «Күдер» ансамблі өнер биігінен көріне берді. Тойкен Күдерованың шәкірттері бұдан кейін де Болгарияға төрт рет барып, бірінші, екінші орындар алып келіп, елге олжа салып отырды. Басқа да халықаралық байқаулардан олар 13 медаль алған. Соның ішінде халықаралық, республикалық конкурстардан бірнеше жүлдеден алған Еңгілік Тілеулі, Айгүл Жаманбаева, Аслан Төкен, Марат Гайнулин, Айбек Тұрғынов, Жанар Қасенова, Бейбіт Нұрбек және басқа шәкірттерін Т.Күдерова үнемі мақтан тұтады.
«Күдер» ансамблінің 15 жылдық, 20 жылдық мерейтойларын да облыстың сол жылдардағы ең үлкен сахнасы Н.Погодин атындағы театрда атап өтті. Бірақ ансамбльді жалғыз сүйрей беру жаны жаралы жанға оңай болмаған соң, оны облыстық филармонияға беріп, соның негізінде «Есіл» атты халық аспаптары оркестрі құрылды. Оның құрамында Нұрлан Серғазымов, Әлия Мәкенова және т.б. Т.Күдерованың шәкірттері өнер көрсетеді. Қазір оған Сегіз серінің аты берілген. Бірақ облыс сахнасында өнер көрсеткен Тойкеннің «Күдер» ансамблінің де атауы жоғалған жоқ. 2019 жылы БАӘ Дубай қаласында болған «Jumeirat Sounds» халықаралық конкурсына Тойкен Күдерованың Кәмилә Мақпоз, Расул Өмірзақ, Әлішер Жігеров және Әлихан Қуандық деген төрт шәкірті «Күдер» ансамблі атымен қатысып, Бас бәйгені жеңіп әкелді. Ал жеке орындауда өз құрдастары арасында Расул Өмірзақ бас бәйгеге, Кәмила Мақпоз І орынға ие болды. Осы конкурсқа Қазақстаннан қатысқан басқа ұжымдар мұндай жетістіктерге маңайлай да алмаған еді.
Тойкен Қабиқызы қала және облыс көлеміндегі ұстаздар арасында әдістемелік жұмыстар да жүргізеді. Өнер колледжінің халық аспаптары бөлімінде ол 40 жыл бойы жетекшілік етіп келеді және басқа ұжымдарға шеберлік сабағын береді. Оны тіпті көршілес Ресей елінде ашық сабақтар мен шеберлік сабақтарын өткізуге де шақырады.
Міне, ұлтының өнері мен өрісін әлемге танытып, барлық жан дүниесімен халқының жүрегіне қуаныш сыйлап жүрген Қызылжардағы бір жанның тағдыры осындай. Оның жарқын жүзі мен жылы жымиысы тағдырдың талайынан тайсалмаған қайсар жанның бейнесін танытады.
ПЕТРОПАВЛ