• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Есірткі 05 Желтоқсан, 2023

Есірткінің сергелдеңі

109 рет
көрсетілді

Петропавл ежелгі шаһар болса да, тұрғындар саны 220 мың адамның төңірегіндегі шағын облыс орта­лықтарының біріне жатады. Соған қарамастан, есірткі тарату қылмысы қалада көп тараған. Полицияның есе­біне сүйенсек, есірткі таратумен айналысқаны үшін ұс­тал­ғандар саны артып отыр.

Қаланың орталық көшелерінің бірінде тұратын 38 жастағы адам ұсталған кезде өзінің синтети­ка­лық есірткі таратумен үш айдан бе­рі айналысып келе жатқанын мойы­ндаған. Ол ақысын төлем кар­тасы арқылы алғаннан кейін тұты­нушыларына есірткінің жыл­­тыр қағазға оралған дозасын белгілі жер­лерге тығып кету арқы­лы тарат­қан. Ұсталған адамды тінт­кенде 25 доза табылған. Бұл ұн­тақ­тардың пси­хотроптық заттар және мефедрон екені анықталды. Есірткінің жалпы салмағы 21 грамдай. «Мұнша есірткі 100 адамды мас қылуға жетеді», дей­ді Солтүстік Қазақстан облысы ПД Есірткіге қарсы күрес бас­қармасының басшысы, полиция подполковнигі Руслан Сапаров.

Синтетикалық есірткілердің әсері адамның психикасын бұзуға өсімдік тектестерден анағұрлым қатерлі. Қазір оны сату «қара базарды» жаулап алған.

Полиция қызметкерлері есірткі тасымалдаушыларды табуға қызмет­тік иттердің көмегін де пайдаланады. Тасымалдаушылар есірткі зат­та­рын неше түрлі қулықпен, табыл­майтындай етіп орап, тықса да, иттің өткір иісті сезу қабілеті оларды бәрібір бұлтартпайды. Полиция капитаны Болат Бекмағамбетовтің қарамағындағы лабрадор тұқымды Бэлла атты ит жеке үйді тінту ба­ры­сында полимерлі пакеттерге жасы­рылған өсімдік тектес затты қуыстарды иіскелеп жүріп тауып, құрылыс қоқыстары мен ескі темір пештің астынан тістелеп алып шыққан. Сараптама бұл заттың салмағы 6 кг-дан асатын марихуана және салмағы 49 гр болатын гашиш екенін анықтады.

«Бүгінгі таңда бізде барлығы 50 қызметтік-іздестіру иті қылмысқа қарсы күресуде көмек беріп жүр. Оның 22-сі кинологиялық қыз­мет орталығында, қалғандары қалалық басқарма мен аудандық полиция бөлімдерінде ұсталады. Әрқайсысы «жеке бағдарлама» бойынша үйретілген. Биылғы 9 айда қызметтік-іздестіру иттері 281 қылмыс, оның ішінде 121 ұрлықты ашуға көмектесті», дейді полиция майоры Самат Төлебаев.

Өткен айда тәртіп сақшылары жалдамалы пәтерде 100 полимерлік пакетке дозаларды бөліп, салып қойған 25 жастағы жігітті ұста­ды. Сараптама бұл заттың гашиш еке­нін анықтады. Табылған «олжа­ның» салмағы 2 килодан асады. «Гашиштің аса үлкен көлемі 200 грамнан басталады. Ал мына жағ­дайда ұсталушыға сот 15 жылға дейін бас еркінен айыру жазасын беруі мүмкін», дейді полиция под­пол­ковнигі Р.Сапаров.

Қараша айына дейінгі деректер бойынша Солтүстік Қазақстан полицейлері биыл барлығы 730 кг есірткі түрлерін тәркіледі. Оның ішінде 708 килосы – марихуана және кептірілмеген қарасора. Ал гашиштің көлемі 20 килодан асқан. Синтетикалық психотропты зат­тардың салмағы 2,2 кг болған.

 

ПЕТРОПАВЛ