21 желтоқсанда ел тарихында тұңғыш рет дзюдодан ерлер арасында командалық «Jenys Cup» турнирінің тұсауы кесіледі.
Бес салмақ дәрежесі (66 кг, 73кг, 81 кг, 90 кг және +90кг) бойынша өтетін дүбірлі додаға Қазақстаннан бөлек, Түркия, Франция, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Грузия және Испаниядан келген барлығы 17 команда қатысады. Татамиге шығатындар арасында Гурам Тушишвили, Лука Майсурадзе, Шалва Гурешидзе (Грузия), Сомон Махмадбеков, Ходжазода Бехруз (Тәжікстан), Басху Йондонпэрэнлэйн, Одхюгийн Цэцэнцэнцэнгэл (Моңғолия), Якуб Шамилов (Ресей), Шахрам Ахадов (Өзбекстан), Карамат Гусейнов (Әзербайжан) және тағы басқа белді балуандар бар.
Барлық қарсыласын қапы қалдырып, бас жүлдені олжалаған командаға 30 мың доллар берілсе, екінші орын алғандар 20 мыңды еншілейді.Үшінші сатыға табан тіреген қос клубтың әрқайсысы 10 мыңнан алады. Сонымен қатар жекелеген аталымдар бойынша үздіктер анықталып, оларға да қаржылай сыйлық беріледі. «Jenys Cup» турнирінің жалпы жүлде қоры 100 мың долларды құрап отыр.