Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл, Мамлют, Тимирязев аудандары – жер көлемі шағын әкімшілік бөліністер. Биыл қарашада елімізде алғаш рет қанатқақты режімде өткен сайлауда осы үш ауданның әкімін халық өзі сайлаған еді.
Ең үлкені деген Есіл ауданының жер көлемі – 5,1 мың шаршы шақырым ғана. Оның өзі 1997 жылы Ленин мен Мәскеу аудандары біріктірілгеннен кейін ұлғайған түрі. Ал ешкіммен біріктірілмеген Мамлют ауданының аумағы – 4,1, Тимирязев ауданының аумағы 4,5 мың шаршы шақырым. Жер көлеміне сәйкес халық саны да аудандарда шағын. Есілде – 21,3, Мамлютте – 17,8, Тимирязевте 11,3 мың адам тұрады. Халық арасында қазақтардың үлесі төмен, орыс этносының үлесі жоғары. Нақты айтсақ, Есіл ауданында қазақтар – 38, орыстар – 54,8, Мамлют ауданында қазақтар – 25,2, ал орыстар – 58,0, Тимирязев ауданында қазақтар – 37, орыстар – 45,4 пайыздан, қалғаны басқа этнос өкілдері. Аудандардың жері құнарлы, қара топырақты, ауа райы қолайлы жылдары бұл өңірде астық бітік шығады.
Есіл мен Мамлют – 1928 және 1932 жылы құрылған облыстың ежелгі аудандары, ал Тимирязев ауданы 1963 жылы тың игерушілердің үлкен легі қоныстануына байланысты ұйымдастырылған. Сондықтан да «Хмельницкий», «Интернациональный», «Москворецкий» деген ауыл атаулары көп. Есіл мен Мамлют аудандары облыс орталығына жақын орналасқан, Есіл ауданының орталығы Явленка Петропавлдан – 71, ал Мамлют ауданының орталығы Мамлютка 38 шақырым ғана қашықта. Сондықтан инфрақұрылымдары да біршама жақсы дамыған, ал Тимирязев ауданының орталығы Петропавлдан 236 шақырым жерде, шалғай жатыр.
Биыл Есіл ауданы 218 мың га жерге егілген дәнді дақылдар мен 47 мың гектар жерге егілген майлы дақылдардан 59,0 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін алды. Ауданның жаңа әкімі Мереке Мухамедьяровтың айтуына қарағанда, өңірде 50 ЖШС жұмыс істеп тұр, олардың қарамағында 9 мың тұяқ қара мал, 2 мыңдай қой және 1 мыңнан артық жылқы бар. «Өткен жылдың 10 айында ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалар 8 мың тоннадан аса сүт сауса, биылғы 10 айда оны 9 мың тоннаға жеткізген», деді әкім.
2022-2024 жылдары ауданға 5 ірі жобаны іске асыруға жалпы көлемі 15 млрд теңге инвестиция тартылмақшы. Соның ішінде «Атамекен-Агро-Корнеевка» базасында 1500 сиырға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жобаның құны 11 млрд теңгеден асады. «Азия-Тораңғұл» ЖШС 800 тұяқ асыл тұқымды қара малға арналған тауарлы сүт фермасының жобасын жүзеге асырмақшы. Бұл жобаның құны 3,6 млрд теңгені құрайды. Ал «Рустикус» ЖШС 1500 бас қойға арналған ферма құру жұмысын аяқтады. Қазір шаруашылықтың 700 бас қойы бар, қосымша 300 бас «Еділбай» тұқымдас қой сатып алынған. Жоба құны – 150 млн теңге. Негізгі капиталға салынған инвестициялар ағынының жалпы көлемі 10 айда 13 млрд теңгеден астам болды.
Бұл ауданда «Қазросресурс», «Солтүстік Қазақстан металлургиялық компаниясы», «Егін» атты үш өнеркәсіп орындары жұмыс істейді. Ауданда 981 ШОБ өкілдері тіркелген, олардың 923-і жұмыс істеп тұр. 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы 72 млн теңгенің 7 жобасы мақұлданған. 2024 жылға «Қызылжар Жолдары KZ» ЖШС кәсіпорны Явленка аулының жанында құны 800 млн теңге болатын асфальт-бетон зауытының құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ 2022 жылдан ауданда жалпы сомасы шамамен 3 млрд теңгеге 21 жел генераторын орнату бойынша «Грин Ера Компани» ЖШС өз жұмысын бастады, электр энергиясын өндіру бойынша жобаның болжамды қуаты 200 мегаватты құрайды.
Мамлют ауданы осы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы бойынша жалпы көлемі 37,9 млрд теңгенің өнімін алған. Ауданда биыл астықтың гектар берекелігі 17,2 центнерден айналып, барлығы 232,2 мың тонна астық және 33,6 мың тонна майлы дақылдар өндірілді.
Аудан экономикасына 10 айда 14 млрд 428 млн теңгенің инвестициясы құйылған. Аудан облыс орталығына жақын болғандықтан Петропавлдағы 42 азық-түлік жәрмеңкесіне қатысып, оларда 44,6 млн теңгенің 108,7 тонна ауыл шаруашылығы өнімін сатқан. «Біз Астана қаласының ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне де барып тұрамыз. Биылғы 10 айда елордаға 24,8 млн теңгенің 59,2 тонна азық-түлігін апарып, саттық», дейді сайланғанға дейін аудан әкімінің орынбасары болған Елена Степаненко.
Биыл Мамлют ауданының кәсіпкерлері 1,8 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімдерін шығарды. Соның негізгі үлесі «Мамлют ұн үгу комбинатына» тиесілі. Ежелден келе жатқан бұл кәсіпорын барлық өнеркәсіп өнімінің үштен бірін беріп отыр.
Ауданда 974 ШОБ нысаны тіркелген, олар биылғы 10 айда 4,4 млрд теңгенің өнімін өндірді. Осы уақыт аралығында 5 кәсіпкер құны 71,4 млн теңгенің мемлекеттік көмегін алды. Аудан аумағында аты алысқа кеткен «Меңгесер» сор көлі бар. Оның лайының емі суықтан болған сырқаттарға мың да бір ем. Жыл сайын ол жерге Қазақстанның аймақтарынан ғана емес, Ресей жерінен де адамдар келіп, емделіп, дем алып кетеді. Осы көлдің жағасын туризмге лайықтап абаттандыру мен инфрақұрылымын жақсарту жұмысы да аудан басшыларының назарында. Қазір жарқыраған үлкен көлдің бір бөлігін «Меңгесер» ЖШС алып, абаттандырған.
Тимирязев ауданының әкімі Ерлан Жаровтың айтуынша, биылғы 10 айда аудан ауа райының қолайсыз жағдайына қарамастан 221,6 мың тонна астық жинаған. «Жалпы, өнімнің бағасы 33,9 млрд теңгеге жетті. Ал аудан экономикасына құйылған инвестиция көлемі былтырғымен салыстырғанда 42 пайызға артып, 11,3 млрд теңгені құрады», дейді ол. Сонымен бірге мұнда қара малдың саны былтырғыдан – 1,5, жылқы саны 2 пайызға артқан. Аудандағы «Мерей» несиелік серіктестігінің көмегімен бизнестің 50 нысаны 1,4 млрд теңгенің несиесін алған. Ал «Солтүстік» ӘКК «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 63,7 млн теңгеге 12 жобаны іске асырған.
Тимирязев ауданында биыл пайдаланылмай жатқан 4,7 мың гектар мал жайылымы мемлекетке қайтарылып, ауыл тұрғындарының игілігіне берілді. Қазір тағы да 6,8 мың гектар жерді қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шетелдік кәсіпкерден де сот шешімімен 187 гектар жер қайтарылған.
Бүгінгі таңда аудан аумағында 2500 адамды қамтыған 753 бизнес құрылымы тіркелген. Жыл бойы олардың 33-не 151 млн теңгенің қолдау несиелері беріліп, 79 жаңа жұмыс орыны ашылды.
Осы үш ауданның ішінде автомобиль жолдары ең ұзыны – Есіл ауданы. Үлкен жолдың үстінде болғандықтан аудан аумағынан 505 шақырым автожол өтеді. Биыл 709 млн теңге сомасына жалпы ұзындығы 25 км Бесқұдық аулының кіреберіс жолын орташа жөндеу аяқталды. Бұл мәселені 15 жылдан бері округ тұрғындары көтеріп келген еді. 61,5 млн теңгеге жалпы ұзындығы 5,5 км Бұлақ аулының кіреберіс жолын жөндеу жобасы іске асырылып жатыр. Сондай-ақ биыл жалпы ұзындығы 13 км «Қарағай-Ақтас» ауылдарына кіреберіс жолды жөндеуге облыстық бюджеттен 25 млн теңге қаражат бөлінді. Елді мекендердің кентішілік жолдарын жөндеу бойынша 900 млн теңгеден аса қаржыға ұзындығы 27,2 км 5 жобаны іске асыру басталды.
Тимирязев ауданындағы автожолдардың жалпы ұзындығы – 328 шақырым, соның 78 км республикалық, 38 км облыстық, қалған 212 км аудандық маңызға ие. Биыл 258 млн теңгеге аудандық маңызға ие 19 шақырымдық «Есіл – Ақсуат» жолына жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ 295,3 млн теңгеге Хмельницкий кентінің кіреберісіне қиыршықтас төселді.
Жол жөндеу жұмыстары бойынша Мамлют ауданы алда келеді. Аумақта кейінгі үш жылда 185 км жол жөнделді. 2023 жылға тағы 454,2 млн теңге жергілікті жолдарды жөндеуге бөлінген. Соның ішінде биыл «Қызыләскер – Раздольный», «Белое – Щучье» бағытындағы жолдар жөнделді. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Новомихайловка мен Бексейіт ауылдарының ішкі жолдарын жөндеу жоспарланған.
Президенттің 2025 жылға дейін тұрғындарды 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету талабын іске асыру жұмысы үш ауданда да қызу жүріп жатыр. Соның ішінде Есіл ауданында қазір 32 ауыл немесе 88% тұрғын сапалы сумен қамтамасыз етілген. Алайда 2300 адам тұратын 21 ауыл немесе халықтың 11,2%-ы ұңғымалардағы суды пайдаланады. Биыл Амангелді аулын Пресновка топтық су құбырына қосу бойынша 11 млн теңгенің жұмысы орындалды. Жаңа жылда басқа ауылдарды да таза ауыз суға қосу жоспарланған.
Мамлют ауданындағы барлық 38 ауылдың 25-і таза ауыз сумен қамтылған. 13 ауылдың алтауында сумен қамту жобасы іске асырылып жатыр. Қалған ауылдарға ЖСҚ жасалады. Ал Тимирязев ауданындағы таза ауыз су мәселесі де әлі күнге толық шешілмей келеді. Ауданға үш магистралдық құбырдан су жеткізілсе де Ынтымақ, Ракитное, Ақжан ауылдарының халқы әлі күнге суды құдықтан ішеді, ал Приозерное мен Северное елді мекендеріне су тасылып жеткізіледі.
Міне, халық сайлаған әкімдердің алдында осындай шешілмеген проблемалар бар. Әлеуметтік саланың мәселелерін айтсақ, тіпті ұзаққа кетеміз. Алайда өз күштеріне сеніп, сайлауға түскен азаматтар халық сенімін ақтар деген үміт бар.
Солтүстік Қазақстан облысы