• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Спорт 05 Желтоқсан, 2023

Жастарға арналған футбол алаңы

229 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан құрамасының кейінгі уақыттағы жетістіктері ауыл балаларына үлкен сенім сыйлағаны анық. Осы ретте Балпық би ауылында жаңа футбол алаңы ашылды. Оның басты ерекшелігі Б.Оңғаров атындағы орталық стадионына жасанды жабын төселген. Бұл нысан – Қазақстан футбол федерациясының «Alañ» футбол алаңдарын жаңарту бағдарламасының шеңберінде жүзеге асқан жоба.

Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен қа­тар Қазақстан футбол феде­рациясының президенті Әділет Бәр­менқұлов, футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев те қатысты.

Кейінгі уақытта спорт сала­сындағы бастамалар өңірдегі жас­тарды жігерлендіріп жатыр. Жи­налған көпшілікті қуанышты оқиғамен құттықтаған облыс әкімі жастардың спортпен шұ­ғылданып, бос уақытын тиім­­ді өткізуіне мемлекет тара­пы­нан барынша жағдай жасалып отырғанын атап өтті. Мә­селен, биыл 14 спорт нысанының құ­рылысына облыс бюджетінен 8,1 млрд теңге бөлініп, соның алтауы пайдалануға берілген. Атап айтқанда, спорт кешендері, күрес залы, орталық стадион сияқты маңызды нысандар.

«Меценаттар, ірі компаниялар мен іргелі ұйымдар да осы іске атсалысып келеді. Батыр­жан Оңғаров атындағы орталық ста­дионының футбол алаңына «Қазақстан футбол Федерациясы» ассоциациясының демеушілігімен реновация жұмыстары жүргізілді. Федерация басшылығына жетісу­лықтардың атынан ризашы­лы­ғымды білдіремін. Осы алаң­нан та­лантты балалар спортта жарқы­рап шығады деп сенемін», деді Б.Исабаев.

Одан кейін сөз алған Қазақстан футбол федерациясының прези­денті Әділет Бәрменқұлов бола­шақ футбол жұлдыздары осындай ауылдық жерлерден шығатынын, сондықтан жергілікті жерлерде балаларды футболға баулудың маңызы зор екенін жеткізді. Сол сияқты Қазақстанның футболдан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев, жобаның бас демеуші компаниясының өкілі Кирилл Миличкин, Тал­дықорған қаласы Қоғамдық па­латасының төрағасы Виктор Бу­ков та көксулықтарға ізгі тіле­гін білд­ірді.

Қонақтар нысанның лентасын қиғаннан кейін алаңда «Жетісу» футбол командасы мен Көксу ауда­нының футбол командасы ара­сында жолдастық кездесу өтті. Іс-шара соңында ауылдың спорт­шы балаларына 100 доп таратылды.

«Батыржан Оңғаров атындағы орталық стадионының футбол алаңы жаңарған, жаңғырған кейіпте пайдалануға беріліп жатқаны – бәріміздің ортақ қуа­нышымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жол­дауында бұқаралық спортты дамыту, оған мейлінше көңіл бөлу турасында алдымызға үлкен міндет жүктеген еді. Сол міндетті мінсіз атқаруда бір­шама жұмыс жүргізіліп ке­леді. Осындай қолдаулардың нәтижесінде осы ауданнан да күні ертең есімін әлем білетін Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Мәулен Мамыров, Нұрбақыт Теңізбаев, Асхат Жіт­кеев, Айдын Смағұлов, Ж­әнібек Әлімханұлы сияқты ел мақтаныштары шығатынына сенімдімін. Өңірдегі басқа да спорт түрлеріне меценаттар мен кәсіпкерлер де қолдау көрсетіп жатыр. Мысалы, жыл соңына дейін «Жетісу» кәсіпқой волейбол клубының спортшыларына арналған 4 қабатты тұрғын үй ғимаратының, келесі жылы үстел теннисі орталығының құрылысы аяқталады. Қайта жаңғырған орталық стадион көптің игілігіне жарап, жастарды жігерлендіріп, спортта биіктерге талпындыра берсін», деді Ә.Бәрменқұлов.

Оның айтуынша, Прези­денттің бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасына сәйкес ҚФФ 2023 жылдың жазында «Alañ» фут­бол алаңдарын жаңарту бағ­дар­ламасын іске қо­сылған еді. Бағ­дарлама 3 жылға созылады және УЕФА қол­да­уы­мен жүзеге асырылады. Осы бағ­дарлама аясында Балпық би ауы­лындағы Б.Оңғаров атын­дағы стадионның футбол алаңы жаңғыртылған.

Негізі іс-шараның мақсаты – спорт­тық инфрақұрылымның сапасын арттыру, балалар мен жасөспірімдер футболын және бұқаралық футболды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау. Бұған дейін Ақтөбе қала­сын­дағы №2 БЖСМ стадио­нында алғашқы жаңартылған алаң пайдалануға берілген еді. «Alañ» бағдарламасы аясында ел өңірлерінде жалпы саны 20 фут­бол алаңын осылайша тегін жа­ңарту жоспарланған.

Өңір әкімінің баспасөз қыз­метінің мәліметінше, жалпы құры­лыс жұмыстарының құны 197,8 млн теңгені құраған. Құры­лыс биыл қыркүйек айынан бастап жүргізілген. Футбол алаңының ескі жабыны мен төселген топы­рағы түгелдей алынып, жаңадан жасанды жабын төселді. Бес қа­баттан тұратын алаңға ірі тастар, геотекстиль, қиыршық тас және ең үстіңгі қабатына жасанды жабын төселінген.

Бұған қоса Сарқан қаласын­дағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің қасындағы орта­лық стадионының жаңа кей­пі де ауыл балаларының қуаны­шын еселеді. Ойын алаңы сол маң­да тұратын балалар мен жасөспірімдер үшін саламатты өмір салтын ұстанатын орынға ай­налып үлгерген. Тұрғындардың бой жазып, сергуіне ықпал етіп, бос уақыт өткізетін спорт нысанының заман талабына сай жаңартылғанына көп болған жоқ.

«Сарқан қаласындағы орта­лық стадионды қайта жаңғырту жұ­мыстарын «Нұр Шапағат Құры­лыс» ЖШС жүргізді. 2022 жылы 15 тамызда жасалған №226 келісімшарт бойынша құ­рылыс жұмыстарының құны 659 млн 57 мың теңгені құрады. Ны­сан биыл қазан айында қол­дануға берілді. Тапсырыс беру­ші – Жетісу облыстық құры­лыс басқармасы. Жоғары стан­дарттарға сай салынған футбол алаңы көрермендер мен жан­күйерлерге арналған жабық три­буна­лармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ жүгіру жолағы мен снаряд лақтыратын алаң да қарас­тырылған», дейді аудан әкімінің орынбасары Жомарт Мыңбаев.

Шынында, жүйелі жаттығу адамның иммунитетін күшей­тіп, дерттерге қарсы тұруға сеп­­тігін тигізеді. Есте сақтау қа­­бі­летін жақсартып, тыныш ұй­қы сыйлайтын спорт бел­сен­ділік­ті арттырып, жүрек-қан­та­мыр жүйесінің жақсаруына ай­­рықша көмектеседі. Демек ауыл балаларының спортпен айналысуы ұлт үшін тағы бір маңызға ие.

 

Жетісу облысы