Жақында Астана қаласындағы Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясына халықаралық Абай атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қорының директоры Аслан Ғафуров бастаған топ қонаққа келді.
Спорт академиясында өткен дөңгелек үстелге жоғары оқу орнының ректоры Болатбек Дүкетаев, академияның проректорлары Айбол Көлбаев, Тұрсынзада Қуанғалиева, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай» академиясы ҒЗИ жетекшісі Жандос Әубәкір және ақпарат құралдары өкілдері, ғалымдар қатысты.
– Абай данышпан ұлттық спорт түрлеріне де бейжай қарамаған. Бәйге аттарын ұстаған, көкпар десе елеңдеп, үйінде отыра алмаған. Көкпаршыларға ақыл-кеңес беріп отырған. Біздің Астанадағы спорт академиясына келіп, меморандумға қол қоюдағы мақсатымыз – білім алып жатқан жастардың бойында елі мен жерін сүйетін қасиет қалыптастырып, спортта жақсы нәтижелерге жету, – деді А.Ғафуров.
Академия ректоры Болатбек Асылбекұлының айтуынша, ашылғанына небәрі екі жыл болған оқу орнында бұл күндері 800-ге тарта спорт саңлақтары мен болашақ бапкерлер білім алып жатыр.
Меморандум аясында тараптар ғылыми-әдіснамалық, ақпараттық, сараптамалық қызмет саласында, сондай-ақ спорт саласында ұлттық құндылықтар негізінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру, конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, консультациялық көмек көрсету бағытында ынтымақтастық орнатпақ. Ұлттық спорт түрлерінен түрлі деңгейдегі дүбірлі жарыстарды жиі өткізіп тұру басты назарда болмақ.
Спорт академиясы мен «Абай» қоры осылайша игілікті істі қолға алды. Іс-шара барысында академия студенттері Абайдың қара сөздеріне негізделген қойылым қойып, өздерінің білімді екенін көрсетті.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист
АСТАНА