Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» кейінгі екі ойында Магнитогорскінің «Металлургі» және Череповецтің «Северсталін» ұтып, өз жанкүйерлерін бір қуантқан еді.
Сейсенбіде жерлестеріміз Омбыға сапар шегіп, тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде үшінші орында тұрған «Авангардпен» күш сынасты. Бұл бәсекеде айдын иелері айқын басымдық танытты. Бірінші кезеңде Иван Игумнов пен Александр Филатьев қатарынан екі гол соқты. Үзілістен кейін Еміл Нұрғалиевтің керемет пасынан соң Евгений Рымарев есеп айырмашылығын қысқартты. Бірақ одан әріге астаналықтардың шамасы жетпеді. Үшінші кезеңде «Авангардтың» ойыншылары қонақтардың қақпасын тағы үш мәрте дәл көздеді. Есеп – 5:1. Бұл голдардың авторлары – Дамир Шарипзянов, Иван Николишин және Семен Чистяков.
ҚХЛ-да өнер көрсетіп жүрген 23 команданың арасында 22-орынға тұрақтаған «Барыстың» қоржынында 31 ұпай ғана бар. Енді олар келесі кездесуін бүгін Новосібірдің «Сибирь» клубына қарсы өткізеді.