Қазақ өнерінің мәтеліне айналған «Танығың келсе Дәнешті, жантайып жатып ән есті» дейтін оймақтай лепес сізге де аян шығар. Дала сазы кеудесіне қонақтаған дүлдүл әнші, халық әртісі Дәнеш Рақышевтың есімі Жетісу жұртының ғана емес, мұқым елдің есінде. Осы ретте өнер саңлағының облыстық филармонияға есімі беріліп, тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылды.
Бұл игілікті іске ұйытқы болған – облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың өзі. Былтыр ғана Жетісу облыстық филармониясының құрылуына мұрындық болған өңір басшысы қоғам зиялыларымен ақылдаса келе Жетісудың ән өнерін асқақтатқан алып тұлға Дәнештің мұрасын дәріптеуді тапсырған еді. Міне, сол мақсат-мүдденің негізінде Талдықорғандағы облыстық филармония ғимаратының төбесіне әйдік әншінің есімі жазылды. Осы оқиғаға орай өңір орталығында «Жетісу дүлдүлі» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Талдықорған қаласындағы Назарбаев көшесі, 101-үйдің қабырғасына «Бұл үйде Қазақстанның Халық әртісі Дәнеш Рақышев тұрған» деген жазуы бар тақта орнатылды. Іс-шараға облыс ақсақалдары, мәдениет саласының өкілдері қатысты. Арнайы қонақтардың бірі Халық әртісі Рамазан Стамғазиев жетісулықтарға өзінің ізгі тілегін білдірді.
«Бүгінгі күн Жетісу жұртшылығының ғана емес, тұтас қазақ өнерінің қуанышы деп білемін. Қазақтың ән өнеріне үлкен үлес қосқан Дәнеш ағамыз тұрған қасиетті шаңыраққа тақта орнатылып отыр. Мен саңлақ әншіні ең алғаш рет өнер байқауында көрдім, онда байқауға қазылық етуге келді. Сол шақта таныстым, адамгершілігіне, талантына тәнті болдым. Бүгінде Дәнеш ағаның шәкірттері – өнерде өз орындарын тапқан белгілі әншілер. Дәнеш Рақышевтың есімі қазақ өнерімен бірге жасай береді», деді ол.
Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков, Дәнеш Рақышевтың қызы Гүлнар және әншінің шәкірттері сөз алып, көпшілікке құттықтау лебіздерін жеткізді.
Атап өтсек, облыстық филармонияға Қазақстанның халық әртісі, әнші, композитор Дәнеш Рақышевтың есімі берілуіне орай филармония ғаимаратында арнайы концерт өтті. Оған Дәнеш Рақышевтың төл шәкірттері, атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мырзахмет Мұқаманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақберген Асқарбеков, мәдениет қайраткері Абылайхан Қармысов, Серікбол Шыныбаев, Нұржан Жанпейісов және ізін жалғастырушы, мәдениет саласының үздіктері, Арафат Ысқақов, халықаралық байқаулардың лауреаты Құралай Шаяхметова сынды өнер майталмандары қатысты. Сонымен қатар Халық әртісі Рамазан Стамғазиев те өз өнерін паш етті. Концертте Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі, «Жетісу сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі және облыс өнерпаздары өнер көрсетті.
«Дәнеш Рақышев – қарапайым өмір кешкен адам. Жаркент өңірінің Талды ауылында туып, төрт жасында зорлап колхоздастыру зардабынан қашқан отбасымен бірге Шығыс Түркістан асып кетеді. Оның мінез-құлқы, өнерге құштарлығы қазақы ортада қалыптасады. Әкесі Рақыш ауыл арасында айтысқа қатысқан ақын, әнші, сері мінезді кісі болыпты, ал шешесі Тәжіхан әнші екен, қайым айтысқа да қатысқан кісі дейді. Рақыш екеуі сондай айтыс үстінде табысыпты. Дәкеңнің тапқан шешесімен қатар, Ақманар атты баққан шешесі де болған. Ақманар бет біткеннің әдемісі, аса ажарлы әйел болыпты, тигені Рақыштың жақын ағайыны, жазушы, марқұм ініміз Тұрсынғазы Әлпейісовтің туысы екен. Сері жігіт пен сұлу келіншек көңіл қосып, Рақыш алып қашып үйленіп, ағайын арасы біраз дүрбелеңге түсіпті. Ақыры ақсақалдар ашуды ақылға жеңдіріп, екі жақты ебін тауып татуластырыпты. Әкенің қанында бар сол серілік Дәкеңе де серік болыпты. Он жасынан өлең айтып көзге ілінсе, он бесінде сері бала атаныпты. Әуелі сырнай тартып ән салса, кейін домбыраға біржола ауыпты», дейді жазушы Бексұлтан Нұржекеев.
Еске салсақ, Дәнеш Рақышев 1986 жылы Қазақ КСР халық әртісі атағына ие болды. Қазақтың ән қоржынына 150-ден астам Әсеттің әндерін, халық әндерін, басқа да халық композиторлары мен қырғыз әндерін, Қазақстан композиторларының және 100-ге жуық өз әнін асқан шеберлікпен орындап қалдырды. Жетісуда Дәнеш Рақышевтың есімі әншілік-орындаушылық мектебін қалыптастырушы тұлға ретінде тарихта қалды. 90-жылдары Талдықорғандағы қазақ мектеп-интернатында және Жетісу мемлекеттік университеті музыка факультетінде өз класын ашып, талапты балалар мен жастарды әншілікке баулыды.
Жетісу облысы