Лудомания қазіргі заманда адамды аздыратын, оны қоғамнан өгейлендіретін аса қауіпті әлеуметтік дертке айналды. Әсіресе кейінгі жылдары құмар ойынға арбалған жастар мен әйелдер санының тым көбейіп бара жатқаны алаңдатады.
Оңай жолмен ақша тапқысы келетін жастарымыздың көбеюіне адамды еліктіретін, аяқ басқан сайын кездесетін жарнамалар себеп болды деп айтуға негіз бар. Соның бір дәлелі – елімізде 2019 жылмен салыстырғанда құмар ойындарына бәс тігу өткен жылы 40 есеге артқан. Интернетте бәс тіксең, мол ұтысқа кенелесің деген қызылды-жасылды жарнама өте көп. Қалада супермаркеттер мен әуежай, теміржол вокзалдарына кіргенде құмар ойынға қызықтыратын шақыртулардан аяқ алып жүре алмайсың.
Салыстырмалы түрде қарасақ, құмар ойын және бәс тігудің ауқымы спорт, демалыс, саяхаттаудан – 21,3 пайыз, кітапхана, мұрағат, мұражайлар және басқа да мәдени нысандар қызметінен 9 есе, өнер және шығармашылық саласынан 12 есе көп. Ойын бизнесі кәсіпкерліктің қызмет көрсету саласының артына мұқият жасырынған. Кейінгі он жылдың ішінде еліміздегі ойын бизнесінен түскен пайда орта есеппен 25 пайызға көбейсе, 2019-2022 жылдар аралығында құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу қызметінің айналымы 115 трлн теңгені құрапты. 2022 жылдың өзінде ғана елімізде ойын бизнесінен түскен кіріс 500 млрд теңгеден асқан. Алайда әр цифрдің артында адам тағдыры тұрғанын естен шығармауымыз қажет.
Парламент депутаттары ойын бизнесін қатаң мемлекеттік реттеу жөніндегі мәселені дер кезінде көтеріп отыр. Шындығына келгенде, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Басы ашық жайт – лудоманияның арты қылмыс, отбасының күйреуі, адамның несие қақпанына түсуі, күйзелісі. Асқынса, соңы суицидке де келіп тіреледі. Буыны бекімеген көп жас оң-солын ажырата алмай лудоманияның қара түнегіне батып бара жатқаны – бүгінгі қоғамның асқынып бара жатқан жарасы. Сондықтан да ойын бизнесінің жарнамасына тосқауыл қойып, оның құқықтық нормаларын қатаң реттейтін кез жетті.
2007 жылы қабылданған «Ойын бизнесі туралы» заңның нормалары ескірді, оған түбегейлі өзгерістерді тезірек енгізу қажет. Ол үшін ең алдымен құмар ойын жарнамаларын қоғамдық орындардан алып тастау керек. Туризм және спорт министрлігі әзірлеген ойын бизнесі туралы нормативтік-құқықтық акті жобасымен танысып, онлайн-талқылауына да қатыстық. Көзімнің жеткені, бұл жерде ойын бизнесінен зардап шегіп жатқан отандастарымыздың жанайқайы емес, осы саладағы кәсіпкерлердің дауысы қаттырақ шығып жатыр. Жасыратыны жоқ, ойын бизнесіндегі кәсіпкерлерді өз мүдделері алаңдатады. Ал сонда қарызға белшесінен батып жатқан азаматтарымыздың жағдайын кім ойлайды? Құмар ойын талай отбасыны күйретіп жатқанын көріп жүрміз. Басы айналып, бәске кіріп, қарызға белшесінен батқан күйеуін немесе баласын ойлап, шарасыздықтан не істерін білмей басы қатқан талай ана қабылдауымызға келді. Ақтөбеде тәп-тәуір табыс тауып, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген бір келіншектің күйеуі лудоманияның құрығына ілігіп, үйін, көлігін, бар ақшасын салып жіберген. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп жүрген кәсіпкер келіншек күйеуінің лудоманияға ұшырағанын бірден білмеген. Ақыры отбасы күйреді, күйеуі қаңғып кетті, келіншек бүкіл жиған-тергенінен айырылып, екі сәбиімен далада қалды. Мұндай жағдайлар ел ішінде көп кездеседі. Біреудің отбасын ойрандаумен, бала-шағасының баспанасын тартып алумен тапқан кіріс – арам нәрсе. Мұны ешбір сылтаумен ақтап алуға болмайды.
Ана, депутат ретінде талаптары күшейтілген «Ойын бизнесі туралы» жаңа заңның тезірек қабылдануын құптаймын. Осы заңда қарапайым азаматтардың мүддесі ескеріліп, күмәнді баптар қосылып кетпеуі үшін қоғам болып үн қосуымыз керек. Жобада заңды бұзған кәсіпкердің лицензиясы тоқтатылып, орта бизнеске 300 АЕК, ірі бизнеске 1000 АЕК айыппұл салынуы қарастырылған. Өз басым отбасын қарызға батырып, үйіндегі әке-шешесін жылатып, бала-шағасының аузынан ақша жырған ойынқұмарлар арқылы пайдаға кенелген кәсіпкерлерге айыппұл мөлшерін өсіруді қолдаймын. Қажет болса, оларды лицензиясынан айыру керек.
Анар ДАРЖАНОВА,
Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы