• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жастар 06 Желтоқсан, 2023

Кореяға саяхат

245 рет
көрсетілді

Жақында Талдықорғандағы На­зарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Оңтүстік Кореяның же­текші оқу орындарын арнайы аралап қайтты. Сапар Ко­рея Рес­пуб­ликасы Туризм, мә­де­ниет және спорт министрлігі және Корея елшілігіне қарас­ты білім беру орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.

Мектеп оқушылары бес университет­ті, зертханаларды, студенттік үйлерді ара­лап, қабылдау комиссияларымен, елдегі шетелдік студенттердің тыныс-тір­шілігімен танысты. Сондай-ақ жас ға­лымдар мен болашақ көшбасшылар даярлаудағы тәлім-тәжірибесімен таныс­ты. Бұл өңірдегі жастардың әлемге қарап бет түзеуіне үлкен мүмкіндік бермек.

Шынында әрбір жоғары оқу орны­ның өз ерекшелігі бар. Мысалы, Корё университеті – елдегі ең көне оқу орын­­­да­рының бірі. Атақты түлектердің қата­рында ел пре­зиденттері де бар. Білім ордасында 59 ака­де­миялық факультет пен бағдар­лама жұмыс істейді. Оның әрқайсысы – бір-бір мектеп.

12-сынып оқушысы Асқар Қалиға Кореяның ғылым және технология инс­титуты (KAIST) ұнады. Білім шаңырағы әлемдегі ең беделді және инновациялық университеттердің бірі ретінде танымал. Мұнда оқыған білімпаздар кез келген мемлекетте еркін қызмет ете алады. Тіпті Азия университеттері арасында 8-орында тұр. «Университетте қалаған мамандықты таңдауға болады. Оқу ағылшын тілінде өтеді. Бұл біздің жүйеге сай, сондықтан ешқандай қорқыныш жоқ. Университет тамаша стипендиялық жүйені ұсынады. Сондай-ақ оқуды бітіргеннен кейін Google, LG, Samsung, Audi сияқты ірі компанияларда жұмыс істеуге мүмкіндік бар», дейді Асқар Қали.

Yonsei университеті болса Кореяның «Плющ лигасының» атағын лайықты түрде иеленіп келеді. Бұл оқу орны 10-сынып оқушысы Айым Бауыржанқызына ерекше әсер қалдырды. Yonsei – Сеул ұлттық университетімен және Корё университетімен бірге елдегі ең беделді үш (SKY) жоғары оқу орнының бірі. Үш университеттің кез келгеніне түсу – табысты болашақтың кепілі. Жас маман мансап пен жоғары әлеуметтік мәртебе алу үшін сол оқу орындарын жиі таңдайды. «Гуманитарлық бағдар­ламалары бірден елітіп әкетеді. Сіз бірінші оқу жылының соңына қарай өз ма­ман­дығыңызды таңдай аласыз. Биылдан бастап Yonsei университеті NIS түлек­терінен ұсыныс хат талап етпейді. Бұл біз үшін тағы бір тамаша мүмкіндік. Болашақта осында оқығым келеді», дейді Айым.

Сапар барысында мазмұнды бағдар­лама ұйымдастырылды. Жас саяхатшылар тарихи рөлі жоғары «Кёнбокгун» сарайын, «Самсунг» мұражайын, әйгілі «Нант» аспаздық шоуын тамашалап, Lotte World Adventure ойын-сауық сая­бағын аралады. Кореяның мәдени мұра­сына қанығып, өз елінің салт-дәстү­рімен салыстырды.

Талдықор­ғандағы зияткерлік мектеп пен Корея ара­сындағы білім саласындағы ынтымақ­тастық туралы меморандум 2020 жылы жасалған. Содан бері жыл сайын оқушы­лар саяхат жасап, армандарына қол созып келеді. Ең бастысы, заманауи білім мен ғылым саласындағы ерекшеліктерді өзара ортаға салып, жастардың санасына сәуле түсіру үстінде. Талдықорғандық оқушылар 2011 жылдан бастап корей тілін үйреніп жүр. 2018-2019 оқу жылында 10-сыныптарға корей тілін екінші шет тілі ретінде оқыту міндетті болып саналады. Сөйтіп, дәстүрлі түрде оқу жоспарына енгізілді. Енді Кореяға қонаққа барған әрбір шәкірт жергілікті тұрғындармен еркін тілдесе алады. 2012-2015 жылдары  мектепте «Қазақстан-Корея» білім алмасу жобасы жүргізілді. Оқушылар Сеул қаласындағы Танже мектебінде оқып, тәжірибе жинады.

 

Жетісу облысы