Өңірде волонтерлер әрдайым белсенді, оларды барлық шаруаның басы-қасынан көруге болады. Облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Абылай Фазылбектің айтуынша, волонтерлікті дамыту жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес волонтерлік қызметті жүйелі дамыту, бастамалар мен жобаларды қолдау және үйлестіру үшін жастар ресурстық орталығы жанынан облыстық «Волонтерлер фронт-офисі» және «Волонтерлер корпусы» тобы құрылған. Топтың бөлімшелері өңірдің барлық қала-ауданында жұмыс істейді.
«Фронт-офистің қолдауымен бүгінге дейін волонтерлік топтар мен ұйымдардың 1800-ге жуық бастамасы жүзеге асырылды және 50-ге жуық волонтерлік ұйым мен бастамашыл топ әкімшілік, ақпараттық және консультациялық қолдау алды», дейді А.Фазылбек.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысында волонтерлікпен айналысатын 53 бастамашыл топ, 10 үкіметтік емес ұйым бар. Өңірде барлығы 5 230 волонтер қызмет көрсетеді, оның ішінде 14-35 жас аралығындағы волонтер саны 4 540 адамды құрайды. Сондай-ақ облыс бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы 21 волонтерлік клубта 1363 студент волонтерлік қызметпен айналысады.
2023 жылы өңірдің волонтерлік ұйымдары мен бастамашыл топтары және мемлекеттік мекеме өкілдерінің қатысуымен волонтерлік қызметті дамыту және оны жүйелендіру мәселелері талқыланып, Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысымен ҮЕҰ үшін «Жастар арасында волонтерлікті насихаттау, жастар ортасында әлеуметтік-мәдени белсенділікті арттыру, сондай-ақ Маңғыстау облысында волонтерлік қозғалысты дамыту» тақырыбында 9 221 млн теңге сомасына мемлекеттік грант жарияланып, «Жалын PRO» қоғамдық қоры жеңімпаз атанды. Грант аясында аймақтағы волонтерлік топтар мен ұйымдарға арналған 300 мың теңге көлемінде 15 шағын грант берілді. Қазіргі таңда жеңімпаздар өз жобаларын жүзеге асырып келеді. Олардың арасында экологиялық бағыттағы, жас наубайшыларға, үй жануарларын зарарсыздандыруға арналған, спорттық бағыттағы жобалар бар. Аталған грант аясында волонтерлік топтар мен ұйымдардың кемінде 40 жетекшісі кешенді оқытудан өткізу және жыл соңына дейін волонтерлік бағыттағы кемінде 30 іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Жыл басынан бірқатар волонтерлік ұйымның ұйымдастыруымен өңірде экологиялық акциялар ұйымдастырылып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты аналарға, қарт адамдарға материалдық, психологиялық көмектер көрсетілді. Мысалы, «Біз адамбыз – біз біргеміз» қоры ай сайын жалғызбасты аналарға тегін массаж курсын үйретіп, жағдайы төмен отбасындағы және мүгедектігі бар балаларға тегін массаж жасап, ай сайын әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған жәрмеңке ұйымдастырып келеді. Ал «Атадан мирас» қоғамдық қоры «Biz birgemiz!» жобасы аясында 320 мұқтаж отбасыны бір айлық азық-түлікпен қамтамасыз етті. «Клуб добряков» тобы және «Ақтау қайырымды жандары» тобы жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі және көпбалалы отбасы санатына жататын азаматтарға үздіксіз әлеуметтік және қаржылай көмек көрсетсе, құрылғанына 3 жыл толған «Көмек Жаңаөзен» қайырымдылық тобы бүгінге дейін тұрмысы төмен 39 отбасыны баспанамен қуантты.
«Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Жалпы, аталған игі істерге волонтерлік ұйымдардан 2 мыңға жуық волонтер белсенді түрде атсалысты. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасына сәйкес 2024 жылы аймақтағы волонтерлік бастамаларға қолдау көрсету және Маңғыстау облысының волонтерлік фронт-офисінің жұмысын ұйымдастыру бойынша қаржы қарастырылып, мемлекеттік гранттар іске асады», деді А.Фазылбек.
Маңғыстау облысы