Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында бірқатар заң жобасы ратификацияланды. Сондай-ақ депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады.
Бірқатар құжат ратификацияланды
Жалпы отырыста депутаттар Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялады. Құжат 2022 жылдың 12 қазанында Астанада жасалған. Оның мақсаты – инвестициялық қызмет үшін қолайлы жағдайлар жасау, тікелей шетелдік инвестициялар ағынын ынталандыру және уағдаласушы елдердің экономикалық әл-ауқатын жақсарту.
«Бұл құжат екі мемлекет аумағында инвестициялық қызметті жүзеге асыру кезінде инвесторлардың халықаралық құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өту қажет. Келісім инвестициялық қызметті жүзеге асыру кезінде инвесторлардың құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз ету арқылы ынтымақтастықтың құқықтық негізін құрып отыр. Бұл ретте инвестициялық ахуалды жақсартуға және елдер арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жағдай жасалады. Құжат ратификацияланған жағдайда оны іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды және республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева.
Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші мемлекеттің инвесторларын ынталандыруға және оларға қолайлы жағдай жасауға міндеттеледі. Инвестициялар басқа Уағдаласушы елдің аумағында әділ және тең режіммен және толық қорғау мен қауіпсіздікпен қамтамасыз етіледі. Әрбір Уағдаласушы тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес экономиканың сезімтал секторларын және (немесе) олармен байланысты кәсіпкерлік қызмет түрлерін белгілеу құқығын өзіне қалдырады.
Сонымен қатар 2018 жылғы 21 қарашада қол қойылған Қазақстан мен Сингапур үкіметтері арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім ратификацияланды. Келісімнің мақсаты – неғұрлым тығыз екіжақты экономикалық ынтымақтастық үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, екі мемлекеттің де әл-ауқатын арттыру.
«Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші серіктестерінің бірі және әлемдегі маңызды қаржылық хабтардың біріне айналған. Қазір инвестиция саласында екіжақты қарым-қатынастар белсенді дамып келеді», деді Н.Нұрбаева.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан экономикасын дамыту үшін Сингапур инвестицияны тиімді басқарудың тәжірибесі мен технологиясын ұсына алады. Бұл құжат аясында инвесторлардың халықаралық құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету ескерілген.
«Атап айтқанда, келісім инвестициялық қызметті жүзеге асыру кезінде инвесторлардың құқықтарының кепілдіктерін бекіту арқылы ынтымақтастықтың құқықтық негізін құруды қарастырып отыр. Құжат ратификацияланған жағдайда, оны іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды және республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді», деді министрдің орынбасары.
Келісім аясында бірінші тарап екінші елдің инвесторларын өзінің ұлттық заңнамасы мен жалпы экономикалық саясатына сәйкес өз аумағына инвестициялауға ынталандырады және қолайлы жағдай жасайды. Сондай-ақ екінші тарап мемлекеті инвесторларының инвестицияларына әділ және тең құқықты режімді, халықаралық құқыққа сәйкес толықтай қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Мәжіліс депутаттары 1999 жылғы 4 маусымда Өнертабыстарды құқықтық қорғау саласында мемлекетаралық құпиялардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімнің қолданылысын тоқтату туралы хаттаманы ратификациялады. ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде Келісім қолданылған кезең ішінде, КСРО-да іс жүргізу аяқталмаған және қорғау құжатының қолданылу мерзімі бітпеген құпия өнертабыстарға қорғау құжаттарын беру туралы бірде-бір өтінішхат берілген жоқ.
Құжаттың өзекті болмауын ескере отырып, ТМД Сыртқы істер министрлерінің кеңесі оның жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдады. Тиісті хаттамаға 2021 жылдың 4 наурызында қол қойылған.
Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, келісімнің ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде қолданылу мерзімінің барлық кезеңінде КСРО-да жасалған құпия өнертабыстарға қорғау құжаттарын беруге бірде-бір өтініш берілмеген.
«Өнертабыстарды қорғау мерзімі 20 жылды құрайтынын атап өткен жөн. Қазір КСРО-да жасалған барлық өнертабыстар бойынша қорғау құжаттарының әрекет ету мерзімі өтіп кетті. Осыған байланысты ТМД Атқарушы комитеті Келісім маңыздылығының жоқтығына байланысты оның қолданысын тоқтату туралы мәселе көтерді. Қазақстан Республикасы Келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттамаға 2020 жылғы 8 желтоқсанда қол қойды. Келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы Заңын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды және мемлекеттік бюджеттен қосымша шығыстарды талап етпейді», деді Әділет министрі.
Мәжіліс жалпы отырыста 3 заң жобасын жұмысқа алды. Олар ғылым және технологиялық саясат туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер, дипломатиялық қызмет мәселелері бойынша түзетулер.
Қоғамды су мәселесі алаңдатады
Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелердің басшыларына сауалдарын жолдады. Бақытжан Базарбек су тапшылығы мәселесін көтерді. Оның айтуынша, дабыл қағатын уақыт келіп отыр. Өйткені 2040 жылы елімізде су тапшылығы 15 млрд текше метрді құрамақшы. Бұл – шамамен Арал теңізіне пара-пар.
«Елімізде таза ауыз су ретінде пайдаланатын судың көлемі кемі 50 пайызға азаяды. Сонда әрбір екінші отандасымыз ауыз сусыз қалады деген сөз емес пе? Ал ауыз сусыз адам 3 күн ғана өмір сүретінін білесіздер. Бұл – өте қауіпті. Екіншіден, еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады. Бұл мәселе жыл сайын қайталанып отырса да әлі күнге шешілер емес. Табиғаттың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз. Мәселен, Кеңес кезінде әрбір совхоз жауын-шашын мен қар суын жинайтын. Шағын су қоймалары болатын. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы мәселесін дер кезінде көтеріп, арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды. Бірақ бүгінгі Үкіметтің салғырт әрі баяу қимылынан жақын арада су тапшылығы мәселесі шешімін таппайтындай көрінеді. Оған бірнеше дәлеліміз бар. Мысалы, ресми дерек бойынша елімізде 1 478 гидротехникалық құрылғы бар. Соның ішінде 342 су қоймасы, 219 дамба, 119 су торабы, 313 тоған бар. Олардың 333-і республикалық меншікте, 895-і – коммуналдық меншікте, ал ең қызығы 228-і жеке меншікте болса, 22-і иесіз екен», деді Б.Базарбек.
Премьер-министрге жолдаған сауалында депутат су қоймалары ең басты стратегиялық нысан екеніне назар аударды. Сондықтан еліміздегі мұндай маңызды су сақтау нысанының көпшілігі жекешеленіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді.
«Су қоймалары мен көлдердің қожайындарының не істеп, не қойып жатқаны белгісіз. Олардың қаншалықты тозығы жетіп тұр, оны нығайту бойынша қандай шаралар қолға алынған, ол жағы да беймәлім. Жекеменшік нысан болғаннан кейін оның аумағына ешкім бас сұқпайды. Мемлекеттік бақылаудан да тыс қалған. Ал жекелеген фактілер бойынша мемлекеттік жер кадастрі базасында тіпті табиғи жолмен қалыптасқан көлдер жер телімі ретінде беріліп кеткен. Қожайындары көлдерді қоршап, халықтың наразылығын тудырды. Бұл кемінде 5-6 облыста кездесетін жағдай.
Сондықтан еліміздегі осындай нысандарға толықтай түгендеме жасап, жай-күйін нақтылау, қажет болса, оларды тез арада мемлекет меншігіне қайтару – кезек күттірмес іс. Мысалы, бөгендердің салынғанына 30-40 жылдан асса, онда апат болу қаупі артады. Олардың жай-күйі қандай, қаншасының тозығы жеткен, қаншасына жөндеу жұмыстары қажет деген мәліметтер анық емес. Бұл жауапты мемлекеттік мекеме тарапынан бақылау мен мониторингтің әлсіздігін көрсетеді», деді Б.Базарбек.
Депутат каналдар мәселесінің маңызына да жан-жақты тоқталды. Б.Базарбек келтірген мәліметке сүйенсек, елімізде шамамен 3,5 мыңдай магистралдық және шаруашылық каналы бар. Олардың жартысынан астамының әбден тозығы жеткен. Соның салдарынан 60 пайыз су құрдымға кетіп жатыр.
«Бұл – үлкен шығын. Демек бар судың өзін ысырап етіп, дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Нағыз үнемдеу осы жерде. Жалпы, каналдардың кімнің иелігіндегі екені де анық емес. Судың сұрауын сұрайтын кез жетті. Қасым-Жомарт Кемелұлының осыған ерекше назар аударып, каналдарға қатысты берген тапсырмасы өте орынды. Оны толығымен қолдаймын. Бұл мәселені өткен аптада әріптесім Болатбек Нажметдинұлы да көтерген болатын. Судың жайы бәрімізді де алаңдатып отыр. Осыған орай, мәселенің маңызын ескере отырып, «Amanat» партиясы жанынан арнайы комиссия құру қажет деп санаймын. Партияның «Жер аманаты» аясында жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудағы табанды іс-әрекеті көпке белгілі. Осы тәжірибені каналдарға қатысты да қолдануға әбден болады», деді Б.Базарбек.
Депутат еліміздегі жекеменшікке өтіп, бірақ қараусыз қалған, жұмыстары үйлестірілмеген су қоймаларын, дамбаларды, көлдерді, бөгендерді және тағы да басқа стратегиялық маңызды су нысандарын мемлекетке қайтару шараларын қолға алуды ұсынды. Сондай-ақ осы салада заңсыздыққа жол беріп, талапқа бағынбайтындарды қатаң жазаға тартуға шақырды.
Активтерді қайтаруға қатысты сауал
Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловқа, Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіковке активтерді қайтару мәселесі бойынша жүгінді. Оның айтуынша, Активтерді қайтару жөніндегі комитет екі ай бұрын құрылғанымен, оның іс-әрекеті жөнінде мүлдем хабар жоқ.
«Комитеттің қызметінен қоғам мақұрым. Сондықтан активтерді қайтару жөнінде заң қабылдаған депутаттардың Асылов пен Сүйіндіков мырзалардан мына сұрақтардың жауабын білгісі келеді. Ел Президенті белгілеген тапсырмаларды орындау бағытында комитет қандай күштік құрылымдық құраммен жұмыс істеп жатыр? Бүгінде комитеттің құрамында қанша қызметкер бар? Еске салайын, Президент алғашында комитеттің штаттық саны 130 адам деп белгілеген еді. Комитеттің шетелдік юрисдикциялармен, халықаралық іздестіру бюроларымен жұмыс істейтін бөлімінде қанша қызметкер жұмыс істейді? Өткен екі айдың ішінде елге қайтарылған активтер бар ма? Болса, оның көлемі қандай? Кейінгі бір ашық ақпаратқа қарағанда, сіздер Жәмішевтің «Қазақстан халқына» қорына бұған дейін түскен 850 миллиард теңгені малданып отырған жайларыңыз бар сияқты. Қоғам алдында комитеттің құпия емес алғашқы іс-шараларын жария етіп, көпшілік алдында бір баспасөз конференциясын беретін уақыт болған жоқ па? Ұрланған активтердің елге қайтарылуын, қазынаға қанша қаржы түсерін бағып, сіздердің іс-әрекеттеріңізді аңдып отырған қоғам бар екенін ұмытпаңыздар», деді Е.Бапи.