Талантты жазушы, марқұм Сайын Мұратбековтің шығармашылығына арналған кітап көрмесі осылай аталады.
Соңғы уақыттарда ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу бағытында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының сіңіріп жүрген еңбегі айрықша. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дейді ғой, мінеки, аталмыш ұжымға ұлт жанашыры Рақымжан Отарбаев басшылық қызметіне келгеннен бері рухани тағылымы мол, өнегелі басқосулар мен кештер жиі өткізіліп келеді десем, бұл жолғы шара Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тәуелсіз “Тарлан” сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сайын Мұратбековтің шығармашылығына арналды.
Салтанатты шараға Әбіш Кекілбаев, Әкім Тарази, Фариза Оңғарсынова және т.б. әдебиет майданының алдыңғы шебінде жүрген қаламгерлер қатысып, көрменің ашылу лентасын қиды. Жұртшылық жазушының кітаптарын, шығармашылығына арналған газеттер мен журналдардағы жарияланымдарды қарап, әріптестерінің тұлғалық бейнесін бір сәтке естеріне түсірді.
Ал мәжіліс залындағы еске алу шарасын Әкім Тарази жүргізді. Ол әдебиеттегі нар тұлғалардың бір-біріне айтатын жарасымды әзілдерін еске ала сөйлегенде жиналған көпшілік қауым да бұл әңгімелерді жылы қабылдап, еріксіз езу тартып отырды. Алғашқы сөз кезегін алған Әбіш Кекілбаев: “Бүгін әдебиетіміздің төрт көзі түгенделіп отырған сияқты. Сайын – жай адамның тіршілігін үлкен эстетикалық тұрғыдан игере білген адам. Халқымыздың шығармашылық күшіне елеулі ықпал жасаған тұлға болды”, – дей келіп, жазушы жөніндегі естеліктерін, ой толғамдарын көпшілікпен бөлісті. Сондай-ақ Нұрғожа Ораз, Фариза Оңғарсынова, Алдан Смайыл Сайын Мұратбековтің азаматтық болмысы, шығармашылық тынысы жайлы тұщымды әңгімені жалғастырды. “Қазақ әдебиетінде Сайын Мұратбеков біреу ғана. Біреу болып қала бермек”, – деді Фариза апамыз. Кеш соңы Сайын Мұратбековтің шығармаларынан үзінділер оқылумен аяқталды.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. Суреттерді түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕНОВ.