• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2010

“ТАС БҰЛАҚТАЙ МӨЛДІР, ЖАС ҚҰРАҚТАЙ КӨРКЕМ”

804 рет
көрсетілді

Талантты жазушы, марқұм Сайын Мұратбековтің шығармашылығына арналған кітап көрмесі осылай аталады. Соңғы уақыттарда ұлттық құнды­лық­тарымызды дәріптеу бағытында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының сіңіріп жүрген еңбегі айрықша. “Жақ­с­ы­ның жақсылығын айт, нұры тасы­сын” дейді ғой, мінеки, аталмыш ұжым­­ға ұлт жанашыры Рақымжан Отар­баев бас­шы­лық қызметіне кел­ген­нен бері ру­хани тағылымы мол, өнегелі басқосулар мен кештер жиі өткізіліп келеді десем, бұл жолғы шара Мемле­кет­тік сыйлық­тың лауреаты, тәуелсіз “Тар­лан” сый­лығының иегері, Қазақ­ста­н­ның еңбек сіңірген қайраткері, жа­зушы Сайын Мұратбековтің шығарма­шылы­ғына арналды. Салтанатты шараға Әбіш Кекілбаев, Әкім Тарази, Фариза Оңғарсынова және т.б. әдебиет майданының алдың­ғы шебінде жүрген қаламгерлер қаты­сып, көрменің ашылу лентасын қиды. Жұртшылық жазу­шының кітаптарын, шығармашылығына арналған газеттер мен журналдардағы жарияланымдарды қарап, әріптестерінің тұлғалық бейнесін бір сәтке естеріне түсірді. Ал мәжіліс залындағы еске алу шарасын Әкім Тарази жүргізді. Ол әдебиеттегі нар тұлғалардың бір-біріне айтатын жарасымды әзіл­дерін еске ала сөйлегенде жиналған көпшілік қауым да бұл әңгімелерді жылы қабылдап, еріксіз езу тартып отырды. Алғашқы сөз кезегін алған Әбіш Кекілбаев: “Бүгін әдебие­ті­міздің төрт көзі түгенделіп отырған сияқты. Сайын – жай адамның тіршілігін үлкен эстетикалық тұр­ғы­дан игере білген адам. Халқы­мыз­дың шығармашылық күшіне елеулі ықпал жасаған тұлға болды”, – дей келіп, жазушы жөніндегі естеліктерін, ой толғамдарын көпшілікпен бөлісті. Сондай-ақ  Нұрғожа Ораз, Фариза Оңғарсынова, Алдан Смайыл Сайын Мұратбековтің азаматтық болмысы, шығармашылық тынысы жайлы тұщымды әңгімені жалғастырды. “Қазақ әдебиетінде Сайын Мұратбеков біреу ғана. Біреу болып қала бермек”, – деді Фариза апамыз. Кеш соңы Сайын Мұратбековтің шығармаларынан үзінділер оқылумен аяқталды. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. Суреттерді түсірген  Ағыбай АЯПБЕРГЕНОВ.