• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бокс 08 Желтоқсан, 2023

Жігерлі жастар

116 рет
көрсетілді

Орал қаласында бокстан жастар арасындағы ел бірін­шілігі өз мәресіне жетті. Алты күнге созылған бәсекелер барысында республикамыздың барлық аймағынан келген былғары қолғап шеберлері 13 жүлде жиынтығын сарапқа салды.

Жалынды жастар арасын­дағы жауапты жарысқа төрт өңір­дің өрендері өте жақсы дайын­дықпен келгені бірден байқалды. Солардың арасынан Қарағанды облысының көші ілгері болды. Кеншілер аймағының өкілдері 2 алтын, 3 күміс және 2 қоланы қоржынға салды. Жекелеген былғары қол­ғап шеберлеріне келер бол­сақ, 52 кг салмақ дәре­же­сі­нің бас жүлдесін қара­ған­дылық Алмас Нұрлан мен Рус­лан Құлымбеков өзара са­рапқа салды. Бұл бәсеке алғаш­қысының пайдасына ше­шілді. 82 кг салмақта Иманғали Нұ­р­пейісовтің асығы алшысынан түсті. Финалда ол оралдық Им­ран Дінішевтен басым түсті.

Жалпы есепте Жамбыл облысы (2 алтын, 2 күміс, 3 қола) екінші орынды иеленді. Тараз бокс мектебінің түлектері арасында Асқар Қуаныш (63,5 кг) пен Мадияр Бексұлтановқа (80 кг) тең келер ешкім табылмады. Ақтық сында Асқар түр­кістандық Ахмет Үсенді тізе бүк­тірсе, Мадияр астаналық Шә­­­міл Сагидолдаевқа сан соқ­тырды. Үшінші сатыға Қызыл­орданың қырандары (2+0+1) жайғасты. Сыр бойы жанкүйер­лерін Ерхан Оңталапов (54 кг) пен Аслан Елдібайұлы (92 кг) қуантып, бас жүлдені олжалады. Төртінші орынға табан тіреген Шымкенттің шымыр жігіттері екі алтынды еншіледі. Олар – Бек Жолдасбек (60 кг) пен Санжар-Әли Бегәлиев (75 кг).

Батыс Қазақстан (1+1+3), Түркістан (1+1+1), Жетісу (1+0+0), Ақтөбе (1+0+0) облыс­­тары мен Алматы қаласы (1+0+0) өкілдерінің де аяқалысы жаман емес. Финалда оралдық Өнер Сейілхан (71 кг) астаналық Әлмұхаммед Ахметовтен айласын асырса, Оңтүстіктен келген Сұлтан Тұрдалы (67 кг) мен талдықорғандық Әділбек Қожахан (48 кг) абайлық Диас Серікұлы мен Абай Төлеубековті жеңді. Ал алматылық Нұркелді Жұматай (+92 кг) маңғыстаулық Салауат Тілекбайды айқын ба­сым­дықпен ұтты.

Сондай-ақ Астана қаласы (0+2+3), Абай (0+2+3), Алматы (0+1+3), Маңғыстау (0+1+0), Павлодар (0+0+2), Ақмола (0+0+1), Атырау (0+0+1), Қос­танай (0+0+1) және Шығыс Қазақ­стан (0+0+1) мен Солтүс­тік Қазақстан (0+0+1) облыс­тарының боксшылары да үйіне құ­ралақан оралған жоқ. Бір айта кетерлігі, Қазақстанның бар­лық аймағынан келген жалынды жастардың жарысында Ұлы­тау өңірінің өрендеріне ғана жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырмады.