• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Табиғат 08 Желтоқсан, 2023

Каспий сағасындағы қорық

249 рет
көрсетілді

Атырау облысындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына шетелдік туристер жиі келеді. Өйткені Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасына таяу орналасқан бұл қорықта құстың 292 түрі кездеседі. Сирек құстың 36 түрі еліміздің Қызыл кітабына енгізілген. Мұнда сирек кездесетін өсімдіктер де бар.

UNESCO желісіндегі резерват

«Ақжайық» табиғи резе­р­ватының жалпы аумағы – 341 мың гектар. Резерватқа Ма­хамбет ауданы мен Атырау қаласының, Каспий теңізінің Ресейдің Астрахан облысына дейінгі жағалауы кіреді. Қорықта сүтқоректілердің 78 түрі бар. Құрып кету қаупі төнгендердің тізіміне құстың – 20, жәндіктің – 24, бауырымен жорғалаушы мен сүтқоректінің 2 түрі кіреді.

«2009 жылғы 1 сәуірде Жа­йық өзенінің атырабы мен Каспий теңізінің іргелес жа­ғалауының аумағы халық­аралық маңызы бар сулы-бат­пақты жерлер тізіміне енгі­зілді. Бұл – аталған тізімге Қа­зақстаннан енгізілген Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесінен кейінгі екінші аумақ. Осыған байланысты Үкіметтің 2009 жылғы қаулысымен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Ал 2014 жылы UNESCO-ның бүкіләлемдік био­сфералық резерваттар же­лісіне кірді. Сол себептен туристер табиғаттың ерекше сұлулығын, ұшып-қонып жатқан құстар тобын қызықтауға жиі келеді. Құс­тарды суретке түсіреді. Кейінгі жылдары туристер үшін резерваттың құрлық пен су­дағы аумағында бірнеше бағы­тты әзірледік», дейді резерват қызметкері Балымгүл Әзмұханова.

Соның бірі – Каспийдің табиғатымен, теңізге құятын көптеген канал бойындағы флорамен танысуға мүмкіндік беретін жаяу жүргінші маршруты. Екіншісі – Жайық өзенінің теңізге құятын саға­сында қайықпен серуендеу. Бұл бағытпен жүрген туристер өзен жағасынан құстың сан ал­уа­н түрін көре алады. Үшіншісі – өзен сағасының арнасымен ашық теңізге шығатын бағыт.

 

Құс базарының көмбесі

Резерваттың ғылыми қыз­мет­кері Илья Бофоновтың айтуынша, табиғи қорықты құс­тардың жұмақ мекені деуге әбден болады. Өйткені резерват аумағы құстардың Сібір-Шы­ғыс Африка бағытындағы көші-қон миграциясының жолында жатыр.

«Жыл сайынғы көші-қон кезінде резерват аумағымен сирек кездесетін қарабай, жал­бағай, кіші аққұтан, мысыр құтаны, сондай-ақ қоқиқаз, бұйра бірқазан, қарабас, аққу мен қаз ұшып өтеді. Резерват аумағы – суды және су маңын мекендейтін құстардың сирек кездесетін түрлері үшін өте қолайлы мекен. Құстардың кейбір түрі резерватта ұя са­лып, тұқымын көбейтеді. Сон­дай құстардың тобында бұй­ра ләйлек, кішкентай баклан, қарабай, жалбағай, кіші аққұтан, мысыр құ­таны бар», деп түсіндірді И.Бофонов.

Табиғи қорық аумағына кіретін Каспий теңізінің жағалауы мен Жайық өзенінің сулы-батпақты атырабында құстың 292 түрі тіркелген. Ал резерват аумағындағы Каспийдің Солтүстік Шығыс жағалауында құстың 110 түрі ұя салады. Құс­тың 76 түрі осында қыстап қалады. Ал 106 түрі қоныс аудару кезінде ұшып өтеді.

«Мәселен, Шалыга аралы Кас­пий теңізі мен «Ақ­жайық» мемлекеттік табиғи резер­ватының аралық аймағында орналасқан. Аралдың жалпы аумағы шамамен 2,6 гектарды алып жатыр. Бұл – бұйра ләйлек секілді сирек құстардың тұрақты мекені. Бұл аралда құстардың 600-ге жуық жұбы ұя салады. Бұдан өзге бірнеше құстың тұрақты ұя салатын мекеніне айналды. Жалпы, резерват аумағына қонатын құстың 36 түрі еліміздің Қызыл кітабына енгізілген. Құстың кейбірі, мәселен, өзен қарқылдағы, теңіз шағаласы осы аймақта ұя салып, тұқымын көбейтеді. Оның ішінде қызғылт және бұйра бір­қазан (Pelicanus crispus; VU), қылаң қарабас шағала (Larus ichthyaetus) бар. Зерттеу ке­зінде көптеген құстың тобы табылды. Атап айтқанда, қылаң қарабас шағаланың 5,5 мың, өгіз шағаланың 4 мың, үлкен су­құзғынның 1,5 мың, бұйра және қызғылт бірқазанның 200 жұбы анықталды», дейді И.Бофонов.

 

Сирек өсімдіктер мекені

Табиғи қорық – тек құстар ғана ұя салатын мекен емес. Резерват аумағында сирек кез­десетін өсімдіктер де өседі.

«Резерват аумағында өсім­діктердің өте сирек үш түрін кездестіруге болады. Бұл – қал­қымалы сальвиния, Шренка қыз­ғалдағы мен елімізде чилим деген атаумен танымал қазақстандық су жаңғағы. Жалпы, табиғи резерваттың биосфералық аумағында 141 тұқымға, 56 тұқымдасқа жататын өсімдіктердің 229 түрі өседі. Оның ішінде 7 реликті, 4 сирек және ерекше қорғалған түрі бар. Су флорасына өсімдіктердің 23 түрі жатады. Негізгі өсімдіктер қауым­дастығы шөлді, шал­ғын­ды, батпақты, орманды, бұ­талы, батпақты-сулы секілді 6 түрге бөлінген», дейді резерват қызметкері Лаура Балғымбаева.

Мәселен, теңіз түйнек­қа­мысы – көпжылдық өсімдік. Тү­біршегі өрмелеп шығады. Өсім­діктің ұшы шар тәрізді түй­нек түрінде жуандайды. Са­бағы сұр-жасыл түсті, үш қырлы, жапырақтанып тұрады. Биіктігі – 20-100 см. Түзу әрі жалпақ жапырағының ені – 3-5 мм.

«Теңіз түйнекқамысының төсемелі тамырының ұшында шар тәрізді түйнектері болады. Гүлі қосжынысты, дара ма­сақ­тан құралған шашақ гүл­шоғырына жатады. Маусым-қыркүйек айларында гүлдеп, үш қырлы жаңғақша жемісін береді. Түйнегінде крахмал көп. Оны кейде ұнға қоспа ре­тінде, малға жұғымды азық ретінде пайдаланады», дейді Л.Бал­ғымбаева.

Тағы бір өсімдік – түлкі құйрық ақмия софора. Жарма дақыл тұқымдасына жататын өсімдік сабағының ұзындығы әртүрлі болып келеді. Негізінен 30-80 см болса, кейде 100 см-ге жетеді. Бұл өсімдік тік өседі. Оның жоғарғы жартысында бұ­тақты, басқа өсімдіктер сияқты қалың иілген, аласа жылтыр ақ талшықтары бар.

«Бұл – улы әрі карантиндік арамшөп. Оның тамырын, тұ­қымын, жер үстіндегі бөлігі мен түбірін емдік мақсатта пайдалануға болады», деп түсіндірді Л.Балғымбаева.

 

Атырау облысы