• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ұстаз 08 Желтоқсан, 2023

Жаңашыл жетекші

425 рет
көрсетілді

«Атасу кентіндегі Е.Шаханов атындағы тірек мектебінің мұғалімі Нұргүл Шамаева әрқашан жаңашыл ізденістерімен ерекшеленіп жүреді. Ойлап таппайтыны жоқ. Қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысады. Білікті де білімді ұстаз. Шәкірттеріне ардақты, ұжымына құрметті». Аталған мектептің директоры Салтанат Байшөкенова Нұргүл туралы осылай деді. Біз мектеп басшысы мақтауын жеткізген мұғаліммен танысқанша асықтық.

Қазір шыны керек, смартфон ұстамайтын бала жоқ. Қанша жерден «ұстама, ұстауға болмайды» дегенмен талап тек сөз күйінде қалып келеді.

– Мәселе – оқушылардың оқу кезін­де телефонға алаңдамауы. Сондықтан мен олардың телефондарын сабақ бас­таларда жинап аламын да, қайтатын кезде ғана беремін. Бұрын қорапқа са­лып қоятын едім, жақында өз қа­ражатыма арнайы шкаф істет­тім. Рас, 50 мың теңге жұмсадым. Азды-көпті қаражат жұмсағаннан ешкім де кедейленіп қалмайды ғой. Сыныпқа, сабаққа керегі бар ма, кез келген нәрсені өзім жасата саламын. Есесіне әдемі көрінеді әрі бала бойында мәдениетті қалып­тас­ты­­ра­ды, – деген Нұргүлдің сөзі таңданды­рып тастады. Мектеп қажеттілігі үшін қай мұғалім қалтасындағы қаржысын жұмсайды? Осылай ойлаймыз ғой. Қателеседі екенбіз, бар екен ондай жандар.

«Оқуға құштар мектеп» деп аталатын жоба бар. Мектептегі барлық дерлік іс-шара осы бағдарлама аясында жүргізіледі. «Мектеп оқуға құштар болуы үшін ұстаздар жаңашылдыққа ұмтылмаса, ізденімпаздыққа ынталы болмаса, ештеңе де өнбейді». Бұл – Нұргүл Шамаеваның пікірі.

Оған биыл 6 «А» сыныбына жетек­шілік жасау жүктелді. Ол сыныпқа бөлінген кабинетті безендіруге ай­рықша көңіл бөлді. Кабинеттің іші кірсе, шыққысыз. Әртүрлі гүлдер көздің жауын алады. Отаншылдық туған жерді сүюден, соның қасиетін ұғынудан бас­талады. Танымал тұлғалардың пор­т­реттері, тарихи орындардың сурет­тері арнайы тұғырларға орнатылыпты. Көзбен көрген көңілге қонақтайды. Кітап сөресінің өзі қандай? Осының бәріне ол 200 мың теңгедей қаржысын жұмсаған көрінеді. Мұнда қойылған әр­бір нәрседен ізденістің іздері менмұн­далап тұр.

Оның еңбек өтілі – 22 жыл. 2001 жылы Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдаған ол содан бері ұстаздық жолда тер төгіп келеді. Абыройлы. Ардақты. Құрметті. Қадірлі. Бұ­дан артық не керек? Бәрі де сол әрдайым жаңашылдыққа ұмты­латын ізденімпаздықтың арқасы.

 

Ұлытау облысы,

Жаңаарқа ауданы