Жетісу жерінде елуден астам этнос өкілі тұрады. Дарқан қазақ даласына бауыр басқан қауым Шу мен Таластың ортасын атамекені санап кеткені қашан? Себебі көңілі жеті өзеніндей асып-тасып жатқан ағайын тілі мен ділі бөлек ұлыстармен бір атаның балаларындай күн кешіп келеді. Содан-ау жанға жайлы жазиралы атырап ғасыр аунаса да киелі достықтың алтын бесігінен айныған емес.
Жетісуда орыс пен ұйғырдан бөлек, дәстүрі ерекше корей этносы басым. Жалпы саны – 9551-ді құрайды. Жер жәннатына қоныстанған кәрістердің мұнда келгеніне жүз жылдан асқан. Әрине, аз уақыт емес. Сонау XX ғасырдың басындағы зобалаң кезінде осы топыраққа табаны тиген ата-бабасы алысқа ұзамай, жергілікті жұртпен тату-тәтті ғұмыр кешеді. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, еліміздегі ұлтаралық татулықты нығайтуға өз үлесін қосады.
Негізінде өңірдегі әуелгі этномәдени орталықтар өткен ғасырдың 80-90 жылдарында ірге қалайды. Сөйтіп, Ассамблеяның протатипі ретінде Жетісу халқы ассоциациясы атты бірлестік құрылады. Бұдан кейін көп ұзамай облыстағы барлық этномәдени орталық Ассамблеяның құрамдас бөлігіне айналады. Бүгінде олардың саны 40-тан асады. Мұндағы ҚХА хатшылығы облыс әкімдігінің бөлімі болғанымен, Ассамблеяның жұмысын қамтамасыз ету үшін 2008 жылдан бері «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы» жұмыс атқарып келеді. Сол аяулы шаңырақ 15 жылдың белесінде сан алуан этнос өкілдерінің тілін тауып, қазақ халқының бауырмал қасиетін әлемге мәшһүр етуде. Мұны үштөбелік Эдуард Ким де жасырмайды.
«Тоқсаныншы жылдардың басында мұндағы туыстарымыз Корей мәдени орталығын ашты. Сол тұста Талдықорған облысы енді аяққа тұрып келе жатқан еді. Арнайы құрылтай өтіп, оның жетекшісі болып Валентина Ин сайланды. Корейлер көп қоныстанған Талдықорған, Текелі қалаларымен Қаратал, Көксу ауданында аталған орталықтың бөлімшелері ашылып, жергілікті жерлерде ұлтаралық татулықты дамыту мақсатында өз жұмыстарын бастады. Мақсатымыз еліміздегі ұлтаралық татулықты нығайту болды», дейді Эдуард Ким.
Оның айтуынша, мәдени ұйым халықаралық байланыстарды дамытуда ерекше рөл атқарған. Оған дәлел жыл сайын Оңтүстік Корея елінің білікті медицина мамандары Талдықорғанға келіп, дәрігерлерге кеңес береді. Осы күнге дейін жүздеген операция жасап, қарапайым халықты медициналық тексеруден өткізіп келеді. Әлемнің үздік емдеу орталықтарының біздің елге келуі ежелгі бауырмашылдығымыздың нәтижесі. Жетісу жерін екінші атамекені санайтын Хёндэ госпиталі дәрігерлері биыл 33 операция жасаған.
«30-жылдары Қазақстанға жер аударылып келген корей халқына аштық кезінде қазақтар үлкен көмек көрсетті. Қазақтарға алғыс білдіру, екі ел арасындағы достықты нығайту үшін біз жыл сайын келіп, дәрігерлермен тәжірибе алмасып, тегін тексерулер мен операциялар жасаймыз», деді госпиталь директоры Ким Бу Соп.
Еркіндікке қол жеткізгеннен кейін жас мемлекетіміз біраз экономикалық қиындықтарға тап болды. Әуелі ауыл шаруалығы саласын ілгерілету маңызды еді. Осы ретте корейлер егін егуде білек сыбана кірісті. Күріш, арпа дақылдарын еккен олар жетісулықтарды егіншілікке қызықтырды.
1995 жылы Корей мәдени орталығының тағы үлкен жиыны өтеді. Бұл басқосудағы басты жаңалығы – сол тұстағы Алматы облысындағы корей орталығының республикалық «Қазақстан корейлері» қауымдастығына біріккені. Соның аясында корейлер тілі мен төл мәдениетін дамытуға күш салды. Мұның жемісі ретінде өмірге «Ачимноуль» ансамблі келді. Ансамбль жайында сөз қаузағанда Татьяна Нам бірден еске түседі. Неге десеңіз, ол Жетісу жерінде ғана емес, бүкіл республикаға корей өнерін паш етті. Екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтты. Тіпті ел ішіндегі талай фестивальда топ жарып, әлемдік сахналарда өнер көрсетуге мүмкіндік алды.
«Ачимноуль» ансамблі Тэгу, Пуссан, Боратола, Сеул, Пхеньян, Суанбо, Мәскеу, Красноярск, Ташкент, Душанбе, Берлин сынды дүние жүзінің ірі қалаларында өнер көрсетіп, корей халқының мәдениетін насихаттады. Кезінде КСРО мен КХДР арасындағы достықты насихаттап, Пхеньян қаласында өнер көрсеткен ел осылар. Ал соңғы рет 2010 жылы Алматы облысының Оңтүстік Корея мемлекетіндегі күндері аясында Сувон қаласында өнер көрсетіп, меймандос қазақ халқының өзге ұлт өкілдерінің өнері мен мәдениетін дәріптеуге барынша жағдай жасап отырғанын «Ачимноуль» ансамблінің өнерпаздары өз өнерлерімен дәлелдеп қайтқан еді», дейді Корей мәдени орталығының өкілі Анатолий Сон.
Міне, жарты ғасырға жуық уақыт шеңберінде даңқты өнер ұжымы қос елдің рухани келбетіне әр беріп келеді. Тілі мен діні бөлек болса да бір шаңырақ астында емін-еркін мәуелі мәдениеттің жұлдызына айналып отыр.
«Қазақстан – Корея қоғамдық достығы» аймақтық қоғамдық бірлестігі құрылғаннан кейін жергілікті корейлер қазақтың салт-дәстүріне қанықты. Сол ұйымның бастамасымен жыл сайын Корей мәдениеті күндерін ұйымдастырып, корей халқының салт-дәстүрі кеңінен насихатталды. Тіпті өңір көлемінде поэзия кештері шамын жақты. Қызығы сол, рухани шарада қазақ, корей, орыс, ұйғыр, дүнген, украин, грек тілдерінде өлеңдер оқылып, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.
Бүгінде Қаратал ауданына қарасты Үштөбе қаласындағы Р.Қошқарбаев атындағы орта мектепте корей этносының сыныбы жасақталған. Мұндағы тарихи естеліктер Қазақстан жеріне корейлердің қалай келгені жайында сыр шертеді. Жетісулық корейлер жастардың ой-санасына корей халқының тарихын, басынан өткерген зобалаңын, қуғын-сүргін жылдары қазақ халқы жер аударылған корейлерді қалай қарсы алғанын сіңіруде.
Жергілікті корейлер жүрегі мыңға ортақ қазақ халқының доспейіл ниетіне дән риза. Осы күні ұлтқа бөлінбей, бір тудың астында мамыражай ғұмыр кешуде. Тіпті қазақ отбасымен құдандалы болып жатқандары қаншама? Қазақ тілін жетік білетін корей балалары жоғары оқу орындарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы ретінде түсіп, үздік бітіріп, қазір мектепте сабақ беріп те жүр.
2012 жылы Қазақстандағы корей қауымдастығы корейлердің қазақ жеріне жаппай депортацияланғанына 75 жыл толуына орай Қаратал ауданына қарасты Бестөбе ауылында қазақ халқына алғыс ретінде «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішін орнатқан еді. Осы арқылы еліміздегі корейлер мемлекеттің негізін құраушы қазақ ұлтына осылайша ілтипатын жеткізген. Байтақ қазақ даласы кімге де болса құшағы ашық, көңілі дария. Мұны Жетісудағы мыңдаған этнос өкілі мойындайды.
Жетісу облысы