• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Технология 10 Желтоқсан, 2023

Илонның интернеті

131 рет
көрсетілді

Еліміздегі шалғай ауылдардың көбінде интернет байланысы нашар екенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Бұл мәселені отандық операторлар шешер деген үміт те үзілуге шақ. Ақыры мемлекет Илон Масктің SpaceX компаниясына жүгініп, Starlink интернетіне иек артты.

Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнер­кә­сібі министрлігі SpaceX компа­ния­сының көмегімен шалғайдағы 10 ауылдық мектепті ғаламторға қоспақшы. Starlink желісі қанатқақты режімде Көктал, Күйген, Қараой, Жіңішке, Ереуіл, Кенсу, Сарыкөл, Талды, Қарағайлы, Майшұқыр ауыл­дары­ның мектептерінде жұмыс істейді.

«Ақмола облысы Майшұқыр ауылының бастауыш мектебінде 35 оқушы оқиды. Енді оларда қалалық мектеп оқушылары сияқты қосымша сабақтар мен интернетке қол жеткізу мүмкіндігі бар. Starlink арқылы қосылудың тағы бір артықшылығы – баға мектептердің интернеттегі ағым­дағы шығындарынан қымбат болмайды. Тіпті арзанырақ. Байланыс сапасы әлдеқайда жақсы», деп хабарлады Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігінің баспасөз қызметі.

Министрліктің Starlink-ті­­ таңдауының 3 себебі бар: шал­ғай аймақтарға қолжетімді, жоғары жылдамдық, цифрлық инфра­құрылымды дамыту. Министр Бағдат Мусин Digital Bridge 2023 форумында отандық телеком-компаниялардың шалғайдағы мектептерді интернетпен қамта­ма­сыз ете алмағанын айтқан еді. Оның түсіндіруінше, ведомство сол себепті Илон Масктің компаниясына жүгінген.

– SpaceX вице-президенті Лорен Дрейер екеуміз Прези­дентке спутниктік антенналар­ арқылы секундына 4 мегабит интернет алатын шалғай аудандардағы 2000 мектепті Starlink-пен алты ай ішінде қамтамасыз ететінімізді хабар­ладық. Осылайша, мектеп­тердегі интернет мәселесін біржола шеше­міз. Кейде ел ішіндегі мәсе­ле­лерді өзіміз шешкіміз келгенмен, қолдан келмей жататыны бар. Бұлай болғанына кешірім сұраймын. Бірақ SpaceX сияқты дамыған технологиялар бар кезде, оларды қолданбау да қателік болар еді, – деді Б.Мусин.

Жақында ғана Kazinform Павлодар облысындағы 20-ға жуық мектепті Starlink-ке қосу да жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын. Бұлар – интернетке кіру мен желі қосу­дың техникалық мүмкіндігі жоқ ауыл­­дық мектептер. Қосылу құны бір абонент үшін айына 200 долларды немесе 94 мың теңгені құрайды.

– Бізде мәселесі көп мектептер бар. Онда мүлдем интернет жоқ деп айтуға болады. Осы 21 мектепті жоғары жылдамдықты Starlink интер­не­тімен қамтамасыз еткі­міз келеді. Олардың интернетке қол­ жеткізуін қамтамасыз ету­дің басқа мүмкіндігі жоқ. Бұл ауыл­дарға ешкім оптика сала алмайды. Себебі өте қым­бат, радиорелелік стансалар бұл мәселені техникалық әлеуе­тінің жетпеуінен шеше алмайды. Әсіресе Баянауыл ауданында таулы жерлер бар, онда жер бедерінің ерекшелігіне қатысты сапалы сигнал беру­де қиындық көп, – дейді Пав­ло­дар облыстық цифрлық технология­лар басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев.

Оның айтуынша, қазір Павло­дар облысында 352 ауылдың 11-інде сымды немесе мобильді желіге қосылу мүмкіндігі жоқ. Мұнда 1,1 мыңнан астам адам тұрады. Интернетке қолжетімді бірқатар ауыл бар, бірақ оның сапасы мен жылдамдығы орташадан төмен. Үйдегі интернетке қатысты мәселелер де жеткілікті.