• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Білім 10 Желтоқсан, 2023

Scopus-тың үздігі

356 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлт­тық универ­си­те­тінің профессоры Рәтбай Мырзақұлов екінші жыл қатарынан әлемдегі бе­дел­­ді ғалымдардың рейтингіне енді. Бел­гілі теориялық ­физик Стэн­форд университетінің екі рейтингінде де Scopus де­рек­­қорында жарияланым бел­­сенділігі мен дәйексөз көр­сет­кіш­тері бойынша ұсынылған.

Биылғы қазан айында жария­ланған рейтингте әлемнің үздік 100 мың ғалымының жетістіктері 22 ғылыми сала және 174 кіші сала бойынша талданған. Мұнда пайыздық көрсеткіштер белгілі бір тақырып негізінде кем дегенде 5 жұмыс жариялаған барлық ғалым үшін қарас­тырылады. Деректер базасы дәйексөздерді, жарияла­нымдар мен сілтемелерді көр­сететін h-индексін, бірлескен авторлықпен жазылған жария­ланымдарды есепке алатын hm-индексін, сондай-ақ құрама көрсеткішті (c-балл) қамтитын 200 мыңға жуық ғалымның қызметі туралы ақпарат бере­ді. Есептеулер әр жылдың соңын­да Scopus жүйесіндегі барлық авторлық профильге негізделеді. Үміткер­лер Scopus дерек­қо­рындағы жария­ланымның жоғары бел­сенділігі мен авторлардың дәйексөздері негізінде таң­далды. Жыл сайынғы рей­тингті Стэнфорд универ­сите­тінің сарапшылары Elsevier ғылыми баспасының соңғы мәліметтері бойынша жүйелі библиометриялық зерттеулер негізінде жасайды.

Ғалым Рәтбай Мырза­құлов екін­ші­ жыл қатарынан екі рейтингтен де орын алды. Оның біріншісіне кейінгі бір жылда ең көп сілтеме жасалған ғалым ретін­де енсе, екіншісінде бүкіл еңбек жолында әлемдегі ең көп сілтеме жасалған ғалымдар қатарында көрсетілген. «Мен үшін бұл жетіс­тіктің маңызы зор. Өйткені біздің ғылым­ды әлем жұртшылығы мойындап жатыр. Университетіміздің, еліміздің осындай деңгейге жеткеніне қуаныштымын. Мұн­дай нәтижеге еңбек арқылы қол жеткізуге болады», дейді ол.

Айта кетейік, академик Р.Мыр­­за­құлов 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы, 300-ден­ астам мақаласы импакт-факторы жоғары шетелдік журналдарда жарияланған. Қазіргі уақытта профессордың Scopus бойынша Хирш индексі 48-ге тең, ал сілтеме индексі 8189-ға­ жетті. 2022 жылы профес­сор­ ғылыми жетістіктері үшін физика және астрономия бо­йынша халықаралық Scopus сыйлығымен марапатталды. Ғалым Рәтбай Мырзақұлов оныншы жыл қатарынан еліміздің профессор-оқытушылар құра­мы­ның бас рейтингінде де көш бастап келеді.

Ол – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­сите­тін­де «Теориялық физи­ка­ның Еуразиялық халықаралық орталығы» ғылыми-зерттеу институтының негізін қалаушы әрі директоры. Солитондар тео­риясы алғаш рет Эдинбургте пайда болса, оны Қазақстан­ға тұңғыш алып келген осы Рәтбай Қағазұлы. Бүгінде әлем­дік қауымдастықты тол­ған­­дырған «Мырзақұлов тең­деулері» мен «Мырзақұлов гра­­ви­тациясы» – академик ең­бе­­­гінің нәтижесі. Сонымен қатар шетелдік физиктердің «Мыр­за­құлов гравитациясын» зерттеген мақалалары квартиль деңгейі ең жоғары журналдарда жария­ланып жүр. Рәтбай Қағазұлы өмірін ғылымға арнаған жан. Тек, өзі ғана емес, балалары да ғылым саласында тер төгіп жүр.

 

Би-Фатима ЕРАЛХАНҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті