Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Мажарстанның астанасы Будапештте өтіп жатқан жастар арасында әлем біріншілігін сәтті бастады.
«А» тобында өнер көрсететін жерлестеріміз тұсаукесер кездесуін жарыс қожайындарына қарсы өткізді. Ойын тізгінін бірден қолға алған Сергей Старыгиннің шәкірттері бірінші кезеңде екі шайбаны қақпаға енгізді. Бұл голдардың авторлары – Давлат Нүркенов (4-минут) пен Егор Смольянинов (13-минут). Оған мажарстандықтар Герго Михаликтің (14-минут) голымен ғана жауап қайтарды. Үзілістен кейін Бендегуз Добош (39-минут) таразы басын теңестірді. Есесіне үшінші кезеңде қонақтар қарқынын күшейтті. 49-минутта Артем Авдеенко нысананы дәл көздесе, 53 және 58-минуттарда Всеволод Логвин қатарынан екі гол соқты. Есеп – 5:2.
Кеше түнде еліміздің хоккейшілері Даниямен күш сынасты. Одан кейін біз Франция, Жапония және Аустария құрамаларымен шеберлік байқасамыз.