• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Еңбек 11 Желтоқсан, 2023

Ерен еңбегі ұмытылмаса екен

155 рет
көрсетілді

«Есімі ел жүрегінде сақталған ер бақытты» дейді дана хал­қымыз. Өнегелі өмірі көпке үлгі болатын, өлшеусіз еңбегімен, ақыл-парасатымен қалың жұртшылықтың құрметіне бөленген адамдар жергілікті жерлерде де аз емес. Алайда «олар лайықты ұлықталып жүр ме, өскелең ұрпақ біле ме?» деген сұрақ қойылса, мәдени, рухани салаларға жауапты басшылар мен мамандар не деп жауа­п берерін білмейді. Көбіне есімі бұрыннан белгілі батырлар мен мемлекеттік марапатқа ие болған тұлғаларды ұлықтап, өңірдің өркендеуіне үлес қосып, игілікті істерімен көш басынан көріне білген майталман еңбеккерлер көзден таса қалып жататыны өкінішті. Солардың бірі Шәмшия Кұлмұрзина апамыз – қай жағынан болсын мақтауға лайық жан.

Ол 1895 жылы Айыртау ауда­нының Көкдауыл ауылын­да туған. Кедей шаруаның қызы еңбекке ерте араласады. Сар­түбек ұжымшары құрылғанда алғашқылардың қатарында мү­шелікке қабылданып, сиыр фермасында сауыншы болып жұмыс істейді. Күнделікті жоспарын асыра орындайды. Стахановшылардың алдыңғы легінде көрініп, социа­лис­тік жарыста жоғары еңбек құлшынысымен көпке танылады. Жерлестері оның мал ша­руашылығын өркендетудегі және қоғамдық жұмыстардағы белсенділігін бағалап, 1947 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің депутаты етіп сайлайды. Кеңшардың сиыр фермасы меңгерушілігіне көтеріліп, халық сенімін іс жүзінде ақтай біледі. Сол жылдары фер­мадағы 250 бас сиыр екі есеге дейін көбейіп, сүт сауу көрсеткіші ана­ғұрлым артады. Бесжылдық жоспар межесінен де асып тү­седі. Сөз арасында Шәмшия Өмір­бекқызының Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесі депутаттығына екі рет ұсынылғанын айта кеткен жөн. Ол кездері мұндай кұрмет қарапайым еңбек адамының екінің біріне көрсетіле бермейтін. Өзіне жүктелген депутаттық ама­натты бұлжытпай орындап, артына өнегелі із қалдыра білді. Мен тілдескен көнекөз қариялар ол туралы газет беттерінде көптеген мақалалардың жарық көргенін, сұхбаттар жариялағанын алға тартты. Олай болса өшкенімізді жандырып өлгенімізді тірілтуге міндетті сала қызметкерлер ар­хив­тік деректерді жинастырып, топтас­тырса, мектептердегі музейлерге өмірбаяны мен фотосы қойылса деген өтінішімізді білдіргіміз келеді.

Ол кісі туралы естеліктердің бірінде Шәмшия Кұлмұрзинаның немересі Нұрахметов Мағзұмның қызы Әзина Әуел­бекова туралы да айтылады. Әзина 1953 жылы 25 желтоқсанда Көкшетау облысы Володар ауданы Сартүбек ауылында дүниеге келеді. Әжесі Шәмшия Кұл­мұрзина апамыз бұл немересін барынша мықты тәрбиелеп-өсіреді. Ең жақсы көретін немересін 15 шақырым жердегі Орловка ауылына оқуға тасиды. Әжесі сүйікті немересін ат шанаға отырғызып, қалың күпіге орап, әр аптаның дүйсенбі күні интернатқа апаратын да, жұма күні қайта алып келіп отырады екен. Өйткені Ор­ловкада казактар көп тұрған. Солардың балаларымен жүріп орысшаға үйренеді деп топшылаған ғой. Сол Орловкада төртінші сыныпқа дейін оқып, білім алады. Келесі жылы Борлық ауылында орысша мектеп ашылып, әжесі немересін соған көшіреді. Борлық ауылында білім ұясында сегізінші сыныпқа дейін оқып, ол жерді де жақсы бітіріп шығады. Ал онжылдық мектепті Володаров ауылында тәмамдайды. Жақсы бағамен оқыды деген аттестат алып шығады. Ал 1972 жылы Ал­маты қаласындағы Ауыл ша­руа­шылығы институтынан дип­лом алып, уақытша Володаров аудандық тұрмыс комбинатында экономист болып қызмет істейді. Содан 1978 жылы «Комаровский» кеңшарына қызметке орналасады. Өзінің жақсы маман екенін дәлелдеп, міндетін өте жақсы атқарып, биіктерден көрінеді. Әр жылдары еткен еңбегі бағаланып, жыл сайын түрлі грамотамен ма­рапатталды. Басшылардан ба­ғалы сыйлық та алғаны бар. Әже тәрбиесін көргенінің пайдасы болса керек, жұмыста адал­дық танытып, қасындағы әріп­тестерінің сый-құрметіне бөленеді. Тіккен шаңырағында сыйластық салтанат құрып, балаларына да әже ақылын өсиет етіп айтып отыратын. Тірі жанға ешқашан дауыс көтеріп көрмеген екен. Кү­ліп-ойнап өмір сүріпті. Осы аудан бойынша да біраз жерге қызметке шақырған деседі. Тіпті бір жерлерден бас экономист болу­ға да ұсыныс түсіпті. Бірақ ол ешқайда қозғалмапты. Өзі еңбек жолын алғаш бастаған «Ко­маровский» кеңшарында қызметін жалғастыра береді. «Неге бұл ауылды қимайсыз?» дегендерге «Әжем Шәмшия Кұл­мұрзина мен әкем Мағзұм Нұрахметов осы жерде жұмыс істеген. Сондықтан бұл топырақ мен үшін өте ыстық», деп жауап береді екен.

Туған ауылына деген махаббаты оны сол жерден алыс­қа ұзатпады. Өзі таңдаған қыз­метінде 26 жыл жұмыс істеп, 2004 жылы кенеттен қайтыс болады. «Ажал айтып келмейді» дейді ғой, 50-ден енді асқан ша­ғында асыл ана бақилыққа аттанды. Артында жәутеңдеп жолдасы Сабырғали Әуелбеков пен екі ұлы Алмат пен Алхат қалады. Дана халқымыз айтқан­дай, «Кімнің кім екенін басыңа іс түскенде білерсің» дегендей, көп ағайын теріс айналып, қашқақтап жоламаса керек. Сол кезде біздің әулетке жаны ашып жәрдемдескен жан­ның бірі кең­шар директоры Асылбек Нау­рызбеков болатын. Сырымбет Есен­ғалиев пен көрші Батима Мажеғұлованың да көп септігі тиді. Осындай аза­маттарға айтар алғысым шексіз. Кішкентай ғана шаңы­раққа жаса­ған көмегі, бүтіндей бір елге жа­саған жақ­сылықтан үлкен көрінді.

 

Сабырғали ӘУЕЛБЕКОВ,

еңбек ардагері, зейнеткер

 

Солтүстік Қазақстан облысы