Арқаға келіп жеткен алғашқы аязда Екібастұздың жылу-энергиясы орталығы тағы сыр берді. Стансаның су жылыту агрегаттарындағы күлді шаюға арналған су құбырына зақым келіп, екінші цехтағы багер сорғысы су астында қалған. Салдарынан жылу параметрлері төмендеп, шаһар халқы үйлерінің салқындап кеткеніне шағымданды.
«Екібастұз жылу-энерго» ЖШС таратқан мәліметке сүйенсек, апаттық жағдай 10 желтоқсан күні түнгі сағат бірлердің шамасында орын алған. Стансада сол сәтте жұмыс істеп тұрған 7 қазандықтың үшеуі бірден мазутқа ауыстырылды. Мазуттың қызуы көмірге қарағанда азырақ, соған орай орталықтан шығатын жылу тасымалдағыштардың температурасы 60-70 градусқа дейін төмендеп қалды.
Бұл күні қалада тұтастай орталықтандырылған жылу параметрлері төмендеп, пәтерлердегі жылу батареяларының қызуы қанжылым болып қалды. Ал жылу маусымы басталғалы онсыз да жағдайы мәз емес көпқабатты тұрғын үйлер тіпті салқындап, пәтерлер ішіндегі температура +10 градусқа дейін төмендеген. Мысал үшін Ломоносов көшесі, 11А мекенжайында орналасқан үй тұрғыны, зейнеткер Аман Масығапов атап өткендей, қазан айынан бері мұндағы пәтерлер жылуға жарып көрмепті. Ары кетсе +16 градус жылылықты көрсеткен. Соған қарағанда бүгінде Екібастұздың ішкі желілеріндегі мәселелер толық шешілмеген, жаңа жүйелер мен құбырлар салынғанымен жылу айналымының жағдайы мәз емес.
Облыс әкімі Асайын Байханов сол күні апат орын алған жерге барып, толық ауыздықталғанша стансада болды. Әкім өзінің инстаграм парақшасында жазғандай, орын алған ақау үш сағаттың ішінде жойылған. Жиналған су толығымен сорылып алынған соң су жылыту қазандықтары мазуттан көмірге толық ауыстырылды. Ал дүйсенбі күні таңертеңгілік станса белгіленген параметрлерге шықты. Алты қазандық агрегаты жұмыс істеп, сағат ондар шамасында орталықтан шығатын жылудың қызуы 83 градусқа жеткізілді. Кеше түстен кейін кейбір пәтерлердегі температура көтеріле бастағаны хабар жетті. Дегенмен суық үйлердің саны әлі де баршылық. Бұл тізімге Энергетиктер, Беркімбаев, Көшербаев, Толстой, Торайғыров, Пішенбаев және тағы басқа көшелердегі көпқабатты баспаналар тіркеліп отыр.
Облыс аумағында алдағы екі күнде аяз күшейеді деген ақпар бар. Қазіргі күні Павлодар мен Ақсу қалаларында да жылуға жарымай отырған жекелеген көпқабатты үйлер баршылық. Дегенмен олардың жағдайы кеншілер қаласымен салыстырғанда шүкір деуге болады. Екібастұз халқының аязда жаурап қалмауын тілейміз.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы