Алдағы уақытта сүт өнімдерін шығаратын 115 ферма салынады. Олар жыл сайын 600 мың тоннаға дейін өнім беретін болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Алтын Сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсімі барысында айтты, деп хабаралайды Egemen.kz.
«Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды міндет. Үш жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет бизнес өкілдерімен бірлесіп атқаруға тиіс», деді ел Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, осы саланың импортқа тәуелділігін азайту үшін ірі инвестициялық жобалар қолға алынып жатыр.
«Алдағы уақытта сүт өнімдерін шығаратын 115 ферма салынады. Олар жыл сайын 600 мың тоннаға дейін өнім беретін болады. Сондай-ақ 15 ірі құс фабрикасы іске қосылады. Бұл кәсіпорындар жылына 120 мың тонна ет өндіреді. Мұның бәрі жалаң цифр емес, бұл – нақты міндеттер.
Әрбір ірі жоба ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Аймақтарды дамытуға мол мүмкіндік береді. Мен бұл мәселеге әрдайым баса мән беретінімді білесіздер», деді Қ.Тоқаев.