Елімізде IT секторы қарқынды дамып жатыр. Озық мемлекеттер экономикасындағы бұл саланың үлесі жыл сайын ұлғайып келеді. Былтыр отандық IT индустрия экспорты бес есе өсті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мен экпорт көлемін 2026 жылға қарай бір миллиард долларға жеткізу міндетін жүктедім. Біз ірі өнеркәсіптік өндірістен бастап, шағын сервистік жобаларға дейінгі экономиканың барлық саласын одан әрі цифрландыруға баса мән береміз. Бірақ босаңсуға, жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды», дейді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша еліміз жаһандық цифрлық технология орталығы ретіндегі орнын нығайтуы керек.
«Қазақстан ірі халықаралық IT компаниялардың кеңселері орналасатын аумақ бола алады және болуға тиіс. Мұның бәрі – біздің жұмысымыздың міндеттері мен нақты нәтижелерінің аз ғана бөлігі. Барлық саладағы өзгерістердің қарқынын арттырып, одан әрі дамыта беруге міндеттіміз. Түрлі салада қордаланған проблемалар аз емес. Бұл жағдайға азаматтардың алаңдауы – заңдылық. Үкіметтің күн сайынғы және жүйелі жұмыстарының нәтижесінде барлық өзекті мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Дегенмен еліміздің даму жолында қуатты серпіліс жасау үшін күнделікті мәселелерді шешіп қана қоймай, мемлекетіміздің болашағына қатысты өзіндік ұстанымымызды анықтау, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, жекелеген және ұжымдық құндылықтар жүйесін жетілдіру маңызды», дейді ел Президенті.