• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 10:35

Татьяна Бурмистрова: 30 жылдай мүлдем сахнаға шықпай, елеусіз қалған кездерім де болды

Талайды талантымен тәнті еткен дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистрованың қазақ еліне деген ықыласын елемеу мүмкін емес. Өзге ұлт өкілі бола тұра, қазақтың тілін кейбір өз тілін өгейсініп жүрген қарагөздерімізден артық біліп, артық дәріптеп жүргені сүйсінтеді.

Орыс отбасында дүниеге келген Татьяна Бурмистрованың кәсіби музыкалық білімі жоқ. Ол бойындағы бұл өнерін тәңірден берілген үлкен сый деп біледі. Өзіне берілген таудай талантты тарыдай шашып алмай, жылдар бойы шыңдап, еңбектеніп жүргенінің арқасында халықтың сүйіктісі атанып отыр.

«Жастайымнан қазақтың ән-күйіне, домбыраға ғашық болдым. Мені өнерге жетелеп әкелген де осы құштарлық. Әйтпесе, осы күнге дейін нота білмеймін, яғни музыкалық сауатым жоқ. Менің қазақ әніне деген ерекше ықыласыма өзімнің анам да таңғалушы еді. Отбасыда төрт қызбыз. Анам да, әжем де ән салатын. Орыс, украин әндерін тыңдап өстім. Бірақ маған қазақтың әндері мен термесі жақын еді. Бұл маған құдайдан берілген сый шығар», дейді Татьяна Бурмистрова.

Оның негізгі мамандығы дәрігер екені көпке мәлім. Алайда оның жүрек қалауы оны өнерге қайта-қайта әкеле берген.

«Бір кездері ән салуды тоқтатып, дәрігер болып қызмет еткенім бар. Сонда бір ақсақал маған: «Сен адамдардың тәнін емес, әніңмен жанын емде» деп еді. Сонда халықтың мені дәрігер емес, әнші Татьяна ретінде жақсы көретінін, іздейтінін түсіндім. Содан бастап шығармашылығымды қайта қолыма алдым», дейді әнші.

Сахнаның киесін жете ұғынған ол әр концертіне тыңғылықты дайындалады. Тыңдарман алдындағы жауапкершілік ол үшін бәрінен де биік. Әнімді тыңдауға келген адам есті ән тыңдап, ғибратты дүние ала алса, менің мақсатымның орындалғаны дейді ол.

Дәстүрлі әншінің сахнаға ұлттық киіммен шығуы заңды. Бірақ Татьяна Бурмистрова ұлттық киімді тек сахналық киім деп санамайды. Ол күнделікті өмірде де ұлттық киім киіп, қазақтың дәстүрін өзгелерге дәріптеп жүреді.

«Заман өзгерсе де, менің ұлттық киімге деген махаббатым өзгерген жоқ. Әр әйелдің гардеробында ең болмағанда бір ұлттық киім болуы керек деп ойлаймын. Ұлттық киім Наурыз мерекесінде ғана емес, әр күні киіліп жүрсе, қандай әдемі болушы еді», деді Т. Бурмистрова.

Бүгінде оның судай қазақшасына өзге ұлт өкілдері қызыға қарайды. Ал Татьяна Бурмистрова тіл үйренгісі келетіндерге көмек қолын созудан аянып қалмайды.

Әншінің өнердегі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бұған дейін ол «Парасат», III дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болған. Күні кеше мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында төл мәдениетіміздің өрісін кеңейтіп, халқымыздың рухани дүниетанымын байыту жолында жемісті еңбек етіп жүргені үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен ең жоғары «Отан» орденімен марапатталды.

«Мемлекет басшысының өнер адамдарын жоғары наградалармен марапаттап жатқаны қуантады. Ұмытылып кеткен, зейнетке шыққан әріптестеріміз де ұмыт қалмай, марапатталып жатқанына қуаныштымыз. Еңбектің еленіп жатқаны біз үшін аса маңызды. Мен осы уақытқа дейін өз ісімді махаббатпен жасап келдім. Жұмысыңды жай қажеттілік ретінде емес, шын ықыласыңмен жасағанда еңбегің осылай жоғары дәрежеде бағаланады. Түрлі жағдайлар болды, отыз жылдай мүлдем сахнаға шықпай, елеусіз, ескерусіз қалып қойған кездерім де болды. Жалғыз мен емес, әлі өз уақытын күтіп жүрген қаншама дәстүрлі әншілер бар. «Отан» орденін Отаныма адал қызмет етіп жүргенімнің белгісі деп білемін», деді Татьяна Бурмистрова.

Марапаттау рәсімінде Президент әншінің жарты ғасырға жуық уақыт бойы қазақтың дәстүрлі өнерін белсенді түрде кеңінен дәріптеп, жас дарындарға үлгі-өнеге көрсетіп жүргенін ерекше атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар