• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Басылым 12 Желтоқсан, 2023

«Қазақ газеттеріне» жазылайық!

228 рет
көрсетілді

Алаштың айтулы күні ұлт зия­лылары аманатын жеткізгелі отырмыз. Биыл жарық көргеніне 110 жыл толып отырған, ұлт көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұр­сынұлы, Міржа­қып Дулат­ұлы бастап шығарған «Қазақ» газеті 8 мыңнан ас­там данамен байтақ елдің бар түкпіріне, Петербург, Мәс­кеу, Уфа, Қазан, Том, Орын­бор қалаларына, тіпті Шы­ғыс Түркістанға (Қытай қазақ­тарына) дейін тарағаны мәлім. Сол кездегі халық саны мен сауат­тылығына шаққанда һәм қатынас құралдарының тап­шылығын ескергенде, бұл – ең әуелі жанкешті еңбек әрі ел болуға ұмтылудың жарқын көрінісі болды.

Ал қазір ше? ХХІ ғасырда өмір сүріп отырмыз. Ұшақ ұшып, пойыз зулап, көліктер ағылып, алты құрлықтағы ақпарат алты секундта тарап жатқан уақыт қой. Бірақ газет-журналдар таралымы төмендеп тұр. Ел енжар, жұрт селқос, пошта қызметі шабан. Барлығын қу нарық бір табаға салып қуырып жатыр деу тағы әбестік болар еді. Өйткені алтын табақтан ас ішпесе де халықтың салыстырмалы түрде қарны тоқ, көйлегі көк. Әлбетте әлеуметтік желі алға шықты дейміз. Желідегі жылт етпе жылтырға алданатын ағайын артты дерміз. Бұл да біле білген адамға алтын уақытты ұрлап жатқан баянсыз тірлік екенін бағамдай бермейміз. Сондықтан шет-шегі жоқ интернет кеңістігіндегі виртуальды әлемнен визуальды дүниені қаншалықты көрсеңіз де жадыға жаттап, санаға қаттап үлгермейтінімізді түсінер уақыт келді. Ойымызды қай­та сал­мақтайық, барымызды қайта бағам­дайық.

Бұл – оқу мәдениеті. Оқу мәдениеті – үлкен мәдениет. Оқу мәдениетін жоғалтпайық. Оқитын адам – саналы адам, тәрбиелі тұлға. Зиялылықтың да өсіп-өнер ортасы – оқу. Оқу – адастырмас темірқазық. Оқусыз адам тәрбиеден мақұрым. Оқитын ұлт болу үшін оқитын қала, оқитын ауыл, оқитын азамат, оқитын ұрпақ болуы керек.

Ал мазмұнды, байыпты, оқысаңыз ой салатын оңды дүние әлі де дәстүрлі баспасөзде. Мерзімді басылымға шыққан жақсы материалдың бәрін ел іздеп, тауып оқып жатқан жоқ. Газет-журналға жазылса қолында тұрады, кез келген уақытта оқи алады. Уақыт тапшы дерсіз. Онда балаларыңызға жаздырып беріңіз. Тым құрыса балаларыңыз оқысын. Басылыммен дос болған бала ойға жүйрік, қағілез болып өседі, ортасын табады, жылдам жетіледі.

Қазір «Қазақ газеттері» серіктес­тігінде балалар мен жасөспірімдерге арналған «Балдырған», «Ақ желкен» журналдары мен «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері бар. Бұл басылымдардың мазмұны жас өскінді жетілдіреді, жас талапқа жігер береді. Балаңызды ақылы орталықтарға сүйреуге қарағанда әл­деқайда пайдалы. Бала тәрбиесіне қалаған басылымына жаздырып беру арқылы да үлес қоса аласыз.

Әрине, бала тәрбиелеу – әуелі өзіңізді тәрбиелеу. Өзіңіз де оқыңыз, өзіңіз де жазылыңыз. Сіз оқитын басылым да «Қазақ газеттері» серіктестігінде жетерлік. Айталық, «Egemen Qazaqstan» мен «Казахстанская правда» газеттері күнделікті жарық көреді. Елмен бірге тыныстайсыз, елдік сана қалыптастырасыз. Қазіргі әлемнің миы ашып тұрған алмағайып заманда бұл өте қажет. Тіпті сыйлыққа ба­сылымның бір жылдық жазылымын сыйласаңыз қандай өзгеше тарту болар еді. Туған ауылыңызға, өскен-өнген ортаңызға, мектебіңізге, ағайын-туысыңызға жаздырсаңыз жаныңызға да, жақыныңызға да жылулық ұялайды деп біліңіз.

Біз ұлттық бірегейлікке ұйысуға тиіспіз. «Ана тілі» ұлт басылымы, диас­­поралық «Уйғур авази» газеттері мен саяси-қоғамдық бағытта шығатын «Ақиқат», «Мысль» журналдары да осы санаттан табылатын санаулы басылымдарымыздың бірі.

Бағалары прайс-парақшада. Зер сал­саңыз, қалта қақпайтын сома. Тек ерінбей жаздырыңыз. Баспа­сөз оқу мәдениетін бірге қалыптас­ты­райық!