Коммуналдық сала өкілдерінің сыналар шағы басталды. Атырауда ауа температурасы күрт төмендеп еді, сумен қамту мәселесінен ши шыға жаздады. Дәлірек айтқанда, тұрғындар бір тәулікке жуық сусыз отырды.
«Атырау облысы су арнасы» КМК-ның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұған Жайық өзенінде қабыршақ мұз қатып, су соратын стансалардың жұмысына кедергі келтірген. Сол себептен, 9 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 23:30 шамасында су беру тоқтатылған.
«Ауа райының күрт салқындауынан Жайық өзенінде мұз қатып, ағыс жылдамдығы төмендеді. Осыған байланысты Атырау қаласының су тазарту кешеніне су беру тоқтатылды. Ал 10 желтоқсанда таңғы сағат 4:30-да қаладағы желілерге төтенше жағдайларды болдырмау үшін төмен қысыммен су берілді. «Атырау-Мақат» магистралдық құбырымен, оның ішінде «Береке» шағын ауданындағы тоғыз қабатты үйлерге, Көктем, Жұлдыз-3, Теңдік, Ақсай-1, Ақсай-2 шағын аудандарына техникалық себептерге байланысты су жіберілмеді», деп ақпарат таратты кәсіпорынның баспасөз қызметінен.
Сусыз отыру кімге оңай дейсіз? Әлеуметтік желідегі парақшалар мен WhatsApp мессенджеріндегі чаттар тұрғындардың ренішін білдірген пікіріне толды. Ел-жұрттың базынасы қалалық, облыстық әкімдіктерге жеткені даусыз. Облыс әкімдігінде қалыптасқан жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды. Комиссияға жетекшілік еткен облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев пен Атырау қаласының әкімінің Шәкір Кейкин Жайық өзенінен су соратын, тазалайтын стансалардың жұмысын қалпына келтіруді қадағалады.
Бірақ мәселенің оң шешімі оңайлықпен табыла қойған жоқ. Өйткені 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 15:00-ге дейін екі су тазарту қондырғысы мұздан тазартылып, іске қосылған. Сол кезде сүңгуірлер үшінші су тазарту қондырғысын мұздан тазалауды жалғастырып жатты. Ауа райының құбылысын қалт жібермейтін «Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының мәліметіне сүйенсек, соңғы аптада шығыстан екпінді жел соғып, Каспий теңізінің деңгейі 40 см-ге төмендеген. Бұл Жайық өзенінде де су деңгейінің төмендеуіне әсер еткен.
Ал «Атырау облысы су арнасы» КМК су тазарту қондырғыларының басшысы Борис Пенкиннің айтуынша, Жайық өзенінде қабыршақ мұздың тығыз массасы пайда болған. Мұндай құбылыс шамамен 20 жылдан бері байқалмаған.
«Биыл, тіпті соңғы аптада Жайық өзеніндегі су деңгейінің күрт төмендегені байқалды. Мәселен, 9 желтоқсанда кешкі бірнеше сағатта су деңгейі 15-20 см-ге төмендеді. Күн күрт суытып, өзен бетіндегі ұсақ мұз кристалы су жинайтын жабдыққа орнатылған қорғаныс торларын бітеп тастады», деп мәлім етті Борис Пенкин.
Мамандар қабыршақ мұз өзеннен су алуға кедергі келтіретін бірнеше себепті туындататынын алға тартып отыр. Біріншіден, су жинайтын құрығылар бітеледі. Өйткені ұсақ мұз кристалы балық қорғау торларын, су жинайтын жабдықтың басқа элементтерін бітеп тастауы мүмкін. Бұл су жинаудың тиімділігін төмендетеді.
Екіншіден, жабдықтың бұзылуына ықпал етеді. Өзендегі су ағысымен қабыршақ мұз жеңіл қозғалады. Әсіресе мұз кристалдары үлкен болса, немесе тығыз жинақталса, су алатын жабдыққа механикалық зақым келтіреді.
Үшіншіден, мұндай факторлар су сапасын төмендетеді. Мұзбен бірге әртүрлі ластаушы заттар жүруі мүмкін.
Төртіншіден, су ағысына кедергі келтіреді. Кейбір жағдайда қабыршақты мұз судың қалыпты ағысына кедергі келтіретін тығыз кластерлер түзуі мүмкін. Ал бұл су жинайтын құрылғылардың тиімділігіне кері әсер етеді.
Бұл себептердің қаншалықты әсері еткені белгісіз, 10 желтоқсанда кешке дейін сумен қамту мәселесі ушығып тұрды. «Атырау облысы су арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Мейірім Қалауидің айтуынша, сол күні жергілікті уақытпен сағат 16:00 шамасында тұтынушыларға су беріле бастаған. Ал сағат 19:00-де құбырдағы қысымды қалпына келтіру аяқталған.
«Су тазарту қондырғыларын жөндеу, тазарту жұмыстары 9 желтоқсан күні кешке басталды. Кәсіпорынның жұмысшылары мен арнайы мекеменің сүңгуірлері ауа райының қолайсыздығына қарамастан үзіліссіз жұмыс істеді. Олар барлық су тазарту қондырғысын мұздан толық тазартты. Қазір кәсіпорынның су тарту құрылғылары штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Судың құрамы тазарған сайын құбырдағы қысым артады», дейді М.Қалауи.
Атырау облысы