Шығыс Қазақстанда «Жол жылы» аясында, яғни 2024 жылы 600 шақырым жол жөнделеді. Аймақта алдымен транзиттік бағыттарға, шекара маңындағы аудандар мен туристер қатынайтын жолдарға баса назар аударылмақ.
Биыл Шығыста 7,7 млрд теңгеге 392 км жол жөнделсе, келер жылы жолдың жағдайын жақсартуға бөлінетін қаржы екі есеге көбейтіліп, 15 млрд теңгеге 600 километр жол жөнделеді. Шығыс Қазақстан облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтің айтуынша, 2024 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 7,7 млрд теңгеге қоса облыстық бюджеттен тағы 7,5 млрд теңге шамасында қаражат бөлініп, облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды орта жөдеуден өткізуге жұмсалмақ.
Бұдан басқа «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қарастырылған, аудандар мен қалалар бюджетінен бөлінетін және жолдарды күтіп ұстауға бөлінетін 13 млрд теңге көлеміндегі қаржыға облыс, аудан көлеміндегі және елді мекендердің жолы орта жөндеуден өтіп, облыста жергілікті жолдарды жөндеуге барлығы 28 млрд теңге ақша жұмсалады. Алдағы жылы әр ауданға 800-900 млн теңге бөлініп, оның жартысына жуығы аудан орталықтарының көшелерін асфальттауға бағытталады.
Облыстағы автокөлік жолдарының жалпы ұзыдығы – 5 265 км. Оның ішінде республикалық маңызы бар жол – 1238 км. Өңірдегі жолдарды, оның ішінде кірме жолдарды жөндеуде жергілікті тұрғындардың жолдардың сапасына қатысты айтылып келе жатқан сыны ескеріліп отыр. Көзделген қаржыны игеру үшін жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындау жұмыстарын мерзімінде жүргізу қажет. Құзырлы ұйымдар жол жөндеу жұмыстарының сапасын бақылап отырмақ.
Облыста жол жөндеу жұмыстары «Жол жылымен» аяқталып қалмақ емес. Автомобиль жолдары комитетімен бірлесіп, 2029 жылға дейін жүзеге асырылатын негізгі басым жобалардың тізбесі әзірленуде. Шығыста жалпы құны 392 млрд теңге болатын ұзындығы 684 шақырым жолды қайта жаңарту және күрделі жөндеуден өткізуге 7 жоба таңдалып отыр.
Бүгінгі күні облыстағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру одан әрі жалғасып жатыр. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы бойынша 27,4 млрд теңге игерілген. Жобаның жалпы құны – 61,4 млрд теңге. 21 көпір тірегінің 11-і орнатылып, 7 көпір тірегінің жұмысы жалғасуда. Көпір аралықтарының 20 металл конструкциясының 14-і Ресейдің Қорған қаласында дайындалып, учаскеге жеткізілген. Олардың алтауы орнатылған. Ел күтіп жүрген көпір келер жылдың аяғында техникалық тұрғыда іске қосылып, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында пайдалануға беріледі.
Облыста республикалық маңызы бар Қалбатау – Майқапшағай автомобиль жолдарын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр (барлығы – 415 км, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 218 км, орындалғаны – 211 км, қалғаны – 7 км). Жолаушылардың төзімін тауысқан Талдықорған – Қалбатау – Өскемен бағыты (барлығы – 454 км, Шығыс Қазақстан облысы бойынша 60 км) бойынша жолдың Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы бөлігі толық жөнделіп біткен. Абай облысы бөлігінде жөндеу жалғасып жатыр. Дегенмен қазір Аягөз, Жарма, Үржар аудандары тұсындағы айналма жолдар алынып, ол жақта да көліктер ішінара асфальт жолмен жүріп жатыр. Бірнеше рет кейінге шегерілген Талдықорған – Қалбатау –Өскемен бағытындағы жол жөндеу жұмыстары түзетілген жоба бойынша келер жылы аяқталуға тиіс.
Бірнеше жылға созылып, салынып бітпей келе жатқан Осинов асуын айналып өтетін Өскемен – Алтай – Рахман қайнары автожолын қайта жаңарту (56-72 км учаскесі) бойынша мердігер болып биылғы сәуір айында «Kurylys Group RK» ЖШС анықталған. Жолды енді осы компания салып шықпақ. Келісімшарт жасалған.
2024 жылға 5 млрд теңге қарастырылған 72-88 км учаскесі бойынша ЖСҚ түзету жалғасуда (ЖСҚ түзетуді аяқтаудың болжамды мерзімі 2024 жылдың шілдесі). Сонымен қатар биыл республикалық маңызы бар Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Рахман қайнары автокөлік жолында орналасқан төрт көпірге күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Көпірлерді жөндеу келер жылы аяқталады.
Шығыс Қазақстан облысы