• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қылмыс 14 Желтоқсан, 2023

Браконьерлер айылын жияр емес

160 рет
көрсетілді

Атыраудағы тамыры терең қылмыстың бірі – браконьерлік. Жыл са­йын көктемде және күзде «Бекіре» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілгенімен, бағалы бекіре тұқымдас балықтарға қырғидай тиетін браконьерлер қатары азаяр емес.

Мәселен, балық шаруашылы­ғы комитеті балық ресурстарын қор­­­ғау және балық аулауды рет­теу бас­­қармасы­ның басшысы Ерасыл Суық­баевтың айтуынша, Эко­логия және табиғи ресурстар, ішкі істер ми­нистрліктері мен Ұлттық қауіп­сіз­дік комитетінің шекара қызметі­мен Жайық-Каспий су айдындарында 1 сә­­уірден 31 мамырға дейін бірлесе өт­кі­­зілген акцияның мақсаты – бекіре және басқа да балық түрлерін сақтау, уыл­дырық шашуы үшін қолайлы жағ­дайды қамтамасыз ету. Көктемгі акция кезінде Жайық-Каспий облыс­аралық бассейндік балық шаруа­шылығы инспекциясының инспекторлары табиғат заңнамасын бұзудың 972 дерегін анықтады. Заң талабын бұзған 669 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Браконьерлікке, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген балық түрлерінің заңсыз айналымына қатыс­ты 36 қылмыстық іс қозғалды. Осы­ған байланысты құқық бұзушыларға 15,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 68 тонна 300 келі балық, оның ішінде 1001 кг бекіре тұқымдас бағалы балық түрлері алынды. Бекіренің 29 кг қара уылдырығы тәркіленді. 295 балық құралы, 76 су көлігі мен 13 автомашина тәркіленді», деді Е.Суықбаев.

Сол кезде Жайық өзенінің арнасы мен Каспий теңізінің акваториясы тазартылып, су айдындарынан ұзындығы 74 шақырымнан асатын 743 заңсыз балық аулау құралы табылған. Құқық және табиғат қорғау органдары әсіресе Атырау облысының Исатай, Жылыой, Құрманғазы аудандарындағы, Дамбы бағыты мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты секілді кримино­ген­дік аймақтарға баса назар аударған.

Аталған акцияның күзгі кезеңі 10 қыркүйек пен 31 қазан аралығын­да өтті. Бұл кезеңде де құқық қор­ғау ор­ган­дарының «қоржыны» бос болмады. Мәселен, полиция депар­таменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 17 қазанда бекіре тұқымдас балық­ты заңсыз сатып, тасымалдады деген күдікпен 48 жастағы тұрғынды ұстады. Тексеру кезінде күдіктінің Дамбы ауы­лындағы тұрғылықты мекенжайынан салмағы 96,3 кг құрайтын 27 бе­кіре тұқымдас балық тәркіленді.

Құрманғазы ауданындағы Шарон өзенінде «Бударка» қайығын тоқта­тылған. Тексеру кезінде қайықтан 18,5 кг бекіре тұқымдас, 8,5 кг қара балық, 2 аңшылық қару табылды. Қайықта Құрманғазы ауданының 1965 және 1968 жылғы тұрғындары болған. Ал 8 қарашада тағы бір күдіктінің үйінен 282,5 кг құрайтын бекіре тұқымдас балықтың 76 данасы табылды. Күдікке ілінген Атырау қаласының 26 жастағы тұрғыны табиғаттың бағалы байлығын сатып, заңсыз пайда таппақ болғаны анықталып отыр. Бірақ бұл әрекетін іске асыра алмады.

Бекіре тұқымдас бағалы балық­тың қорына заңсыз қол сұғу дерегі Махамбет ауданында да тіркелді. Мұн­да 30 жастағы жүргізушінің «Lada Kalina» көлігінен 56,6 кг бекіре тәр­кі­ленді. Ол бағалы балықты заңсыз сатпақ болған.

Жайық-Каспий облысаралық ба­лық шаруашылығы бассейндік инс­пек­циясынан мәлім еткендей, инспек­торлар рейдтік іс-шара кезінде Жайық өзенінің Қызылбалық ауылы маңын­да «Байда» жүрдек қайығын қуып жеткен. Алайда қайықтағылар заңсыз ауланған балықтар салынған екі қап­ты суға лақтырып кеткен. Екі қаптың бірінен ұзындығы 90 метр капрон торы, екіншісінен 12 кг 100 грамм бекіре балығы табылған.

Міне, осындай деректер бра­ко­ньерліктің тамырына оңайлықпен балта шабу оңай емесін байқатып отыр. Өйткені құқық қорғау органдары­ның та­лабына бағынбай, заңсыз бекіре ­аулайтын» браконьерлер айылын жимай жүр.

 

Атырау облысы